Саясат • Бүгін, 09:00

Мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының қыз­­мет­­керлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Салтанатты жиында Пре­зи­дент мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өтті.

Мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемле­кетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіз­дер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміз­дегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалып­тасып, өркендеуіне бірнеше буын өкіл­дері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буын­ның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында 200 мың­нан аса адам жұмыс істейді. Сіздердің табан­ды ең­бектеріңіздің арқасында Қазақ­станы­мыз өр­кендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары ба­ға­лаймын. Бәріңізге шынайы риза­шылы­ғым­ды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өткенін еске салып, биыл да осы сала үшін айтулы жыл екеніне тоқталды.

– Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толды. Шымкент мұнай өңдеу зауытына 40 жыл, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл толып отыр. Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.

ап

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеуге баса мән беретінін айтты.

– Бұл бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан үш ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Соның арқасында біз ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 13 млн-ға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. Қазір бұл бағытта бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар іске асырылуда. Қашағанда жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда. Сондай-ақ біз қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды қолға алдық. Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар ірі жобаны іске қосамыз. Мұның бәрі 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде полиэтилен зауытын ерекше атап өткім келеді. Бұл – шетел инвесторларымен бірге іске асырылып жатқан маңызды жоба. Инвес­тиция көле­мі 7 млрд доллардан асады. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» секілді ірі теңіз кен орындарын игеру басталды. 6 млрд доллардан астам инвести­ция салы­нады. Теңіз плат­фор­­ма­ларының құрылы­сын отан­дық кеме құрас­тырушы кәсіпорын­дар жүр­гі­зеді. Бұл Қазақстанның мұнай-газ сала­сын­дағы үлкен оқиға болмақ. Атал­ған жо­ба­­лардың бәрі энергетикалық әлеуетімізді нығайтып қана қоймай, ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал етеді. Мұның игілігін барша халық көреді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары мемлекет экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын жүйелі түрде тарту жұмысына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.

– Осы ретте жақында өткен Қытайға сапарымды атап өткім келеді. Бұл сапар шын мәнінде өте жемісті болды. Екі елдің арасындағы стратегиялық серіктес­тікке мықты әрі тың серпін берді. Екіжақ­ты келіссөздердің күн тәртібі ауқымд­ы және ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүд­делеріне, ең алдымен, экономика са­ласындағы мүдделеріне тікелей байла­нысты болды. Қытай Халық Республикасы­ның Төрағасы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде мәңгілік достық пен стратегия­лық серіктестік рухындағы жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 млрд доллар болатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылды. Қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Сон­дай-ақ стратегиялық сипаттағы жаңа жо­балар жоспарланған. Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде СNPC компаниясымен жасалған келісім­ді ерекше атап өткім келеді. Жоба құны 1 млрд доллардан асады. Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистралды құбыр құрылысын қаржыландыру бо­йынша Қытай даму банкімен жасалған уағда­лас­тықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 млн долларға жуық. Біз бар­лық халықаралық инвесторлармен ық­пал­дастықты тереңдетуге әрдайым баса мән береміз. Мұнай-газ саласында амери­ка­лық, ресейлік, еуропалық және қытай­лық корпорациялармен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестік – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, әлемдегі мұнай-газ саласы – көптеген мемлекет пен белгілі сарапшылардың жіті бақылауында. Саланың келешегі оның жаһан экономикасының даму перспективасына ықпал етуі тұрғысынан талқыланып жатыр.

– Менің пайымдауымша, көмірсутегі дүние жүзінің энергетика нарығында, сәйкесінше, Қазақстанның энергетика саласында бұрынғыдай басты рөлге ие бола береді. Бірқатар елдің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, балама қуат көзі қажеттілікті толық өтей алмайды. Бұдан бөлек, өнеркәсіпте, соның ішінде электр стансаларының құрылысында көмірді залалсыздандыратын озық технологияны пайдалануға баса мән беру қажет. Қазақстанның энергия балансында көмірдің үлесі 70 пайызға жуық екені мәлім. Еліміз көмір өндіруден 10 ірі елдің қатарына кіреді. Бұл артықшылықтан бас тартпаған жөн. Керісінше, оны тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент отандық мұнай-газ кешенінің алдында технологиялық жаңғыру, атап айтқанда, жасанды интел­лектіні енгізу міндеті тұрғанын жеткізді. Бұл өте өзекті.

– Заманауи технологиялар мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу ісін оңтайландыруға ық­пал ету қажет. Отандық мұнай-газ өнер­кәсібі заманауи үрдістерге сай болуы ке­рек. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды енгізу өте маңыз­ды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән беру керек. Бұған қоса осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру қажет. Себебі жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бізге, ең алдымен, білікті мамандар керек. Білім бағдарламасын жетілдіріп, зерттеу орталықтарын дамытқан жөн. Осы міндеттерді сапалы орындасақ, Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанның қалыптасуына жол ашамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғамдағы еңбек адамының орны туралы пікір білдірді.

– Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз. Мен жыл басынан бері еліміздің әр саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарды арнайы шақырып, марапаттап жатырмын. Мұны халқымыздың сіздерге көрсеткен ыстық ықыласы, шынайы құрметі мен алғысы деп түсінген жөн, – деді Президент.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. 

Соңғы жаңалықтар