Білім • Бүгін, 08:38

Ертіс-Баян өңіріндегі жаңа оқу ордасы

20 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Білім күнін Ертіс-Баян өңірінің мың жарымға жуық оқушысы жаңа мектептерде қарсы алды. Облыс бойынша заманға сай жабдықталған төрт бірдей мектеп бой көтеріп, оқушылар мен мұғалімдердің қуанышын еселей түсті.

Ертіс-Баян өңіріндегі жаңа оқу ордасы

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Павлодардағы алғашқы «Келешек мектебі»

Облыс орталығында «Келешек мек­теп­тері» ұлттық жобасы аясында алғаш­қы білім ұясы есігін айқара ашты. 1200 оқушыға арналған қазақ мектебі қажетті оқу құралдарымен, оқушыларды кәсіптік бейімдеуге арналған арнайы кабинеттермен жабдықталған.

«Келешек мектептері» моделі – еліміз­дегі орта білім сапасын арттырудың стра­тегиялық негізі ретінде ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған, теңдесі жоқ бастама. Ал Павлодардағы «Достық» шағын ауданында іске қосылып отырған жаңа қазақ мектебін бұл төңіректі мекен еткен отбасылар ұзақ күткен. Жаңа ғимарат аумақтағы оқушы тапшылығы мәселесін толыққанды шешіп отыр. 1200 оқушыға шақталған №48 мектепке қазірдің өзінде 1050 бала қабылданып қойыпты. Оқушылар әлі де үзбей келіп жатыр. Мектептегі барлық оқу кабинет­тері қажетті жиһаздармен, оқуға қажетті құрал­дармен жабдықталған, әсем безен­дірілген ғимарат іші балалардың білім алуға деген ынтасын арттыра түсетін­дей. Биыл мұнда тек қана бірінші сыныпқа 164 бала келген.

Заманауи білім ғимаратының ашылу салтанатына арнайы қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, Мемлекет басшысының бас­тамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында еліміз бойынша 460 мың орынға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынып жатыр. 1 қыркүйекте 130 мектеп оқушылар игілігіне тапсырылды.

«Келешек мектептерінің» тең жартысы ауылдық жерлерде бой көтеріп жатыр. Ұлттық жобаның көздейтін межесі – заманға сай жабдықталған мек­теп­тер арқылы әлемдік бәсекеге қабі­летті ұлт келешектерін тәрбиелеу. Бұған қоса Мемлекет басшысының орта білім саласында тең мүмкіндіктер құру туралы тапсырмасының орындалып жатқанының оң көрінісі деуге болады. Себебі барлық мектеп бір үлгіде, тіпті ішкі әрленуі, безендірілуі бір қалыпта. Елімізде білім сапасын арттыруға бағытталған кең ауқымды жұмыс жүріп жатыр. ЖИ-ді білім саласына енгізуді бастап кеттік. Бұл үшін алғашқы бетте 180 мың педагог арнайы дайындықтан өтті. Оқушылар үшін арнайы білім платформасы әзірленді. ЖИ мектептегі білім сапасын арттыруға негіз болуы керек. Бұл тарапта ата-аналар үшін де арнайы курстар ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, ЖИ-ді күнделікті білім саласында пайдаланудың жоғары мәдениетін қалыптастыруымыз керек», деді министр.

Мамандар қабырғадағы жазу мен сурет те білім сапасына әсер ететінін анық­таған. Сондықтан алдағы үш жыл ішінде еліміздегі барлық мектептің ішкі безен­дірілуі теңестіріледі. Оқу-ағарту министрлігі бұл тұрғыда барлық мектептің жұмысына араласып, әдістемелік және мазмұндық жағынан жетілдіруге тікелей көмектеседі. Бұған қоса, елімізде 1231 мектепті қамтитын реновациялау бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Үш жылға есептелген бұл бағдарлама аясында күрделі жөндеу, кітапханалар мен асханаларды жаңарту, спорт залдарын қайта құру, заманауи ортақ кеңістіктер құру және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау көзделген. Сондай-ақ ата-аналардың білім-тәрбие беру бағытындағы түсініктерін трансфор­мациялауға мән беріледі. Яғни ата-ана бастауыш, орта және жоғары сыныптарда оқитын балаларына жас ерекшелігіне қарай қандай тәрбие беруі керектігі тура­лы тұжырымдарды үйренеді.

