Саясат • Бүгін, 15:20

Солтүстік Корея ядролық қарудан неге бас тартпай отыр

70 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2018 жылы Сингапурда өткен Дональд Трамп пен Ким Чен Ын арасындағы тарихи саммит сол кезеңде бүкіл әлемге үміт сыйлаған болатын. Кездесуден кейін тараптар Корея түбегін ядролық қарусыздандыруға бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Әлемдік ақпарат құралдары бұл сәтті «дүрдараздықтан диалогқа бетбұрыс» деп бағалады. Алайда араға жеті жыл салып, бұл құжаттың тек қағаз жүзінде қалғаны айқындалды. Солтүстік Корея ядролық арсеналдан бас тартуға дайын еместігін ғана емес, оны барынша нығайтуға талпынып отырғанын бүгінгі ахуал көрсетіп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Солтүстік Корея ядролық қарудан неге бас тартпай отыр

Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартпауын түсіндіретін басты себеп – биліктің өзін сақтап қалуға деген ұмтылысы. Авторитарлық құрылымда тұрақтылық ұғымы көбіне қауіпсіздік кепілдігімен өлшенетіні белгілі. Ким Чен Ын басқарып отырған әулеттік режим үшін ядролық арсенал – халықаралық сахнада мойындата алатын жалғыз пәрменді тетік. Пхеньянның логикасында бұл қару – саяси «сақтандыру құжаты», яғни сыртқы қысым мен ықтимал интервенциядан қорғап қалатын қалқан іспетті. ХХІ ғасырдағы геосаясатта Ирак пен Ливияның тағдыры осы түсінікті бекемдеді: Саддам Хусейн де, Муаммар Каддафи де ядролық бағдарламасынан бас тартқаннан кейін сыртқы әскери қысымға төтеп бере алмады. Осы оқиғаларды жіті бақылаған Солтүстік Корея басшылығы үшін қарусыздану – қарудан айырылу ғана емес, тұтас саяси жүйені күйретумен тең қадам болып көрінеді.

Әлемдік тәжірибеде ядролық қарусызданудың оң үлгілері бар. Қазақстан өз аумағындағы әлемдегі төртінші ірі арсеналдан ерікті түрде бас тартып, жаһандық қауіпсіздікке үлгі көрсетті. Бұл шешім елімізді халықаралық қолдауға жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде де ядролық қарудан азат әлем құру идеясын тұрақты көтеріп келеді. Қазақстанның ұстанымы айқын: сенім мен дипломатия ғана тұрақтылықтың кепілі. Бірақ Солтүстік Корея мұндай кепілдікке сенбейді.

2025 жылы бұл тақырыптың өзектілігі айқындала түсті. Себептері де бірнешеу. Ең алдымен, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс халықаралық жүйені шайқалтып, жаңа одақтасулардың пайда болуына түрткі болды. Солтүстік Корея осы жағдайда Мәскеумен жақындасу арқылы өз ықпалын арттыруға тырысып жатыр. Бұдан бөлек, Азиядағы қауіпсіздік кеңістігі ядролық қарудың сақталуы салдарынан теңгерімін жоғалтты. Ал жаһандық деңгейде күштер тепе-теңдігі енді бұрынғыдай тек алып державалардың әрекетіне ғана емес, Солтүстік Корея секілді орта деңгейлі мемлекеттердің ұстанымына да тәуелді болып барады. Ресей–Украина қақтығысы басталғалы Пхеньян Мәскеумен стратегиялық әріптестікті күшейтті. «The Washington Post» жазғандай, соңғы жылдары Солтүстік Корея Ресейден гипердыбыстық зымыран жүйелері мен барлау дрондары секілді технологиялық қолдау алып, ядролық бағдарламасын жылдамдатты. Guardian-ның пікірінше, «2018 жылғы дипломатиялық үміттер толық сөнді, ал оның Ресеймен ынтымақтастығы Пхеньянды келіссөздерден алыстата түсті». Ал Reuters дерегіне сәйкес, АҚШ пен Қытай ядролық қарусыздану бойынша жаңа келіссөздер жүргізу қажеттігін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Халықаралық сарапшылардың да пікірі алаңдатарлық.

Лондондағы King’s College профессоры Роберт Келлидің айтуынша, «ядролық арсеналдан бас тарту Ким режімінің өз қолымен өзін әлсіретуі болар еді, сондықтан Пхеньян ешқашан бұл қадамға бармайды».

Ал Сеулдегі Korea Institute of Security зерттеу орталығының сарапшысы Пак Сон Хо: «Солтүстік Корея ядролық қаруды тек қорғаныс құралы емес, саудаға салынатын стратегиялық актив ретінде қарастырады. Ресеймен байланыс оның қолындағы картаны күшейтіп берді» дейді.

«The New York Times» соңғы талдауында:

«Корея түбегіндегі ядролық шиеленіс енді тек аймақтық емес, жаһандық қауіпсіздікке ықпал ететін басты факторға айналды. Ресей–Украина соғысы Солтүстік Кореяға жаңа серіктестік ашты, бұл әлемдік тепе-теңдікті күрделендіріп отыр» деп жазды.

Демек, 2018 жылғы Сингапур саммитінде пайда болған үміттердің бүгінгі таңда шынайы саясатпен алмастырылғаны анық. Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартпай отырған себебін түсіну – бұрынғыдан да өзекті. Өйткені бұл мәселе тек Пхеньянның ғана емес, тұтас әлемнің бейбітшілігіне қатысты. Қазақстан ядролық қарусызданудың тарихи үлгісін көрсеткенімен, Солтүстік Корея үшін бұл жол әзірге алыс. Сондықтан Корея түбегіндегі түйткілді шешу үшін санкциялардан гөрі сенім шаралары мен ұзақмерзімді дипломатиялық келісімдер қажет екені айқын.