
«Ата заң – бірліктің негізі» деп аталған бұл іс-шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметов құттықтау сөз сөйлеп, облыстың дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірнеше жерлесімізге түрлі марапаттар тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері және өңірдің өркендеуіне қызмет етіп жүрген түрлі сала өкілдері бар. Сонымен қатар көпбалалы аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды. Белсенді әрі бастамашыл жастар да назардан тыс қалмай, Ғ.Нұрмұхамбетов оларға да облыс әкімінің гранттарын табыстады.
«Ата заңымыз тәуелсіз Қазақстанның берік құқықтық негізін қалап, оның саяси, экономикалық және қоғамдық даму бағытын айқындап берді. Осы тарихи құжаттың арқасында бүгінде біз қуатты, тұрақты және халықаралық аренада абыройы биік мемлекетте өмір сүріп отырмыз», деді облыс басшысы.
Тағы бір үлкен іс-шара С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада болды. Мұнда «Ата заң – кемел келешектің кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Онда облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, байланыс саласының ардагері Тілек Әбдірахманов сөйлеп, Ата заңның маңызы туралы пікірін ортаға салды. Соның ішінде 2022 жылғы Ата заңға бүкілхалықтық референдум арқылы енгізілген өзгерістердің бірі – Қазақстанның жері мен оның қойнындағы ресурстары, орман, су қоры халықтікі болғанын атап өтті. Сонымен қатар осы дөңгелек үстелде қалалық №2 соттың судьясы Анар Маманова, Ұлттық ұлан Академиясының ұстазы Наталья Белоусова, армян этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Светлана Малхасян, Қазақстан Халық партиясы облыстық филиалының төрағасы Болат Қожахметов, М.Қозыбаев атындағы облыстық университеттің ұстазы Марина Умрихина пікірін ортаға салды.
Осындай дөңгелек үстел жиынының бірі облыс орталығындағы Достық үйінде «Конституция – әділет пен парасат жолы» деген атаумен өтті. Онда «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов сөйлеп, Ата заңымыз Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерін бейбітшілік, келісім, төзімділік және заңды сыйлау сияқты ортақ құндылықтармен біріктіріп отырғанын жеткізді.
Қала орталығындағы шырқалған ән, дөңгеленген би «Қазақстан Конституциясы» көшесінің бойына жиналған жұртшылықтың жүзінде жылулық ұялатты. Үлкен де, кіші де мерекелік көңіл күйде болды. Концертте өнерпаздар тарапынан құттықтаулар, жылы лебіздер жиі айтылды. Сонымен қатар іс-шара барысында көңіл көтеретін ойындар, викториналар да ойнатылып, жеңіске жеткен жандарға сыйлықтар табысталды.
Солтүстік Қазақстан облысы