
Әңгіме «Конституцияға 30 жыл: Азаматтардың құқықтарын қорғаудағы Конституциялық Соттың рөлі» тақырыбында тарқатылды. Алқалы жиынның спикері ретінде Конституциялық Сот Аппаратының бөлім меңгерушісі Салтанат Нұрымбетова, Конституциялық Сот талдаушысы Назгүл Тұяқбаева, Конституциялық Соттың баспасөз хатшысы Ақерке Қасым және Бас редакторлар клубының атқарушы директоры Бибігүл Құламан қатысты.
Конституциялық соттың қайта құрылуы
Семинарда сөз алған Салтанат Нұрымбетова 2022 жылғы конституциялық реформаның басты жетістігі – Конституциялық соттың қайта құрылуы екенін басып айтты.
«Ата Заңда Қазақстан әлеуметтік, зайырлы, құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде айқындалған. Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Соңғы жылдары жүргізілген барлық реформалар осы құндылықтарды қорғауға бағытталып отыр», деді С. Нұрымбетова.
Азаматтарға жаңа мүмкіндік
Сот пен кеңестің арасындағы басты айырмашылық – азаматтардың тікелей жүгіну құқығында. Бұрын тек мемлекеттік органдар ғана өтініш бере алатын болса, 2023 жылдан бастап кез келген азамат өз құқығы шектелді деп есептесе, Конституциялық сотқа тікелей арыздана алады.
Мәселен, Конституциялық кеңес 27 жылда бар-жоғы 78 ұсыныс қабылдаса, жаңа сот екі жыл, жеті ай ішінде 11 595 өтініш қабылдаған. Бұл – азаматтардың құқықтық белсенділігінің айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Өтініштердің мазмұны
Алайда түскен өтініштердің бәрі бірдей қарауға алынбайды. Азаматтардың өтініштерінің 72 пайызы соттың құзырына кірмейтіндіктен кері қайтарылған.
«Біреулер бізден несиесін жауып беруді, жұмысқа қайта орналастыруды, тіпті сот шешімін қайта қарауды сұрайды. Мұндай мәселелер біздің құзырымызға кірмейді. Бірақ әр өтінішке міндетті түрде жауап хат жолдаймыз. Азаматқа нақты қай баптарға сүйеніп қайтарылғанын түсіндіріп, қай мекемеге жүгіну керегін көрсетеміз», деді Конституциялық Сот Аппаратының бөлім меңгерушісі Салтанат Нұрымбетова.
Ресми өкілдің сөзіне сүйенсек, өтініштердің 23 пайызы ғана соттың қарауына тікелей қатысты болып шыққан. Бірақ олардың ішінде де рәсімдеу талаптары сақталмағаны үшін қайтарылған жағдайлар бар.
Қарапайым рәсім – нақты талап
Конституциялық сотқа жүгіну үшін арнайы заңгерлік білім қажет емес. Әрбір азамат өтінішін қарапайым тілмен бере алады. Ол үшін мына талаптар орындалуы тиіс:
- Жағдайын нақты сипаттап жазу (мысалы, «жұмыстан шығарылдым» немесе «баспанамнан айырылдым»).
- Сотқа жүгінгенін көрсету.
- Сот шешімінде қолданылған заң нормасын көрсету.
- Конституциядағы құқығына сілтеме жасау.
- Заңды күшіне енген сот шешімін қоса тіркеу.
- Шешім шыққан күннен бастап бір жыл өтпеуі.
«Қазақстандағы басты жеңілдік – азаматтың Конституциялық сотқа жүгінуі үшін бір ғана сот шешімі жеткілікті. Басқа елдерде барлық сот сатыларынан өтіп, уәкілетті органдардың көмегіне жүгінбейінше, азамат Конституциялық сотқа бара алмайды», деді Салтанат Нұрымбетова.
Іс жүргізу сатылары
Өтініштер алдымен аппаратта алдын ала қаралады. Бұл кезеңде құқықтық баға берілмей, тек формалды талаптардың орындалғаны тексеріледі. Одан кейінгі кезеңде он бір судья ортақ шешім қабылдап, істі өндіріске қабылдау немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады.
«Өтініш конституциялық іс жүргізуге қабылданған соң біздің талдау бөлімі іске қосылады. Төрағаның ұйғарымымен судья-баяндамашы тағайындалады. Ол барлық материалдарды дайындап, мемлекеттік органдар мен өтініш иесін тыңдауға шақырады», деді сот талдаушысы Назгүл Тұяқбаева.
Соңғы екі жарым жыл ішінде Конституциялық сотқа түскен өтініштер саны азаматтардың құқықтық белсенділігінің артқанын көрсетіп отыр. Өтініштердің басым бөлігі соттың құзырына кірмейтіндіктен кері қайтарылғанымен, нақты талаптарға сәйкес түскен өтініштерге сәйкес маңызды шешімдер қабылданған. Жалпы алғанда, Конституциялық соттың жұмысы қоғам үшін құқықтық сауаттылықты арттыруға, заңнаманың Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етуге және азаматтардың өз құқықтарын қорғауға тікелей ықпал етіп отыр.
Жиын соңында журналистер құқықтық сауаттылыққа қатысты жеке сұрақтарын қойды. Өз кезегінде «Қазақ газеттері» серіктестігі директорының орынбасарлары Виктор Пряников пен Қамбар Ахмет спикерлерге редакция атынан алғыс білдіріп, қол қойылған меморандумның ұзақмерзімді әрі жемісті болуына тілектестігін жеткізді.