Үкімет • Бүгін, 08:58

Жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро өтіп, онда төртінші сессиядағы бірінші жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды

Депутаттарға биылғы 15 сәуірде Ереван қаласында жасал­ған Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтас­тық туралы келісім мен екі ел азаматтарының сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялайтын заң жобаларын қарау ұсынылады.

Көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен, тараптардың аумақтарында орналасқан мемлекеттердің азаматтары туралы мәліметтермен алмасуды, сондай-ақ көші-қон саясаты мәселелері бойынша тәжірибе мен практикалық көмек көрсетуді көздейді. Азаматтардың тұрғылықты жерінің құқықтық жағдайы, көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және заң­сыз көші-қон арналарының жолын кесу мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұл шаралар өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыруға және қос азаматтықпен күресуге бағытталған.

Ал екінші келісім азамат­тардың жүру және болу тәртібіне қатысты. Ол екі ел азаматтарына келісімде көзделген жарамды құжаттардың бірі бойынша мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезден бас­тап 90 тәулікке дейін екінші тарап мемлекетінің аумағына еркін кіру, шығу, транзитпен өту, орын ауыстыру және болу құқығын береді.

Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар жаңа заң жобаларын жұмысқа қабыл­дайды. Олардың қатарын­да «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға ен­гізілетін түзетулер, «2026–2028 жылдарға арналған респуб­лика­лық бюджет туралы» және осы жылдарға арналған респуб­ликалық және облыстық бюджеттер, рес­публикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері ара­сындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобалары, Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе түзетулер, мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқаруға қатысты заңна­малық өзгерістер, сондай-ақ басқа да жобалар бар.