«Павлодар облысы билігінің білім саласына деген айрықша қамқор­лығы байқалып отыр. Әсіресе шағын жинақ­ты мектептерге оң көзқарас бар. Өңір­дегі ауылдық жерлерде 200-ге жуық шағын жинақты мектеп тіркелсе, солар­дың барлығын жаңарту көзделіп отыр. Биыл ауылдық мектептерді заманға сай жаңар­туға 12 млрд теңге бөлініп, әр мектепте шамамен 300–500 млн теңгеден қарастырылыпты. Бұл – ауылдарымыздың сақталып қалуына, ауыл мектептеріндегі білім саласын арттыруға үлкен көмек. Ендігі жерде ауыл педагогтерінің білім деңгейін көтеруге көңіл бөлеміз. Бала қай өңірде, қай елді мекенде, қай мектепте оқыса да, сапалы білімге қол жеткізуі керек. Мемлекет басшысының қойып отырған тапсырмасы да осы», деп қосты Ғани Бейсембаев.

Облыс әкімі Асайын Байханов заманауи мектеп жаңадан салынып жат­қан «Достық» шағын ауданының өркен­деуіне түрткі болатын әлеуметтік баста­малардың бірі екенін жеткізді. Айтуын­ша, аумақтағы инфрақұрылым қар­қын­ды дамып келеді. Бұған дейін ауданда көпқабатты 15 әлеуметтік тұрғын үй тапсырылып, 5 мыңнан астам отбасы бас­паналы болған. Алдағы уақытта аумақта 240 сәбиге арналған балабақша, емхана, балаларға арналған көптеген ойын және спорт алаңын тұрғызу жос­пар­ланған.

«Достықта» бұған қоса жабық мұз айдынын, бір жарым мың көрермен сыятын конгрес-холл, бес мың адамға лайықталған, бассейні бар спорт кешенін тұрғызу көзделген. Бұл жобалардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалардың жалғасы», деді өңір басшысы.

№48 орта мектеп үш қабаттан, 10 блоктан тұрады. Бірінші блокта оқушыларға кәсіптік бағдар беруге арналған кабинеттер орналасқан. Ғимаратта екі спорттық зал, 245 орындық асхана бар. Мектеп директоры Айнұр Бекбаеваның сөзінше, «Достық» шағын ауданындағы балаларды есептемегенде, жақын жердегі №21 мектептен 500 оқушы ауысып келіпті. Аталған мектептегі қазақтілді сыныптарға сабақ беретін педагогтер құрамы да жаңа білім ұясына ауысып жатыр. Мектеп әкімшілігі толассыз келіп жатқан оқушылар санына қарап, бола­шақта мұнда білім алатындар саны 1500-ге жетіп қалуы ықтимал екенін айтады.

Ата-аналар аталған қазақ мектебін бірнеше жылдан бері күткендерін жеткізді. Толғанай Нұрділдәбекова үл­кен баласы биыл 3-сыныпқа барғанын, бұған дейін №21 мектепте оқығанын баян етті.

«Ол мектеп ескі әрі тар еді. Енді дәл үйіміздің жанында қазақ балаларына арналған мынадай зәулім әрі кең білім ұясының бой көтергеніне қуаныштымыз. Мұндай жағдай жасап жатқан мемлекет басшылығына, өңірдің білім саласына жауапты азаматтарға алғысымыз шексіз. Енді біз, ата-аналар, бұл мектепке тілекші болып, үйде балаларымыздың тәрбиесіне бұрынғыдан да көбірек мән береміз деп ойлаймын», дейді ол.

Қазіргі уақытта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша Павлодар қаласында 600 оқушыға арналған тағы бір жаңа мектеп салынып жатыр. Оның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп көзделген.

 

Үш ауылдағы қуаныш

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ертіс-Баян өңірінің үш бірдей ауылында жаңа мектептер бой көтерді. Олар Аққулы ауданының Тілектес ауылында, Ертіс ауданының Бұланбай ауылында, Павлодар ауданының Бірлік ауылында ашылып отыр.

Тілектес ауылындағы аядай ғана ескі мектептің ғимараты апаттық жағдайда деп танылып, облыс әкімі Асайын Байханов жергілікті жұртпен кездесуде жаңа білім ошағын салып береміз деп уәде еткен. Айтқандай, жаңа мектеп небәрі бес ай мерзімде тұрғызылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемде балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – әрқашан біздің мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі», деген еді. Ауыл балаларының әлеуетін өсіру, олардың заманға сай мектептерде білім алуына қол жеткізу біз үшін іргелі мақсаттардың бірі болып қала береді. Тілектес ауы­лы адамдарының өтініші аз уақыт ішінде орындалғанына қуаныштымын. Келешекте осы мектептен білімімен әлемді мойындатар азаматтар түлеп ұша бер­сін», деді өңір басшысы мектептің ашылу салтанатында.

