
Суретті түсірген – Әли Ғалым
Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда жастар ұлттық компаниялардан бастап, өнеркәсіптік кәсіпорындарға дейінгі 70-тен аса компаниялардың өкілдерімен бетпе-бет сөйлесті. Осылайша жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы біліп, алғашқы сұхбаттан өтті.
– Мен колледжді «электромонтер» мамандығы бойынша тәмамдап, ұзақ уақыт лайықты жұмыс іздедім. Осы жәрмеңкеде бірнеше компания өкілімен сөйлесіп, сұхбатқа шақыру алдым. Мұнда жұмыс беруші сізді таңдамайды, керісінше сіз бос жұмыс орындарының арасынан өзіңізге қолайлысын таңдайсыз, – деді жәрмеңкеге қатысқан Айдар Кенжебаев.
Жәрмеңке аясында «Отбасы банк» өкілдері ипотека ресімдеуге ниетті азаматтарға кеңес беріп, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша «Joltap» жобасын ұсынды. Ал елордадағы Еңбек ұтқырлығы орталығының қызметкерлері түлектерге арналған «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы» жобалары туралы хабардар етті. Сонымен қатар азаматтарға еліміздің өзге өңірлеріне көшіп бару мүмкіндігі туралы мәлімет ұсынылды.
«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылында осындай іс-шаралар ұйымдастырудың мәні мен маңызына тоқталды.
– Бүгінде жұмысшы мамандықтар – тұрақтылық пен жоғары сұраныс қана емес, сонымен қатар лайықты жалақы, сый-құрмет және мансап жолында жоғарылау мүмкіндігі. Жастар экономиканың осы секторына бет бұрып, ел ертеңі еңбекпен байланысты екенін түсіне бастады. Біздің бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріміз жастарға өмірде өз орнын, ал жұмыс берушілерге лайықты маман табуына көмектеседі. Мәселен, партияның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы өз тиімділігін дәлелдеді. Кейінгі екі жылда 150 мыңға жуық жас азамат қамтылған 1,5 мыңнан аса іс-шара өткізілді. 200-ге жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, оған 5,2 мыңнан аса ұйым қатысты, 55 мыңнан аса жас азамат жұмысқа орналастырылды. Шалғайдағы елді мекендерді қамту мақсатында «Жастар рухының» мобильді топтары 150-ден аса ауылға барып, 55 мың адамға әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша кеңес берді, – деді Д.Кәрібек.
Сондай-ақ жәрмеңкеде «Таза Қазақстан» арнайы орны жұмыс істеді. Онда қайта өңдеу мақсатында пластик жиналып, жасыл технологиялар туралы мәлімет берілді.
Астанамен бірге «Жастар рухының» бастамасымен еліміздің барлық облыс орталығында осындай жәрмеңкелер өтеді. Оларға кем дегенде 50 мың жас келеді деп жоспарланып отыр. Іс-шара «бір терезе» қағидаты негізінде ұйымдастырылады.