
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужиновтың айтуынша, ылғалдың молдығы арқасында дақылдардың шығымы бірдей болып, жоғары өнім алуға жақсы жағдай тудырған.
«Бүгінде астық алаңдарының 486 мың гектары жиналып, 800 мың тоннадай астық бастырылды. Әзірге гектар берекесі 14,5 центнерден айналуда. Ал бұршақ тұқымдастарды (бұршақ пен жасымық) жинау 70%-ға жетті. Қазірдің өзінде 350 мың тоннадай дән алынды», дейді.
Осы жасымық дақылына алыс шетелдерден де сұраныс бар екен. Қазірдің өзінде М.Жұмабаев ауданындағы «СК Агро» ЖШС егіс алқаптарынан жасымықты Түркиядан келген фуралар тиеп кетіп жатқан көрінеді. Жасымық өсірген басқа шаруашылықтардың да биылғы шығымы жоғары. Мысалы, «Шатило и К» шаруашылығы гектарына 18 центнерден алса «Кантемир Агро» мен «Рустикус» ЖШС 20 центнерден өнім алып жатыр. Бүгінге дейін бұршақтектес тұқым өнімдерінің алыс шетелдерге экспортталуы 90 мың тоннаға жеткен. Соның ішінде бұршағы – 35 мың, жасымығы – 55 мың тонна. Дәурен Тоқужиновтың айтуына қарағанда, жасымықты 1 гектарға егу шығыны астықтың 1 гектарға өсірілетін шығынымен бірдей. Алайда жасымықтың нарықтағы бағасы бидайдан 2 есе артық. Сондықтан диқандар оның табыстылығына қызығады.
Үкімет тарапынан жасалған жеңілдетілген несиенің арқасында көктемгі егіске дейін астық алқаптарына барлығы 340 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі орақ науқанына қажетті 58,2 мың тонна дизельді отынды жеңілдетілген 254 теңгемен босатты. Осы жылы шаруалар 38,3 млрд теңгеге 1 395 дана жаңа техника сатып алды. Биылғы орақ науқанына облыс бойынша барлығы 7 мың комбайн шықса, соның 4 мыңы – жоғары сапалы.
Солтүстік Қазақстан облысы