Қоғам • Бүгін, 16:45

Roblox ойынына қатысты ата-аналарға ескерту жасалды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға интернет кеңістігіндегі, соның ішінде балалар арасында кең таралған Roblox ойынындағы ықтимал қауіптерге қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Roblox ойынына қатысты ата-аналарға ескерту жасалды

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарды балаларының интернеттегі әрекеттеріне мұқият болуға шақырады. Ведомствоның мәліметінше, халықаралық және отандық ақпарат көздерінде алаңдатарлық жайттар жиілеп барады: кейбір қаскөйлер ойыншы бейнесінде балалармен сенімді қарым-қатынас орнатып, оларды жасырын чаттарға шақырып, заңсыз әрекеттерге итермелеуге тырысады.

Комитет балаларды интернеттегі қауіптерден қорғау үшін ата-аналарға келесі кеңестерді ұсынады:

Балаға интернетте не істеуге болмайды?

  • Өзінің жеке деректерін (аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, телефон нөмірі, отбасы мүшелері жайлы ақпарат) ешкімге жарияламауы керек;
  • Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте секілді әлеуметтік желілердегі күмәнді қауымдастықтар мен беймәлім чаттарға кірмеуі тиіс;
  • Ата-ананың рұқсатынсыз, қауіпсіздігі тексерілмеген күмәнді онлайн ойындарды ойнаудан аулақ болған жөн.

Ата-ана баласының интернеттегі әрекетін қалай бақылап отыра алады?

  • Цифрлық бақылау құралдарын қолдану: Android құрылғылары үшін Family Link, ал iOS жүйесінде Screen Time қызметін пайдалану ұсынылады;

  • Баланың әлеуметтік желілердегі достары мен жазылған парақшаларын үнемі қадағалау;

  • Профиль суреттері, аты-жөні белгісіз немесе түсініксіз белгілер мен таңбалар бар аккаунттарға ерекше назар аудару қажет.

Ата-ана қандай мінез-құлыққа назар аударуы керек?

  • Бала түнде жиі оянады, ұйқысы бұзылады;

  • Дене жарақаттары (тілгілер, көгерулер) пайда болады, бірақ себебін түсіндірмейді;

  • Ашушаңдық байқалады, сөйлесуден бас тартады;

  • Депрессивті, агрессивті мазмұндағы видеолар көреді;

  • Мазасыз, қорқынышты белгілер мен суреттер салады, олардың мағынасын түсіндірмейді.

Балаға қалай көмектесуге болады?

  • Оның эмоционалдық жағдайын қадағалап отыру;

  • Балаңызбен жиі сөйлесу, оның өміріне қызығушылық таныту;

  • Бала кез келген уақытта ойымен бөлісе алатынын сезінуі керек;

Қайда жүгінуге болады?

  • 102 – құқық қорғау органдары;

  • Мектеп психологы немесе педагогикалық қолдау орталығы;

  • Балаларға арналған психологиялық көмек орталығы;

  • Аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл;

  • 111 – тәулік бойы жұмыс істейтін, балаларға арналған тегін байланыс орталығы.