
фото:ara24.kz
Облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Әйгерім Мұратованың мәлім етуінше, қазір дағдарыс орталығына 5 әйел мен 11 бала орналастырылған.
«Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен 3232 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Отбасына зорлық-зомбылық көрсететіндерге қатысты 2700-ден аса қорғау нұсқамасы шығарылды. Оның ішінде 700 адамға ерекше талаптар белгіленді», дейді Әйгерім Мұратова.
Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Қылмыстық кодекстерге енгізілген өзгерістерге сәйкес жәбірленуші арыз жазбаса да полиция құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғай алады. Бұл – зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға зор мүмкіндік беретін құқықтық қадам.
«Көп жағдайда құқық бұзушылықтар экономикалық сипатта болады. Мысалы, ер адамдар табысын отбасына бермей, ойын автоматтарына немесе ішімдікке жұмсайды. Психологиялық қысым да кең таралып отыр. Мұндайда әйелге қол көтерілмегенімен, жүйелі түрде тіл тигізу, кемсіту секілді әрекеттер жиі кездеседі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі – алкогольге, құмар ойынға және есірткіге тәуелділік», деп мәлімдеді Әйгерім Мұратова.