Сұхбат • Бүгін, 08:40

«Жанашыр жобалар ізгілікке бастайды»

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім не ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге қолдау көрсетуді көздейді. Сауапты істе бас болып, асарлатқандардың қатарында «Жомарт жан» республикалық орталығының белсенділері де бар. Осы орайда Сенат депутаты, жоба жетекшісі Евгений Больгертпен сұхбаттасудың сәті түсті.

«Жанашыр жобалар ізгілікке бастайды»

– Евгений Андреевич, жыл сайын өткізіліп жүрген «Мектепке жол» акциясының биыл қандай ерекшелігі бар?

– Акция – жай ғана материалдық көмек емес, бұл әр балаға қоғамның назарын аудару, олар жалғыз емес екенін сезіндіру. «Жомарт жан» орталығы арқылы біз мыңдаған баланың мектепке дайындықпен баруына ықпал етіп келеміз. Биыл да осы бағытта бірқатар өңірде жұмыс жүріп жатыр. Тек мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға рухани демеу беруді де басты мақсат еттік.

Жақында елордалық Достық үйінде «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының және «Ерекше балалар ата-аналарының одағы» РҚБ балаларына жаңа оқу жылына дайындық алдында мате­риал­дық көмек көрсетілді. Қайы­рымдылық акциясы барысын­да 100-ден аса бала мек­теп сөмкелерімен және оқу құрал­дарымен қамтамасыз етілді.

Ал өткен жылы осы бағытта 7 199 оқушы мен 4 544 отбасына жалпы 260 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген еді. Оған қажетті мектеп құрал-жабдықтарын сатып алынып, соның ішінде сөмкелер, кеңсе тауарлары, ноутбуктар, мектеп киімі және тағы басқа дүниелер үлестірілді. Мұндай жанашырлық шара­ларының ауқымы кең. Мәсе­лен, былтыр Қарағанды облы­сындағы екі ауыл мектебін интер­активті тақталармен жаб­дықтап, балғындардың сапалы білім алуына жағдай жасадық. Яғни қайырымдылық тек материалдық көмекпен шектелмейді, бұл білім мен болашаққа салынған инвестиция деуге болады.

Айта кетейік, жаңа ережелерге сай, жекеменшік мектептерде оқитын, бірақ әлеуметтік осал санатқа жататын балалар да акция аясында материалдық көмек алуға құқылы.

– «Жомарт жан» орталық­тарының қызметі туралы кеңірек айтып берсеңіз.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы үшін­ші Ұлттық құрылтайда белгі­лен­ген міндеттеріне сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблея­сы өзінің қа­йырымдылық қыз­метінің тиімділігін артты­ру және оның әлеуметтік ма­ңыз­дылығын нығайту бойынша түрлі шаралар қабылдады. Со­ның бірі ретінде былтыр рес­пуб­лика көлемінде ҚХА-ның «Жомарт жан» қайырымды­лық орталықтары ашылды. Қа­зір­гі уақытта бір республика­лық және 20 өңірлік орта­лық жұмыс істеп тұр. 350-ден аса белсендіміз бар. Олардың қатарын елдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, меценаттар, қайырымды ерік­тілер мен жастар құрайды. Жұмысымыз негізгі төрт бағыт бойынша жүреді: «Жүректен жүрекке», «Мейірім» жобасы, «Қамқор» бағдарламасы және жоғарыда атап өткен «Мектепке жол» акциясы.

«Жүректен жүрекке» жобасы былтыр ел басына түскен қиын сәтте жұдырықтай жұ­мы­лып, жедел әрекет етті. Қар­­­ғын судан зардап шеккен ағайынға 805 млн теңгеден аса қаражатқа 1 700 тоннадан артық гуманитарлық жүк жө­­нелтілді. Қалпына келтіру жұ­­мыстарына Ассамблея­ның 12 мыңнан аса еріктісі атсалысып, бірлік пен жанашырлық­тың үлгісін көрсетті. Сонымен қатар ең осал отбасылар үшін жалпы сомасы 90 млн теңгеге жуық үй сатып алынып, табыс­талды.

Ал «Мейірім» жобасы – әлеуметтік осал топтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастама. Оның аясында 1 320 отбасының және 483 азаматтың шұғыл әлеуметтік мәселелері шешімін тапты. Астана қаласы мен Мақтаарал ауданында көпбалалы отбасыларға баспана кілті табысталып, мыңдаған жанның үміті ақталды.

«Қамқор» бағдарламасы шең­­берінде балаларға арналған ойын, ал жастарға спорт алаң­дары салынып, спорт орта­лық­тары қажетті заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілді. Мәселен, Ақтау қаласын­да қоғамдық орындарға тен­нис үстелдері орнатылса, Атырау­да спорттық жарыстар аясын­да балаларға велосипедтер сый­ға тартылды. Жалпы, был­тыр Ассамблея 1,3 млрд теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетті. 

Биыл «Жомарт жан» орталығының қызметі қайырымдылық бағыттағы кең ауқымды акциялар мен жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Қазіргі уақытта осы және келесі жылға арналған бірқатар жаңа бастамалар дайындалып жатыр. Сонымен қатар, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының да бастамаларына қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, Аналар кеңесі мен Ассамблея жастары секілді ұйымдардың жобалары, сондай-ақ «Жеңіс бірлікте» бағдарламасы аясындағы қайырымдылық және спорттық іс-шаралар іске асырылады.

– Осындай бастамалардың әлеуметтік мақсаттардан тыс тағы қандай маңызы бар?

– Бұл жобалардың ең бас­ты мақсаты – қоғамды бірік­тіру, адамдар арасындағы се­нім мен жанашырлықты кү­шей­ту. Отандастарымыздың ара­сында өзара қолдау мен жа­уап­кершілік мәдениетін нығай­ту­ға септігін тигізу. Біз бір-бі­ріміз­ге көмектесіп үйренсек, қиын жағдайда қалған жанға бейжай қарамасақ, міне, сол – шынайы дамыған қоғамның көрсеткіші. ҚХА-ның «Жомарт жан» базасындағы жобалар­дың негізгі идеясы – тек көмек көрсету емес, ол тәрбиенің, ізгі­ліктің, үміттің рәмізі. Демек ор­талық белгілі бір деңгейде елі­­міздің әлеуметтік саясатын іске асырудағы маңызды тетік­­тердің біріне айналып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»