Әлем • Бүгін, 09:02

Бейжің төріндегі қазақ орталығы

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бейжіңде Қазақстанның алғашқы мәдени орталығы ашылды. Бұл – әзірге шетелдегі жалғыз қазақстандық орталық. Салтанатты рәсімге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели, екі елдің дипломаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бейжің төріндегі қазақ орталығы

Орталықтың ашылуы – ұзақ­мерзімді дипломатиялық келіс­сөздің және жоғары дең­гейде қол жеткізілген уағда­лас­тықтың нәтижесі. 2022 жылы ҚХР Төрағасының Астанаға мемлекеттік сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанда тең негізде мәдени орталықтар құру жөнінде келісімге келген болатын.

Жобаның жүзеге асуы екі ел арасындағы мәдени алмасудың маңызды кезеңіне айналып, қазақ мәдениетін халық­аралық аренада танытуға елеулі үлес қоса­ды. Сондай-ақ бастама Қазақстан мен Қытай арасын­дағы мәдени байланыстар мен страте­гия­лық әріптестіктің нығаюына сеп­тігін тигізеді.

Орталық Бейжіңнің беделді ауданында, Қытайдың халықаралық жастар алмасу орталығының бір бөлігі саналатын «ХХІ ғасыр» бизнес-орталығында орналасқан. Орталықтың аумағы – 744 шаршы метр. Қазақстан мәдени орталығы Қытай аудиториясына еліміздің дәстүрін, өнерін, тілі мен тарихын және ұлттық тағамдарын таныстыратын іс-шаралар өтетін алаңға айналады.

пр

Кеңістік бірнеше аймаққа бөлінген, олардың интерак­тивті жабдық­тары Қазақстан мәде­ниетіне барынша терең бойлауға мүмкіндік береді.

Мәдени орталықтың маңыз­ды бөлігі – экспозициялық аймақ. Мұнда жүзден астам тарихи жәдігер қойылған. Олардың қатарында Сақ дәуірі жәдігерлерінің көшірмелері, Есік пен Берел қорғандарынан табылған заттар, сондай-ақ хал­қы­мыздың тұрмыстық бұйым­дары бар. Орталыққа келген көп­шілік домбыра мен қобыз секіл­ді музыкалық аспаптарды, дәстүрлі әйел әшекейлерін, сандық, астау, сырмақты көре алады. Бұл экспонаттар Қытай халқына Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын тереңірек түсінуге көмектеседі.

Сонымен қатар экспозицияда қазақстандық суретшілердің картиналары, ел тарихы мен мәдениетіне арналған сирек кітаптар ұсынылады. Муль­тимедиялық экрандар ар­қылы келушілер жеріміздің табиғи және мәдени көрікті орындары туралы деректі фильм­дер мен бейнематериалдарды интерактивті түрде тамашалай алады.

Орталықтың басты бағыт­тарының бірі – қазақ тілі кабинеті. Мұнда балалар мен ересектерге арналған сабақтар мен тренингтер өтеді.

Музыка және шығар­машылық кабинеттері де орта­лықтың маңызды элементі. Қытайлық қонақтар дәстүрлі қазақ музыкасы жайында біліп қана қоймай, домбыра мен қобызда ойнауды үйрететін шеберлік сабақтарына қатыса алады. Сондай-ақ бұл жерде қазақстандық музыканттар мен әртістер өнер көрсететін концерттер ұйымдастырылады.

про

Әдебиетсүйер қауым үшін орталықта кітапхана мен оқу залы қарастырылған. Мұнда ел а­втор­­ларының түрлі жанр­дағы шы­ғар­малары шет тілдер­де, соның ішін­де қытай тілінде де ұсыныла­ды. Негізгі экспонат­тардың бірі – қазақ­тың ұлы ақыны Абайдың мұра­сы. Кітапхана дәрістер, таныс­ты­рылымдар және әдеби кештер өткізетін орынға айналып, қытай­лық аудиторияның қазақ әде­биеті мен мәдениетіне қызығу­шылығын арттыруға ықпал етеді.

Мәдени орталықтың көп­функ­ционалды алаңдары көрме­лер, ғылыми конференция­лар, дөңгелек үстелдер мен симпозиумдар өткізуге пайдаланылады. Бұл іс-шаралар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтады.

Сондай-ақ орталық аумағын­­да «Сандық» мейрамханасы жұ­мыс істейді, қазақтың ұлттық та­ғам­дарын дайындауда шебер­лік сабақ­тарын өткізеді. Жалпы алған­да, орталық қазақ мәде­ниеті мен тарихын тануға ба­ғыт­тал­ған білім беру және мә­дени жо­баларды дамытатын болады. Онда тек тіл мен өнерді үйре­тіп қана қоймай, сонымен бірге ғылыми зерттеулер мен мәдени дәс­түрлерді таныстыруға арнал­ған кең ауқымды жобалар да жасалады.

Алдағы жартыжылдықта Қазақстан мен Қытайдың жас кәсіп­керлері, ғалымдары, шығар­машылық өкілдері арасын­дағы тәжірибе алмасу жоспар­ланған. Бұл іс-шараны Қытай­дың халықаралық жастар алмасу орталығымен қазақстан­дық тарап бірлесіп ұйымдас­тырмақ. Сондай-ақ Бейжің тіл және мәдениет университеті­мен ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қою, соның негізінде Қазақстан мен Қытай студенттері арасында тұрақты түрде тәжірибе алмасу жоспарланған.

Орталық қазақ киносына, театрына, музыкасына және өнеріне арналған түрлі фестивальдар өткізетін алаңға айналады. Осылайша, Бейжіңдегі мәдени орта­лық елімізді әлемдік аре­нада таныстырудың жаңа көк­жиегін ашып, халықаралық мәде­ни ынтымақтастық стратегия­сындағы маңызды бөлігі болмақ.