Мектеп • Бүгін, 08:35

Тоғыз білім ошағы есігін ашты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылында Алматы облысында 9 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Олардың барлығы ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Соның бірі Жамбыл ауданындағы Қарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекшіарал ауылында 600 орындық мектептің ашылуы тұрғындар қуанышын арнасынан асырды. Білім ордасы Сарыбай би мен Еңбекшіарал ауылындағы үшауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында салынған.

Тоғыз білім ошағы есігін ашты

«Бұл – ауыл ғана емес, ауданымыз үшін үлкен қуаныш. Орын саны 4,5 мыңға көбейіп, үшауысымды мектеп саны 9-дан 3-ке кеміді. Биылдың өзінде «Келешек мектептері» бағдар­ла­масы аясында 3 мектеп іске қо­сылып отыр. Бұл – өскелең ұр­пақ­­қа жасалған қамқорлық, ел ерте­ңіне салынған инвестиция», деп атап өтті аудан әкімі Нұрлан Ертас.

Жаңа мектепке 430 оқушы қабылданса, олардың ішінде 26 балдырған мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Білім ошағы заманауи талаптарға сай жаб­дықталған. Кең де жарық сынып кабинеттері мен спорт және еңбекке, өнерге баулитын арнайы залдар қажетті құралдармен жабдықталып, оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалған.

Сондай-ақ Іле ауданына қарасты Мұхамеджан Түймебаев ауылында 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл нысан «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеріп, партияның тікелей бақылауында болған.

«Партия апатты және үшауы­сым­ды мектептерді жоюды міндет етіп қойды. Екі жыл бұрын облыста мұндай 52 мектеп болған. Бүгінгі мектептің ашылуы – сол уәденің орындалғанының дәлелі. Ол – Жол картасында белгіленген 63 нысанның бірі. Мұнда «STEM» зертханасы, роботтехника кабинеті, спорт және шығармашылық сыныптар жабдықталған», деп атап өтті облыстық филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Көбентаев.

Жаңа оқу жылында Еңбекші­қазақ ауданына қарасты Төле би ауылында да 450 орындық жаңа мектеп ашылды. Оның құрылысы қаржыландыру тапшылығына байланысты төрт жылға жуық уақытқа созылып кеткен еді. Осы уақыт аралығында 600-ден астам оқушы тар әрі жарты ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта білім алуға мәжбүр болды.

Жобаның аяқталуына «Amanat» партиясы тікелей араласты. Партия бастамасымен облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, фракция депутаттары құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстады. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы орындалып, жаңа мектеп өз есігін айқара ашты.

Айта кетейік, білім инфра­құрылымын дамыту – «Amanat» партиясының басты басым­дық­та­рының бірі. Жаңа мектептердің ашылуы үшауысымды оқытуды азайтып қана қоймай, мұғалімдер үшін тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге, сондай-ақ мыңдаған оқушыға заманауи әрі қауіпсіз жағдайда білім алуға мүмкіндік береді.

«Бүгін облысымыздағы 491 мектеп есігін айқара ашып, 362 мыңнан аса оқушы оқу жылын бастады. Осы оқу жылында 1-сыныптың өзіне ғана 35 500 бала қабылданып отыр. Бұл барлық бала санының 10 пайызын құрайды және өңірде бала санының қарқынды өсіп отырғанын көрсетеді», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Арайлым Ақсубайқызы.

 

Алматы облысы