Футбол • Бүгін, 09:50

«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тарихи жеңісі қанша табыс әкелді

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматылық «Қайрат» футбол клубы Шотландияның «Селтик» командасын пенальти сериясында жеңіп, алғаш рет UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты, деп хабарлайды Egemen.kz

«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тарихи жеңісі қанша табыс әкелді

Қос команда арасындағы екі матч та 0:0 есебімен аяқталды. Ал шешуші сәтте «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков шебер ойынымен көзге түсіп, үш пенальтиді қайтарып, командасына тарихи жеңіс сыйлады.

Тарихи жеңіс пен қомақты табыс

Бұл жеңіс алматылық клубқа тек спорттық жетістік емес, қаржылай табыс та әкелді. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған барлық клубтар турнирдің ауқымды жүлде қорынан өз үлесін алады.

«Қайрат» кем дегенде 18,62 миллион еуроға, яғни шамамен 11,7 миллиард теңгеге ие болады. Бұған қосымша, топтық кезеңдегі әр жеңіс үшін — 2,1 миллион еуро, тең ойын үшін — 750 мың еуро көлемінде сыйақы тағайындалған.

Салыстыра кетсек, Еурокубоктардың іріктеу кезеңіне тұрақты қатысып жүрген қазақстандық клубтардың жылдық бюджеті 4 миллиард теңгеден аспайды. Демек, бұл – отандық футбол үшін елеулі жетістік.

Еуропаның азулы клубтарымен ойын

2025 жылдың күзінен бастап 2026 жылдың қаңтарына дейін «Қайрат» топтық кезеңде Еуропаның ең үздік сегіз командасымен кездеседі. Жеребе тарту рәсімі жұма күні өтеді.

Қарсыластар қатарында турнирдің қазіргі жеңімпазы — Францияның «Пари Сен-Жермені», әлемдегі ең титулды клуб — мадридтік «Реал», Испания чемпионы — «Барселона», сондай-ақ АПЛ алыптары — «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Арсенал» және басқа да танымал клубтар болуы мүмкін.

Топтық кезеңдегі сегіз матчтың төртеуі Алматыда өтеді. Чемпиондар лигасындағы негізгі ойындар 2025 жылғы 16 қыркүйек пен 2026 жылғы 28 қаңтар аралығында ұйымдастырылады.