
Ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясаты комитеті мен Түркістан облысы әкімдігі бірлесе ұйымдастырған байқауға 15 өңірден іріктеуден өткен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Олар үш кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақ тіліндегі көнерген сөздердің мағынасын ашса, екінші кезеңде орыс тілінде еліміздің өңірлері мен ұлттық құндылықтары туралы сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші кезеңде ағылшын тілінде Қазақстанның ұлы тұлғалары мен ұлттық дәстүрлері туралы танымдық тақырыптарды түсіндіріп берді.
Қазылар алқасы құрамындағы үш тілді меңгерген филолог ғалымдар мен түрлі сала мамандары қатысушылардың тілдерді меңгеру деңгейі мен кәсібилігін жоғары бағалады. Байқаудың тартысты өткенін айтып, барлық қатысушыға алғысын білдірді. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Ардақ Нұрғазы (Алматы қаласы), ІІ орынды Нұрхат Бердібек (Қызылорда облысы), ІІІ орынды Рауан Жақсан (Қостанай облысы) мен Дәулетжан Мұханбетқалиев (Орал қаласы) иеленді. Ынталандыру сыйлығы Ринат Бекмұханбетке (Атырау облысы), Сламбек Мұқашев (Алматы облысы), Сұлтан Бердібек (Түркістан облысы), Әлия Жантаева (Ақмола облысы), Мадияр Бейсалыға (Ұлытау облысы) табыс етілді.