Руханият • Кеше

«Табалдырық» – терең сарапты дүние

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжардағы жаңадан ашылған «Мағжан орталығында» С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ақынға арналған «Табалдырықтан басталған азапты жол» атты әдеби кеш өтті.

«Табалдырық» – терең сарапты дүние

«Табалдырық» – Мағжан Жұмабаев Мәскеудегі Жоғары әдеби-көркем институтында оқып жүргенде елдегі әріптестері мен сөз ұстайтын серкелеріне  жазған маңызды хаты. Ақын оны 16 дана етіп қолмен көшіріп, қазақ көшбасшыларына жолдаған. Сол кездегі орыс, батыс әдебиеті мен өнерінің алдыңғы қатарлы ақыл-ой еңбектері, шығармалары, өнерімен терең тыныстап жүрген озық ойлы ақын олардың демократтық бағытын, ой еркіндігін бойына сіңіре отырып, қазақ әдебиетінің ахуалын бағамдайды. «Үлкен мәуелі әдебиеттердің көлеңкесінде талшыбықтай қазақ әдебиеті тыртиып өспей қалмай ма» деп уайым жұтады. Бірақ большевиктердің озбыр саясаты «Табалдырыққа» үрке қарап, шығарманы зиянды деп табады. Қызыл идеологияның уытын бойына дарыта бастаған шы­ғармашыл қазақ жастары да саяси желеуге үн қосады. «Та­бал­дырық» жарияланбай тұр­ған­­да-ақ Мәскеу қаласында оқып жат­қан қазақ арасындағы бел­сен­ділер, Шығыс еңбекшілері ком­мунистік университетінің (КУТВ) жас коммунистері Мағ­жан шығармашылығын тал­қылап, оны коммунистік жас­тар­ды тәрбиелеуде «зиянды» деп таныған болатын. Тіп­ті бұл атүсті шешімдерін «Еңбек­ші қазақ» газетінің 1925 жыл­ғы 14 ақпандағы нөміріне жария­латқан. «Табалдырықтың» бір данасы қолына тиген «Еңбекші қазақ­­тың» жаңа редакторы  Сма­ғұл Сәдуақасов оны газетке жа­рия­лауға күш салады. Алайда, шолақ белсенділердің айғайы жас редактордың талабына кедергі жасайды.

Сонымен қатар «Табал­дырық­тың» бір данасы Қызылжарда шы­ғатын «Бостандық туы» газе­тіне  жетіп талқыланады. Кейін «Мағжан Жұмабаевтың мани­фесі» деп аталған бұл еңбекті қазақ көшбасшыларының көбі қолдап, көрсеткен бағытының дұ­рыстығын мойындаған. Өйт­кені «Табалдырық» – қоғамда күр­делі өзгерістер болып жатқан кезде қазақтың көркем ойы мен ақыл-жүйесінің, әдебиетінің озық санатқа қол жеткізу баспалдағын көрсеткен терең сарапты дүние болатын. Амал бар ма, кеңестік идео­логия шығарманы қабылдамай, ақынды сол үшін жауапқа тартады. Сот кезінде большевиктік идеяға қарсы «М.Жұмабаевтың платформасы» деген кінә тағылады.

Биыл осынау күрделі де қи­сын­ды еңбектің өмірге кел­ге­ніне 100 жыл толып отыр. Орта­­лықта болған әдеби кеште белгілі қаламгер, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов «Табалдырық» туралы терең баяндама жасады. Алдағы уақытта «Табалдырыққа» арнал­ған арнайы конференция өткізу ­жоспарда барын айтты. Сонымен бірге қалалық ардагерлер алқасының төрағасы Жангелді Тәжин, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің магистрі Жазира Көкбас баяндама жасап, ойын ортаға салды.

 

ПЕТРОПАВЛ