
Суреттерді түсірген – автор
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны мәлім. Бұл бастама – еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі. Осы орайда біз Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжіне арнайы ат басын бұрып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Мұндағы шәкірттер мен шеберлердің еңбек әлеміне көңіл сүйсінеді.
1978 жылдан бері елімізге қажетті жұмысшы кадрларды үздіксіз даярлаумен айналысатын тәжірибелі оқу орны шаштараз, тамақтандыруды ұйымдастыру, тігін өндірісі, киімдерді үлгілеу, сән және дизайн, туризм, қонақүй сервисі секілді алты бағыт бойынша заманауи стандарттарға сай білім беріп келеді.
Колледж директоры Бақытгүл Кішібаеваның айтуынша, кейінгі жылдардың бедерінде жастардың кәсіптік мамандықтарға қызығушылығы арта түскен. Бұл – қуантарлық үрдіс. Мемлекет тарапынан берілетін «Білім беру гранттары», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» сынды бағдарламалар талапкерлердің жігеріне серпін берген.
«Бүгінде колледжде 960 шәкірт білім алады. Олардың барлығы мемлекет есебінен тегін гранттармен қамтылған. Оларға күніне бір уақыт ыстық тамақ беріледі, жатақхана да қарастырылған. Техникалық және кәсіптік білім беру – тек диплом алу емес, нақты кәсіп иесі атанудың жолы. Шеберлігімен елге қызмет етіп, адал еңбегімен табыс табатын жастардың қатары артқан сайын, қоғам да жаңарып, ұлттық экономиканың іргетасы беки түспек. Өндірістік орындармен тығыз қарым-қатынас орнатып келеміз. Бұл өз кезегінде түлектеріміздің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, әрі сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына жол ашады. Шетелдік кәсіпорындармен арадағы ынтымақтастық – халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік тудырып отыр. Кәсіптік білімді дамыту арқылы біз тек жұмыссыздықты азайтпаймыз, сонымен қатар ел экономикасының нақты секторын білікті мамандармен қамтимыз», дейді Бақытгүл Кішібаева.
Колледж мұғалімдерінің айтуынша, студенттердің көбі оқу бітірмей жатып-ақ тұрақты жұмыс табады. Өйткені қазіргі таңда нарықта білікті жұмысшы тапшы. Ал шеберлігі шыңдалған, кәсібін сүйетін жастарға қашан да жол ашық.
Колледж халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Оқу орны бірнеше шетелдік білім ұйымдарымен және кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол жеткізген. Колледж шәкірттері күні бүгін Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Франция секілді дамыған елдердің үздік қонақүйлері мен мейрамханаларында бас аспаз секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүр. Жоғарыда айтылғандай, елімізде де мұндай мамандық иелері жоғары жалақыға ие. Колледж ұстаздары еліміздегі үздік мейрамханаларда аспаз болып еңбек ететін шәкірттерінің алды айына 1 млн теңгеге дейін жалақы алатынын айтады.
«Біз мектептерге түрлі кездесулерге барамыз. Сол секілді түлектерді колледж қабырғасына шақырып кәсіптік мамандықтардың артықшылығы туралы дәріс өткіземіз, іштегі цехтармен таныстырамыз. Кейінгі жылдары мектеп бітірушілердің жұмысшы мамандықтарға қызығушылығы артқаны байқалады. Мәселен биыл бізге 550 бала оқуға түсті. Студенттеріміз практика мен теорияны қатар меңгеріп, нағыз білікті маманға айналады. Мегаполистегі ірі жұмыс беруші ұйымдармен тығыз байланыс орната отырып, шәкірттеріміздің тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік тудырамыз», дейді арнайы пән оқытушысы Жазира Алмасбаева.
Көптеген мемлекетте мұндай оқу орындарында білім алып жүрген шәкірттер өздері жасап шыққан өнімдерін сату арқылы қыруар пайда табады. Өкініштісі, бізде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Егер осы мәселе заңмен реттелсе, білім ордасы өзін қаржыландыруға жол ашар еді. Шетелдік тәжірибедегі осы тетік ескерілсе дейді мамандар.
АЛМАТЫ