
Неге бұлай? Әбілқасымова түсіндіргендей, қазір дүкендерде тауардың бәрін бөліп төлеуге алуға болады. Бірақ тауар құнын бірден төлейтіндер көбіне артық шығынға түсіп жатады.
«Негізінде бүкіл тауарлар бөліп төлеумен сатылатындықтан, бірден төлейтін сатып алушы үшін тауардың бағасы жүз пайызды құрайды. Ол үшін баға іс жүзінде қымбаттап отыр. Сондықтан екі баға болуы керек», дейді ол.
Оның айтуынша, бөліп төлеу банк арқылы рәсімделетіндіктен, ол несие санатына жатады. Яғни, сатып алушы тауарды бірден алғандағы баға мен бөліп төлеудегі қосымша үстемені анық білуге тиіс.
«Егер ол тауарды бірден алса – бір баға, ал бөліп төлеумен алса, оған қосымша қанша үстеме қосылғанын білуі тиіс. Дәл сол сияқты, несие алғанда да ол өзінің пайыздық мөлшерлемесін және жалпы артық төлемін нақты сомамен біледі», деп түсіндірді агенттік басшысы.
Қазір Қаржы нарығын реттеу агенттігі басқа мемлекеттік органдармен бірге осы дифференциалды баға жүйесін енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл қадам, біріншіден, тұтынушыны дұрыс ақпараттандыруға, екіншіден, жасырын үстемелерді болдырмауға көмектеспек.