Білім • Бүгін, 08:30

Байырғы оқу орны заманға сай жұмыс істейді

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2025 жыл «Жұмысшы мамандық­тарының жылы» деп жарияланғаны мәлім. Осыған орай Мемлекет басшысы: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету ж­әне инвес­тициялық тартым­дылығын арттыру үшін аса қажет қадам», деп айтқан еді.

Байырғы оқу орны заманға сай жұмыс істейді

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауда­­нындағы Покровка ауылында орна­лас­қан Жәлел Қизатов атындағы жоға­ры ауыл шаруашылығы колледжі агроқұ­рылым мамандарына кәсіптік білім беретін іргелі оқу орны саналады. Мұнда білім алған жастар, Мемлекет басшысы айтқандай, өз кәсібін жетік меңгеріп, ұлт сапасын арттыруға мол үлес қосып жүр. Оқу орнынан қаншама елімізге белгілі азаматтар түлеп ұшты. Олардың дені қарапайым маманнан бастап, жоғары лауазымды қызметтерге дейін көтерілді. Соның бірі – Қазақ КСР Министрлер кеңесін (Үкімет) 14 жыл басқарған Бәйкен Әшімов. Ал оқу орнына осы аудандағы Қарағай ауылында туып, соғысқа дейін оны бітірген Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатовтың есімі берілген.

к

Биыл аталған білім ордасына 102 жыл толып отыр. Қазір онда 9 мамандық бойын­ша 600-ге жуық студент оқиды. Бар­лық студент жатақханамен толық қамта­масыз етілген. Колледж директоры Бейімбет Бұғасов оқу орнының мате­риалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде екенін айтты. «Біздің базалық шаруашылықтарымыз және әлеуметтік әріптестеріміз студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз етеді. Мал шаруашылығы мен өңдеу кәсіпорындарының 20 ұйымымен әріп­тестік қатынас орнатқанбыз. Аудан бойын­ша басқа салалардың – 50, облыс бойынша – 100-ден артық ауыл ша­руа­шылығы кәсіп­орындарымен ынта­мақ­тастықта жұмыс істейміз. 400 гектардай жеріміз бар, онда түрлі дақыл­дар егеміз. Алынған өнімдер өзіміздің шағын фермамыздағы мал-құсты азық­тандыруға жұмсалады. Артығын сыртқа сатамыз», дейді ол.

Колледжде түрлі жаңа техникалар­мен танысуға, жөндеуге үйренуге, жүргі­зу­­­ге мол мүмкіндік қарастырылған. Со­ның ішінде «John Deere» техникала­ры­­ның тренажерлері, біліктілік орталы­ғы, ­­12 зерт­хана және мал сою пункті, ша­ғын ­зауыт бар. «Бұл жарақтардың бәрі шә­кірт­теріміздің өндіріске дайынды­ғын шыңдай түседі. Осындай құрал-жаб­дықтан олар ауыл шаруашылығы техника­ларының қыр-сырын үйренеді. Қазір біздің мамандарға сұраныс жоғары. Әсі­ресе ветеринарлық стансалар мен мал шаруа­шылығымен айналысатын ЖШС-ларға жұмысқа тұрып жатқандар көп», дейді колледж ұстазы Теміржан Садуов.

а

Колледж республикалық деңгейде де танымал. 2013 жылы ол «Техникалық және кәсіби білімді жаңғырту» жобасына қатысып, «Ветеринария» мамандығы бо­йынша халықаралық грантты жеңіп ал­ған. 2019 жылы «Жас маман» бағдарлама­сы бойынша осы заманғы құрал-жаб­дық­пен қамтамасыз етілген еді. Мұнда оқу­­ға жас­тардың ықыласы жоғары. Оқу­шы ­жас­тардың бірі Александр Кар­пенко: «Вете­ринария мамандығын өзім таңдадым. Жануарларды жақсы көре­мін. Анам да, атам да мал дәрігері болып қызмет етеді. Оқуым өте қызықты, ұс­таздармен түрлі тәжірибе жасаймыз. «Медицина – адамды, ветеринария – адамзатты емдейді» деген сөз мені қанаттандырып отырады», дейді ол.

к

Жәлел Қизатов атын­дағы колледж – Солтүстік Қазақстан облы­сындағы ауыл шаруашылығының кәсіби мамандарын даярлайтын негізгі оқу орын­дарының бірі. Мұнда бұрынғы тәжіри­белер жаңа инновациялармен жал­ғасып отырады. Тек оқу мерзімінің ұзақ­тау екенін айтпай кетуге болмайды. Мысалы, 9-сыныптан кейін түсетін аспаз мамандығын оқыту мерзімі 34 ай екен, демек 2 жыл 10 ай деген сөз. Бұл мер­зімге 10 және 11-сыныптар бағ­дар­ламалары да кіреді. Бірақ соларды оқыт­пай немесе барынша қысқартуға бол­мас па еді. Агроном мамандығын оқыту да 30 ай. Бұл мамандықты тереңі­рек оқыту керек-ақ шығар, өйткені ертең­гі күні оған ұйымдастырушы, бас­шы сияқты әлеуметтік маңызы зор қыз­мет атқаруға тура келуі мүмкін. Ал бар­лық жұмыс бір асхананың төңірегінде шекте­летін аспазды сонша ұзақ оқыту ақылға қоным­сыз. Сол сияқты орманшы, бухгалтер-кассир және т.б. оқыту мерзімі осынша. Мұндай оқуларға барғандар білімді емес, тезірек мамандық алып, жұмыс істеуге талпынатын жастар ғой. Ұзақ уақыт партаға таңылуға олардың төзімдері де жете бермейді. Сондықтан оқу мерзімдерін талапқа сай өзгерткен дұрыс. Бұл, әрине, әрбір жұмысшы кадр­ларын даярлау бағдарламасын бекітетін Оқу-ағарту министрлігінің ескеретін дүниесі. Президент «кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе» дегенде нақ осындай дүниелерді айтты емес пе?

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы