
Сол кезде Қатша кемпірдің жасы қаншада екенін нақты білмеймін. Екінші сыныпта оқитын кезім. Бірақ тым кәрі көрінетін. Аласа бойлы, белі бүкірейген. Басы қалтаң-қалтаң етіп, қозғалып тұрады. Басынан ақ жаулығы, үстінен камзолы түспейді. Бір қызығы, үнемі өзімен-өзі күбірлесіп, сөйлеп жүреді. Кәріліктен бе, ептеп есінен айныған секілді көрінетін. Біздің үйге күніне 4-5 рет бас сұғады. Жай келмейді: біресе – сүт, біресе нан сұрайды. Дәметкен апа анасына кейде кейіп жатады: «Осы үйде бәрі бар, жұрттан неге сұрайсың?» деп. Алайда Қатша кемпір қызының сөзін елең етпейді. Апам оның қолын ешқашан қағып көрген емес. Не сұраса да береді. Кейде екеуі отырып шай ішеді.
Қатша кемпір үйге келген сайын ол кісіні сөйлетемін.
– Әже жасыңыз нешеде?
Қатша кемпір ойланбастан:
– Екі жүзде, – дейді.
Айналып тағы келгенде сол сұрағымды қайта қоямын.
– Әже жасыңыз нешеде?
– Төрт жүзде.
«Күлсең кәріге күл» демекші, мен оған мәз болып күлемін. Қазір ойласам сол балалық қылығыма қатты ұяламын. Шынында да, мен оның жасы жүзден асқан деп ойлайтынмын. Олай емес екен. Сөйтсем, кейуана жасынан көп қиындық көріпті. Күйеуі әйдік аңшы болған деседі. Бірақ одан жастай жесір қалып, үш қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Отызыншы жылдардағы аштықты да басынан кешкен. Соғыс жылдары ұжымшарда күні-түні аянбай жұмыс істеп, жеңіске үлесін қосқан. Одан кейін зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті.
Кейін Дәметкен апа орталықтан басқа жаңа үй алып, сонда көшті. Шешесін өзімен бірге алып кетті. Үш-төрт жыл өткеннен кейін Қатша кемпір қайтыс болды. Апам барып келді. Сонда оның жасы сексенге енді келген екен. Содан бері де доптай домалап біраз жыл өтті.
Жақында ауладан Қатша кемпірден аумайтын бір әжені көрдім. Сойып қаптап қойғандай. Немересін ойнатып отыр. «Әже, жасыңыз нешеде?», деп жүгіріп барып сұрағым келді... Бірақ бата алмадым.