
Павлодарда өткен мұғалімдердің тамыз кеңесінде отандық компаниялар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Білім беру саласын цифрландыру, оқыту үрдісіне заманауи технологияларды енгізу және ұстаздардың жұмысын жеңілдету – жаңаша бағытта түзіліп отырған миссиялар.
«Білім келешегі – адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен дәстүрлі тамыз жиынында облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» деген үндеуі әрбір педагог үшін басты бағдар болуға тиіс екенін атап өтті.
– Білім беру сапасын үнемі арттырып отыру қажет. Ел Президенті бұл салада ешқандай қателікке жол беруге болмайтынын атаған. Өйткені бақытты бала – елдің бақыты, ал ұстаздар осы болашаққа жол ашады. Білім заманауи, технологиялық, сонымен бірге әлеуметтік бағдарланған болуы керек. Павлодар облысы әрдайым осы маңызды саладағы көшбасшылардың қатарында, – деді өңір басшысы.
Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Бүгінде облыста 23 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, олардың 15 мыңнан астамы біліктілігін арттырғаны үшін еңбекақысына қосымша үстемеақы алады. Үш жылдың ішінде өңірдегі білім беру саласының бюджеті екі есеге ұлғайып, 250 миллиард теңгеден асты. Бұл облыстық бюджеттің жартысынан астамын құрайды. Жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, 182 мекеме жаңғыртылды, оқу орындарындағы қауіпсіздік толығымен қамтамасыз етілді. Биыл колледждерге бөлінген орындар саны рекордтық көрсеткішке жетті – 6 250 орын, ал түлектер оқуларын аяқтағаннан кейін жүз пайыз жұмысқа орналасады.
Өткен оқу жылында павлодарлық оқушылар халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарынан 329 медаль жеңіп алып, республикада үздік команда атануы. Білім алу мүмкіндігінің тең дәрежеде болуына ерекше назар аударылып отыр. Өңірдің 387 мектепке дейінгі ұйымында 36 мың бала тәрбиеленсе, 3-6 жас аралығындағы жеткіншектерді қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Жақын күндері Бірлік, Заңғар, Ақтоғай ауылдарында, Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында жаңа балабақшалар есігін айқара ашады. Шілде айынан бастап өңірдегі балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру жобасы енгізілді. Бұл дегеніміз – ата-аналардың өздері балабақшаны таңдайды, ал мемлекеттік тапсырыс баланың соңынан «жүреді». Аталған тәсіл балабақшалардағы кезекті 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.
Өңір мектептерінде 117 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл 10,5 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр.
Білім беру сапасын жақсарту үшін 130 заманауи кабинет енгізілді, оның 85 пайыздан астамы мультимедиялық құралдармен жабдықталған. Биыл Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында, Павлодар ауданының Бірлік ауылында жаңа мектептер іске қосылады. Аққулы және Ертіс аудандарындағы апатты жағдайда тұрған мектептердің орнына заманауи ғимараттар салынды. Келер жылы Қызылқақ ауылында, Павлодар қаласының «Усолка» шағын ауданында мектептер салу, сондай-ақ Екібастұз аймағының Атығай ауылындағы мектеп құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Екібастұзда инклюзивті балабақша ретінде ашылатын ғимаратты қайта жаңарту басталды. Ақсуда жаңа мамандандырылған мекеме, ал Майқайың кентінде музыка мектебі салынады.
Жиында «Адал азамат – кәсіби маман» қағидаты негізінде тәрбие мен білімнің біртұтастығы, жас ұрпақтың қауіпсіздігі, сонымен бірге білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды. Жаңа оқу жылында мектептердегі білім беру үрдісіне жасанды интеллектіні енгізу басталмақшы. Педагогтер цифрлық ресурстарды қолдану бойынша арнайы курстардан өтеді.
– Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні енгізу және ұстаз мәртебесін қорғау жөнінде нақты бес міндет қойды. Бұл – алдағы жұмысымыздың миссиясы. Жыл соңына дейін балалардың мүдделерін ескеретін және отбасы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқықтық қорғау, қауіпсіз орта құру, бос уақыт пен спортты ұйымдастырудың 7 стратегиялық бағытын қамтитын «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама қабылданатын болады, – деді кеңеске қатысқан Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров.
Жас ұрпақ – мемлекет аманаты. Қатысушылар білім мен тәрбиені үйлестірудің маңыздылығын да атап өтті. Оны іске асыру үшін өңірде «Алтын сақа» және «Самғау» сияқты жаңа орталықтар құрылған, соның арқасында қосымша біліммен қамту көрсеткіші 98 пайызға дейін өсті. Жақын арада оқушыларды қоғамдық пайдалы істерге тартуға бағытталған «Ұрпақ үні» атты жаңа жоба өміршең етіледі. Бұған қоса Ертістің Павлодар өңірінде буллингке қарсы «Kiva» және «ДосболLIKE» жаңа жобалары іске қосылады. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау үшін арнайы цифрлық жүйе әзірленіп жатыр.
