Заң • Бүгін, 14:36

Блогер Жанәбілов сотқа тартылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада лотерея операторы емес тұлға арқылы лотерейлік қызметпен айналысу фактісі бойынша блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты іс қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Блогер Жанәбілов сотқа тартылды

Фото: видеодан скрин

2025 жылғы 21 тамызда Туризм және спорт министрлігінің құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитетіне азамат С.-ның өтініші мен Қаржылық мониторинг агенттігінің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша хаттамасы келіп түскен. Аталған лотерея Instagram әлеуметтік желісіндегі «zhanabylov_e» аккаунтында өткізілген.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, Жанәбілов парақшасында жүйелі түрде ақшалай қаражатты, 10 автокөлікті және өзге де бағалы сыйлықтарды ойнатқан. Ойынға қатысу шарттарының бірі - Жанәбіловтің жұбайы басқаратын «Zhana Business» ЖШС-нің «оқыту курстарына» 30 000 теңге төлеу болған. Жеңімпаздар «сәттілік барабаны» құрылғысы арқылы кездейсоқ таңдау әдісімен анықталған, бұл лотерея қызметінің белгілері екені анықталған.

Істі қарау барысында Комитет Жанәбіловты оқыту курстарын сату түріндегі лотереяны заңсыз ұйымдастырып, өткізгені үшін ҚР лотерея туралы заңнамасын бұзды деп тануды және оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрап, сотқа өтініш білдірген.

Ал Жанәбіловтың өкілі жеке қаулы шығаруды және әкімшілік істі тоқтатуды сұрады.

Іс бойынша келесі сот отырысы 2025 жылғы 15 қыркүйекке тағайындалды.