
Қазақ жастарының арасында алаңда шиыршық атқан шабуылшы, қарсыласты қақпаға қарыс қадам бастырмайтын қорғаушылар бар. Ал қақпашының жөні тіптен бөлек. Өз биігінен түспей келе жатқан «Қайраттың» шотландиялық «Селтик» командасымен кездесуінде тағы бір ұлан қазақ қоғамының сүйіспеншілігін арттырды. Ол – байырғы команданың қақпашысы Темірлан Анарбеков.
Санаулы сәтте қазақ футболының даңқын асырған қақпашының кіндік қаны 2003 жылғы 14 қазанда Атырау қаласының маңындағы Водников елді мекенінде тамған. Бала күнінен ала допқа аңсары ауған жас өрен футболдағы қадамын 11 жасында бастапты. Бірақ өзі «Футболға кеш келдім. Балалармен бірге доп қуып жүретін едік. Сол кезде «Атырау» командасының футбол орталығына балаларды іріктеп жатқанын естідік. Біз де орталыққа бардық», дейді.
Бастапқыда алаңдағы ойыншы болуды мақсат еткен екен. Алайда адамның ойлағаны бола бермейді ғой. Жаттықтырушылар оны бірінші құрамның ойыншысы ретінде емес, екінші лекке қабылдапты. «Бұл құрамда қақпашы жоқ екен. Жаттықтырушы мені алғашқы сәтте қақпаға тұрғызды. Ол кезде бойым ұзын емес еді. Соған қарамастан бірнеше допты кері қайтардым. Соны көрген жаттықтырушы маған қақпашы болуға ұсыныс жасады. Футболшы болуды армандап жүргендіктен, бұл ұсыныстан бас тарта алмадым», дейді Т.Анарбеков.
«Атырау» клубының футбол орталығында үш жыл жаттығып, жергілікті балалар командасының қақпасын қорғады. Оның мұнайлы өңірдегі ізашар қадамына куә болған жаттықтырушыларының бірі «Темірланның бала күнінен футболға ұмтылысы байқалып тұрды. Шеберлігін шыңдай түссе, болашақта мықты қақпашы боларына үміт арттық. Ал 2017 жылы оны «Қайрат» командасының академиясына шақырды. Ата-анасы да, біз де жас өреннің бағын байлағымыз келмеді. Сол кезде оның жасы – 14-те еді», деген пікірін бөлісті.
Футбол ойынының қыр-сырына қанық жаттықтырушылардың айтуынша, қақпашы болу оңай емес. Өйткені команданың жеңісі қақпаны қорғайтын қақпашының шеберлігімен ұштасып жатады. Басқаша айтқанда, қақпашы 90 минут бойы ұстараның жүзінде тұрады. Талмай ізденген қақпашы ғана шеберлігін шыңдай алады. Әр қателіктен сабақ алуы қажет. Тіпті әр футболшының қимылын тамыршыдай тап басатын психолог те болғаны жөн.
Міне, осы тұрғыдан ой өрбіткенде, «Қайраттың» қақпасын қорғаған әйгілі қақпашы Құралбек Ордабаевтың 1973 жылы КСРО чемпионатындағы ойында 15 пенальтиді қақпаға жібермегені еске оралады. Қарсылас команда ойыншыларының шалт қимылын қалт жібермеген кәнігі қақпашы ойын кезінде екі, ойыннан кейін 13 пенальти добын кері қайтарған. Сол кезеңде одақ көлеміндегі «Жаңа есім» аталымына ие болған аңыз қақпашының даңқты жолын жалғастырған Темірлан Анарбеков «Селтик» командасымен кездесудің шешуші сәтінде шеберлігін танытты.
Пенальти – қақпашы мен футболшының жекпе-жегі. Екеуіне де жүктелетін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Команда сенім артқан футболшы қақпадан саңылау іздейді. Сол үшін қақпашыны алдағысы да, арбағысы да келеді. Ал қақпашы міндеті – допты қайтару. Осы орайда қақпашының әр футболшының қимылын жіті қадағалап, доп бағытын айқындауға мұршасы бола бермейді. Соған қарамастан, «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков тек команданың ғана емес, тұтас ел сенімін ақтады. Өйткені бар үміт өзінде екенін түсінді. Пенальтидің бес добын қақпаға жіберіп алса, қазақ футболының тарихында «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне берілер жолдамадан қағылар еді.
Демек Темірланға шешуші сәтте ширығу, шеберлігін көрсету қажет болды. Ол пенальтидің үш добын кері қайтарды. Сөйтіп, «Қайраттың» ғана емес, қазақ футболының абыройын асқақтатты. Қазақ баласы да мықты қақпашы бола алатынын дәлелдеді. Жеңісті тағатсыздана күткендер тақымын қысқан санаулы секундта U-17, U-19, U-21 жастағы Қазақстан құрамасы сапында өткізген 15 матчтан жинаған тәжірибесінің алғашқы жемісін көрсетті.
Сөйтіп, Темірлан өзін шебер қақпашы ретінде танытты. Оның команда жеңісіне қосар үлесі мұнымен шектелмейтіні даусыз. Өйткені қақпашы Темірлан Анарбековтің бағындырар биігі алда. Бәлкім, команданың жеңісі қақпашының шеберлігімен астасып жататынын білетін еуропалық командалар тағы бір қазақ ұланына көз салар ма екен?..
Атырау облысы