Шымкент • Бүгін, 08:08

Ұлттық жобаның игілігі

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

1 қыркүйек – Білім күні мерекесін­де Шымкентте бірнеше мектеп­тің ашылу салтанаты өтті. Со­лар­дың ішінде қаланың Қаратау ­ауданы әкімдігіне қарасты Таскен тұрғын алабындағы №151 жалпы орта мектебін ерекше атауға болады. Бұл білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.

Ұлттық жобаның игілігі

Шағын аудан тұрғындарына керемет тарту болған заманауи білім ұясының ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жиналған жұртшылықты Білім күні мерекесімен құттықтады.

Шаһар басшысы өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан «Келешек мектептері» жобасының маңызы жөнінде атап өтті. Сондай-ақ жаңа білім ошағы Таскен тұр­ғындарына көптен күткен үлкен қуаныш екенін айтты.

«Білім алу – әрбір азаматтың парызы. Қоғамның дамуы біліммен өлше­не­ді. Өркениет көші­нен қалмаймыз десек, бі­лім­ге ұмтылуы­мыз керек. Қазақ «Білім­ді­нің күні жарық» деп бекер айтпаған. Осы орайда мемле­кет білім саласын дамы­ту­ға барынша көңіл бөліп отыр. Соның ішін­де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мек­тептері» жобасын атап өтуге бо­ла­ды. Оның басты артықшылығы – мұн­да оқушыларға бар жағдай жасалған. Толық материалдық-техникалық базамен жаб­дықталған. Бүгінгі заман тілімен айтсақ, «Келешек мектептерінде» балаларға сапалы білім беруге эргономикалық білім кеңістігі жасалған. Сонымен бірге жаңа білім ұяла­рының басқа да артықшылықтары туралы сөз қозғасақ, біріншіден, бұл мектептер типтік жобаларға қарағанда 15–20 пайызға кең болып келеді, ал техникалық жарақтануы жағынан «Келешек мектептері» төрт есеге жоғары тұрады. Осының барлығы айналып келгенде ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мектепте қауіпсіздік жүйелері де назарға алынған. Өйткені қазіргі қоғамда бала қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мектепте балаға ұстаздар жауапты болғандықтан, мемлекет қауіпсіздік шарасын барынша күшейтіп отыр. «Келешек мектептерінде» қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында. Сондықтан баланың өмірі мен оның денсаулығына қай кезде де ерекше мән берілуі керек. Бұдан бөлек, оқушыларды сапалы білімге қолжеткізу мақсатында тек мектеп құрылысы ғана емес, өзге де кешенді іс-шаралар қолға алынып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Президент тапсырмасына сәйкес кейінгі жылдары қалада зама­науи үлгіде 2 Оқушылар сарайы салынды. Соның нәтижесінде Оқушылар сарайы­ның саны үшеуге жетіп, мектепте білім алып жатқандардың 95 пайы­зы бүгінгі таңда қо­сымша біліммен қам­тылды. Осының өзі – үлкен жетістік. Ал жаңа оқу жылында пайдалануға беріл­ген «Келешек мектептерінен» білімге құштар, адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, отаншыл әрі адал азаматтар өсіп шығарына сенім мол», деді шаһар басшысы Ғ.Сыздықбеков.

а

Сонымен бірге Білім күні аясында мега­полистегі Тельман шағын ауданында жаңадан салынған №152 жалпы орта мектеп есігін айқара ашты. Атал­ған білім ұясының салтанатты ашылу рәсі­міне қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, барша ұстаз бен ата-ана қауымын, шәкірттерді жаңа оқу жылы­мен құттықтады.

«Түрлі пәндік байқауда өрен­деріміз жоғары нәтижелер көр­сетіп, Шымкент мәртебесін абыроймен қор­ғап жүр. Бұл – саналы тәрбие мен сапалы білімнің беріп жатқан жемісі. Президент тапсырмасына орай білім саласына жыл­дан-жылға ерекше көңіл бөлініп келеді. Со­ның нәтижесінде шаһарда жаңадан білім ошақтары бой көтеріп жатыр және оның саны демографиялық өсімге қарай ұлғая береді. Жаңа мектептер құрылысы мен же­кеменшік білім ұяларының арқасын­да Шымкентте апатты және үшауысым­ды мектеп мәселесі түбегейлі шешілді. Осы­ның өзі әлеуметтік проблеманың қоғамда бір­те-бірте азайып келе жатқа­нын байқ­ата­ды. Бала – болашағымыз. Олар­ға салынған инвестиция қашанда өзін ақ­тай­ды. Инвестиция дегеніміз – бірінші кезек­те сапалы білім. Ал сапалы білімге қол жет­­кізу үшін алдымен материалдық-техника­­лық база, инфрақұрылым мықты болу керек. Осынау мақсатқа жету үшін шаһарда жыл сайын жаңадан білім ошақтары бой көте­ріп келеді. Оның барлығы соңғы үлгідегі оқы­ту құралдарымен жабдықталған. Білімсіз мемлекеттің болашағы жоқ. Сондықтан осы тірліктің бәрі де жарқын келешек үшін атқарылып жатыр», деді С.Құранбек.