Павлодар облысы мектеп бағдарламаларына AI-ді интеграциялау мақсатында қанатқақты алаң болып белгіленді, бұл дербес оқыту жүйесін құруға мүмкіндік бермекші. 2025–2026 оқу жылында педагогтер сараланған және инклюзивті білім беру үшін цифрлық құралдарды қолдану бойынша арнайы оқудан өтеді.
Отандық «Smart Болашақ» компаниясы мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруге арналған жаңа цифрлық өнімін таныстырды. Жоба оқушыларға 7-8-сыныптан бастап, болашақ мамандығын айқындауға көмектесуді көздейді. Компания өкілдерінің сөзінше, бағдарлама жасанды интеллект негізінде жасалған және халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген.
«Біздің жүйе әр оқушыға жеке траектория құрып береді. Оқушы тестілеуден өткеннен кейін өзінің қабілеті мен қызығушылығы бойынша нақты ұсыныстар алады. Жүйе мамандыққа қажетті пәндерді, сәйкес жоғары оқу орындарын, сонымен қатар еңбек нарығындағы болжамды жалақы мөлшерін көрсетеді», дейді бағдарлама авторлары.
Жобаның ерекшелігі – кәсіби бағдар үдерісіне бір мезгілде үш тараптың, яғни оқушы, мектеп, ата-ананың қатыса алуы. Мұғалімдер бүкіл сынып немесе мектеп деңгейінде талдау ала алады, ал ата-аналар баласының қабілеті мен қызығушылығын қадағалап, бірлесе шешім қабылдайды. Оқушы жүйеге QR-код арқылы тіркеліп, өзінің жеке кабинетінде тест тапсырады. Тест сұрақтары баланың бейімділігін жоғары дәлдікпен анықтайды. Компания өкілдері мұндай цифрлық құралдың басты артықшылығы ресурсты үнемдеу екенін айтады. Бұл шешім отбасының да, мектептің де, мемлекеттің де уақытын үнемдейді. Ең бастысы, бала ерте жастан өз бағытын анықтап, болашаққа сенімді қадам жасайды. Цифрлық өнім қазірдің өзінде Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Қарағандыдағы бірнеше «Келешек мектептерінде» қолданыла бастаған. Алдағы уақытта ол Павлодарға да келуі ықтимал.
Елордалық «IQ» компаниялар тобы ұсынған инновациялық жобалар да ұстаздардың көзайымына айналды. Мұнда компьютерлік жабдықтар өндірісі – интерактивті панельдер, моноблоктер, ноутбуктер және дербес компьютерлер құрастырылады. Келер жылдан бастап отандық жүйелі платалар мен қуаттандырғыштардың толық өндірісін жолға қою көзделген. Бұл – отандық ІТ-индустрия үшін маңызды қадам болмақшы. «Кибер Формула 3» компаниясы мұғалімдер мен оқушыларды жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануға үйретеді. Ал «5 Bit» компаниясы, білім беру саласындағы басқару жүйесін автоматтандыруға негізделген. Жоба аясында мұғалімдердің күнделікті есеп-қисабын азайтып, әкімшілік жұмыстарды жеңілдететін бағдарламалық жасақтама әзірленіп жатыр. Жасанды интеллект платформасы ұстаздар қауымының қызығушылығын тудырды. Мысалы, платформа Kundelik.kz қосымшасындағы үй тапсырмаларын автоматты түрде тексеріп, құжаттарды рәсімдеуде көмек көрсетеді. Дегенмен соңғы бақылауды әрқашан мұғалім жүргізеді. Жоба 2026 жылдың шілде айында қолданысқа енгізіледі деп күтіліп отыр.
Атап өтерлігі, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасына өңірден қатысқан 21 ұстаздың 17-сі бүгінде білім беру ұйымдарын басқаруда. Жоғары жетістіктері мен білім саласына қосқан зор үлестері үшін Сәбит Ибадуллин, Фарзия Клепица, Лилия Стадникова, Оксана Колдашева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды.
Сондай-ақ жиында жыл сайынғы «Үздік білім беру ұйымы – 2025» байқауының қорытындысы шықты. Павлодар қаласының №29 орта мектебі, Екібастұз қаласының қыздарға арналған №25 қазақ гимназиясы, Ақсу қаласының №24 балабақшасы, балалар мен жастарға арналған экология және туризм орталығы, сондай-ақ Павлодар технологиялық колледжі үздіктер қатарынан көрінді. Барлық жеңімпаз 50 млн теңге сертификат иеленді.
Білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосқан педагогтерге де ерекше назар аударылды. «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен 6 педагог марапатталды.
Кеңес аясында ұйымдастырылған «цифрлық көрмеде» заманауи техникалық және педагогикалық шешімдер ұсынылды. Жасанды интеллект және әлеуметтік бастамалар саласындағы жетекші сарапшылар AI енгізуге, үздіксіз білім беру экожүйесін құруға және бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін нығайтуға баса назар аударды. «Алматыкітап» баспасы өңірдің шағын жинақты мектептеріне «TopIQ-Mobil Box» 40 мобильді білім беру кешенін тегін ұсынып, өңірдің білім беру жүйесіне қолдауын білдірді.
Павлодар облысы