Экология • Бүгін, 10:40

Жасыл экономикаға жаңа мамандар қажет

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз алдағы онжылдықта «Таза энергияға» көшуді көздеп отыр. Яғни көмір мен мұнайға тәуелділікті азайтып, күн, жел, су энергиясын көбірек пайдаланады. Бірақ басты мәселе бар: осы жобаларды жүзеге асыратын мамандар жеткілікті ме? Бұл туралы Egemen.kz тілшісі зерделеп көрді.

Жасыл экономикаға жаңа мамандар қажет

Бүкіл дүниежүзінде «жасыл» жұмыс орындары көбейіп келеді. Халықаралық агенттіктің дерегінше, 2023 жылы жаңартылатын энергия саласында 16 миллионнан астам адам еңбек еткен. Оның жартысына жуығы Қытайда. Әсіресе күн электр станциялары жетекші орында тұр,  оларда 7 миллионнан астам жұмыс орны бар.

Болашақта ең көп сұранысқа ие мамандықтардың ішінде: жаңартылатын энергия инженері, экологиялық инженер, электр көлігі бойынша мамандар болғалы тұр.

Елімізде әзірге бұл салада 2 мыңнан астам қызметкер ғана жұмыс істейді. Олардың көбі жел, күн және су электр станцияларында еңбек етеді. Әйелдердің үлесі небәрі 14 пайыз.

Дегенмен жоспар ауқымды. 2030 жылға дейін 90-нан аса жаңа жоба іске қосылады. Оған халықаралық ірі компаниялар да қатысады. 12 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Qazaq Green қауымдастығының төрағасы Нұрлан Кәпеновтің айтуынша, жаңартылатын энергияға көшу біртіндеп жүреді. «Кәдімгі станциялар өз өмірін аяқтағанша жұмыс істейді. Сондықтан мамандарды да кезең-кезеңімен дайындауымыз қажет», дейді ол The Astana Times басылымына берген сұхбатында.

Еліміздің университеттері жасыл энергетика бойынша жаңа бағдарламалар ашып жатыр. Мәселен, Назарбаев университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Сәтбаев университеті сияқты оқу орындарында күн, жел, сутегі энергиясына қатысты курстар бар.

Жақын жылдары «сутегі энергетикасы инженері» деген жаңа мамандық пайда болмақ. Мұндай мамандар Астанадағы ЕҰУ, Семейдегі Шәкәрім университеті, Ақтаудағы Есенов университетінде даярланады.

Сарапшылардың болжамына сәйкес, жаңартылатын энергияға көшу барысында мұнай-газ саласында істейтін мыңдаған адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Сол себепті Үкімет оларды қайта оқытып, жаңа жұмысқа орналастыруға уәде беріп отыр.