Мектеп директорының міндетін ат­қарушы Гүлжанар Құдайбер­ге­нова­ның мәліметінше, жаңа мектепке 650 бала қа­былданды. «Білім ордасы жалпы 1200 балаға арналған. Салтанатты ашылу іс-шарасы барысында қала әкімінің орын­басары, арда­гер ұстаздар, жалпы көп­шілік жаңа мектеп­тің кабинеттерін ара­лап, тыныс-тіршілігі­мен танысты. Жаңа­дан ­бой көтерген білім ошағында оқушы­лар­дың сапалы білім ­алуына барлық жағдай жасалған», деді журналистерге берген сұхбатында директор міндетін атқарушы Г.Құдайбергенова.

Жалпы, Шымкентте биылғы оқу жылында 28 мыңға жуық балдырған мектеп табалдырығын аттады. Қалалық білім бас­қармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, ша­һарда кейінгі екі жылда 39 жаңа мектеп пай­далануға берілді. Ұлттық жоба аясында қосымша 12 мектеп салынды. Ең бастысы, мегаполисте білім саласына ұдайы назар аударылып келеді. Президент тапсырма­сын орындау нәтижесінде Шымқалада жоға­ры­да атап өткендей, заманауи үлгідегі жаңа мектептер пайдалануға беріле бас­тады. Одан бөлек, білім басқармасы педагогтер­дің кәсіби біліктілігін шыңдауға да ерекше ден қойған. Білікті ұстаздардың арқасын­да оқушылар арасында білім сапасы да артып келеді. Мектеп құрылысымен бірге білім саласында ең алдымен инфрақұры­лым мәселесі жақсара түскенін айтады ма­мандар. Біліммен қоса педагогтер балалар­дың тәрбиесі мен қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Осы бағытта бүгінгі таңда қала мектептерінде көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде бірінші кезекте барлық білім ошағында бақылау камералары орнатылып, жергілікті полиция департаментінің арнайы мониторинг қызметіне қосылды. Қысқасы, оқушылардың алаңсыз білім алуына мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Оқушылар енді ешнәрсеге алаңдамай, білімге ғана ұмтылуы керек.

Қалалық білім басқармасы таратқан мә­ліметке сәйкес педагогтер әр үш жыл сайын­ біліктілік құзыреттіліктерін арттырып тұ­рады. Және олардың саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Ұстаздар шеберліктерін «Өрлеу» ұйымында, Назарбаев зияткерлік мектебінде арнайы курс оқу арқылы шыңдайды. Сонымен бірге Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығында, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтында тәжірибелерін молайтады. Жыл басынан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен 6502 педагог біліктілікті арттыру курсынан өткен екен.

Одан бөлек, оқушылардың білім деңгейі «PISA» бағдарламасы мен білім алу­шылардың білім жетістіктеріне мони­торинг жүйесі арқылы өлшенеді. Осы атал­ған бағалау тетіктері 4 және 9-сынып оқушыларының білімдерін анық­тауға мүмкіндік береді. Зерттеулер қоры­тындысында кейінгі үш жылда мектептегі білім сапасы 56 пайыздан 59 пайызға өскен. Мұндай қорытынды оқушылардың білім деңгейін анықтау тетіктері арқылы шығарылып отыр. Яғни Шымкентте оқушылардың білім сауаттылығы жыл өткен сайын артып келеді деген сөз.

«PISA» – оқушылардың білім жетіс­тіктерін бағалаудың халықаралық бағдар­ламасы. Аталған зерттеу қызметі 15 жас­тағы оқушылардың математика, оқу сауат­тылығы және жаратылыстану ғылымдары сала­ларындағы алған білімдерін өмірлік жағ­дай­ларда қолдана алу қабілетін анық­тауды көздейді.

Қалалық білім басқармасы маман­дары­ның айтуынша, 2024–2025 оқу жылында 15 639 оқушы мектеп бітірді. Олардың ішінде 650 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 1 115 оқушы «Үздік аттестат» алды. Биыл оқуын тәмамдаған оқушылар арасында «Алтын белгі» иегерлерінің саны 41 пайызға, ал «Үздік аттестат» алғандар үлесі 21 пайызға артқан.