Аймақтар • Бүгін, 07:58

Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 24 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді. Дегенмен білікті медицина мамандарының тапшылығы әлі де өзекті. Өңірде 253 бейінді дәрігер жетіспеушілігі бар. Білікті маман тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын жоғары білімнен кейінгі оқу орындарына дәрігерлерді резидентурада даярлауға жергілікті бюджет есебінен гранттар бөлініп келеді.

Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда

Қазірде 2023–2024 жылдары оқуға түскен 176 резидент Астана, Алматы, Қарағанды, Түркістан қалаларында орналасқан медицина университеттерінде білім алып жүр. Биыл медициналық кадрларды даярлауға 75 грант бөлініп, толық игерілді. Бұл деректерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында берген тапсырмаларын орындау барысы жөніндегі баяндамасында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жариялады. Сонымен қатар брифингте облыс әкімінің орынбасары ауылдық жерлерге барған жас мамандарға 1–1,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, аса тапшы мамандықтар бойынша 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем қарастырылғанын атап өтті. Өңір халқының 83%-ы сақтандырылған, 351 мыңнан астам адам (17%) МӘМС жүйесімен қамтылмаған. Қамтылмағандардың 85 мыңнан астамы – жұмыссыз, әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Жергілікті бюджет есебінен бұл азаматтарды МӘМС-пен қамту жұмыстары жүргізіледі. Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында өңірде ірі медициналық нысандар салынып жатыр. Атап айтқанда, Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді ауру­хана, Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орта­лық құрылысы жүзеге асырылады. Әбу-Даби қорының қар­жы­ландыруымен Түркістан қала­сында жаңа перзентхананың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ сенімгерлік басқа­руға беру жобасымен Сауран ауданында 500 адамға қызмет көрсетуге арналған емхана құрылысы жоспарланған. Аталған ауданның Оранғай ауылында жуырда Конституцияның 30 жылдығы мерекесіне орай 90 орындық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Шұғыла» оңалту орталығы пайдалануға берілді. Оңалту орталығында 3-18 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балалар ем қабылдайды. Орталық 8 бағыт бойынша әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, педагогикалық, мәдени, құқықтық, әлеуметтік-экономи­калық қызмет көрсетеді. Дәл осын­дай орталықтар жыл соңы­на дейін тағы екі қалада ашылады. Сарыағаш, Түркістан қала­ла­рындағы 100 орындық «Аутизм орталықтары» балаларға қызмет жасайтын болады. Айта кетейік, бүгінде облыста 101 405 мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Оның 15 мыңы – балалар мен жасөспірімдер. Олардың ішінде 6 736 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.

спорт

Облыс әкімдігі мен тиісті басқармалар халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бастамаларды кезең-кезеңімен іске асырып келеді. Өңірде жұмыс күші 860 мыңнан астамды құрайды. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны – 380 мыңға жуық. Жұмыссыздар саны 41 569 адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 7,8%-ды құрады.

«Жұмыспен қамту саласында айтарлықтай жетістік бар. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл еліміз бойынша құрылатын жұмыс орындарының 14,5%-ы,
яғни ең жоғарғы көрсеткіш. Жалпы, өңірде жұмыс орындарын құру 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Атап айтқанда, ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орнын құру жос­парланса, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бағдарламасы аясында 22 600-ге жуық жұмыс орны ашылады. Cубсидияланатын жұмыс орындары арқылы 46 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру көзделсе, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары арқылы 57 300-ге жуық азамат жұмыспен қамтылмақ. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында осы жылдың 7 айында 74 630 азамат жұмыспен қамтылды», деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ биыл 32 465 адамды уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына тарту жоспарланған. Бүгінде 24 571 азамат жұмысқа орналасыпты. Одан бөлек, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға бюджеттен қаржы қаралып, 1 800-ге жуық азамат мемлекеттік грант алды. Кедейлік деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар нәтижесінде бүгінде 55 252 адамға АӘК тағайындалып, кедейлік деңгейі 2,6%-ға (өткен жылмен салыстырғанда 1,8%), АӘК алушылардың саны 39 498 адамға немесе 41,7%-ға төмендеді. Биылға АӘК алушылар қатарын 76,2 мың адаммен шектеу, кедей­шілік деңгейін 3,5%-ға дейін төмендету жоспарланған.

– Облыста Президент Жол­дауын іске асыру аясында жұмыс­шы мамандықтарды насихаттау, жастарды еңбекке тарту, білім жүйесін жаңғырту, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру бағыт­тарында нақты қадам жасалып жатыр. Бұл бастама өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, Әділетті Қазақстан құруға маңызды үлес қосып отыр. Өңірде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында да кешенді іс-шара жүргізіліп келеді. Облыс әкімі бекіткен 7 бағыттан тұратын 64 тармақты жоспар аясында кәсіптік білім, жұмысшы мәртебесін көтеру, жастарға кәсіптік бағдар беру, еңбек нарығындағы сұра­нысты қамтамасыз етуге басымдық берілді. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім ұйымдарында 47 мыңнан астам студент 75 мамандық бо­йынша білім алып жатыр. Оның ішінде, 16 500-ден астам студент 38 жұмысшы мамандығы бо­йынша даярланады. 2025–2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік грант бөлініп, оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарына бағытталды, – дейді Б.Тәжібаев.

Сондай-ақ облыстағы 35 колледж 654 кәсіпорынмен 64 мамандық бойынша келісімге келіп, нақты өндірістік тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі жолға қойылған. Жастарды еңбекке баулу мен жұмыспен қамту бағытында ауқымды форумдар мен байқаулар ұйымдастырылып келеді. Мысалы, «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы аясында 100-ге жуық түлек нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 1 500 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен жастар тікелей байланыс орнатты.

«Келешек мектептері» ұлт­тық жо­басы аясында облыста 29 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. 2024–2025 оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мек­теп ашылады. Сонымен қатар өңірдегі 115 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Бүгінде 100 білім ошағы жөндеуден өтті. Білім ошақтары 100% жедел басқару орталығына қосылған. Турникет, дабыл түймесі, күзетпен қамтылу мәселесі то­лық шешімін тапқан. Облыс әкімінің орынбасары, сондай-ақ өңірде алдағы уақытта да халықты әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра отырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындауға басымдық берілетінін мәлімдеді.

 

Түркістан облысы