Мұндай зәулім әрі заманға сай білім ұясы ауыл оқушылары үшін көп жылдан бері арман еді. Химия, физика, информатика кабинеттері озық құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектеп 90 оқушыға лайықталып салынғанымен, жаңа оқу жылында әзірше 52 бала білім алатын болады.

«Мектеп жанынан 20 балаға арналған шағын орталық та ашылып жатыр, онда 10 бала тәрбиеленеді. Бұл жерде жүз жыл бұрын алғашқы бастауыш мектептер құрылған. Енді сол жаңарып, қуанышымызды еселеп отыр. Инвестор компания барлық оқушымызға мектепке арналған және спорттық киімдерін сыйға тартты», деп атап өтті Тілектес орта мектебінің директоры Айнұр Бекбауова.

Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлшат Батталова оқу орны өз тарихында алғаш рет жаңа спорттық залға ие болып отырғанын жеткізді. Бұған дейін балалар жазда далада, қыста тар кабинеттерде дене­­шы­нықтыру сабағын оқып келген. «Мемлекет басшысы мектеп бағдар­ламасына жасанды интеллектіні енгізу туралы тапсырма берді. Енді Тілектес мектебі ауданымыз бойынша ЖИ енгізілген алғашқы қанатқақты білім ұясы болады. Себебі мұнда ақпараттық құралдар, соның ішінде ЗD принтер қойылған», деді ол.

Ауыл тұрғыны Руслан Мусин мұндай кең әрі жарық мектеп ауыл балаларының білімге деген құлшынысын арттыратынын, алдағы уақытта жас отбасылардың тұрақтап қалуына мүмкіндік беретінін айтты.

Білім күні қарсаңында Ертіс ауда­нының Бұланбай ауылында да жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биылғы қаңтар айында мұндағы ескі мектеп ғима­ратында өрт шығып, нысан толы­ғымен жанып кеткен еді. Жаңадан салынған мектептің жалпы ауданы – 241,1 шаршы метр. Алты оқу кабинеті, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мектепалды даярлық, компьютерлік сынып, спорт және мәжіліс залы, асхана орналасқан. Биыл мұнда 20 бала білім алады. Білім үдерісін 11 педагог қамтамасыз етеді. Ғимарат екі айдың ішінде салынып, жаңа оқу жылының басталуына толықтай да­йын болды.

Ауыл тұрғындары жаңа мектеп үшін жүрекжарды алғыстарын білдірді.

«Мектеп өртеніп кеткенде, бәріміз ауылдың болашағына алаңдадық. Өйт­кені келешегіміз тікелей мектеппен бай­ла­нысты. Біз үшін мектеп – ауылдың жүрегі. Балаларымыз көрші ауылдарға кетуге мәжбүр бола ма деп қорықтық. Әкім жаңа мектеп салуға уәде беріп, сөзінде тұрды. Бүгін балалар жаңа сыныптарға кіріп, көңіліміз жайланды», дейді көпбалалы ана Бекзат Қымбат.

Ал Бірлік ауылында 40 жылдан астам уақыт мектеп болмаған. Елді мекен­нің жүзге жуық баласы күн са­йын респу­б­ли­калық трасса арқылы Заря ауылына қатынап, төрт ауысыммен оқуға мәжбүр болып келген. Ата-аналар бала­ларының қауіпсіздігіне алаңдады. Оқу­шы­лар үйірмелер мен секцияларға да бара алмады. Ауыл тұрғындары мек­теп салу мәселесін бірнеше мәрте көтер­ген еді.

Жаңадан ашылған білім ұясы 120 оқушыға арналған, ғимараттың жалпы ауданы бір мың шаршы метрден асады. Мұнда 14 кабинет, оның ішінде информатика, химия және биология пәндері бойынша мамандандырылған кабинеттер жабдықталған, заманауи спорт залы, шеберхана, кітапхана, 48 орындық мәжіліс залы, асхана және медициналық кабинет бар. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін 40 орындық шағын орталық ашылды.

Облыс әкімі Бірлік ауылындағы жоба офтейк-келісімшарт жүйесі бойын­ша іске асырылғанын атап өтті. Яғни кәсіп­кердің өз қаражаты есебінен салынып, мемлекет дайын ғимаратты сатып алды. Бұл механизм апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуде басқа аудандарда да тиімділігін көрсеткен.

 

Павлодар облысы