Өндіріс • Бүгін, 08:55

Ақсу зауытындағы жаңа технологиялар

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Цифрлық технологиялар Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін стратегиялық құралға айналған. Тек былтыр мұнда цифрландыруға құйылған инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде, өндіріс орнында көптеген жүйе оңтайлы бола түсті.

Ақсу зауытындағы жаңа технологиялар

Зауыт өкілдерінің айтуынша, цифр­лы жүйелер қауіпсіздікті, тиімділікті, орнықтылықты арттыруға мүмкіндік бере­ді және ең бастысы, еңбек жағдай­ларын қолайлы әрі қауіпсіз етуге септеседі.

«Цифрландыру мәселелері Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін күн тәртібінен түсіп көрген емес. Бізде барлық негізгі өндірістік бөлімшелер автомат­тандырылған жүйелермен жаб­дық­талған, шикізаттың келіп түсуінен бастап, өңдеу және дайын өнімді жіберу­­ге дейінгі барлық кезең цифрлан­ған. Өн­дірісте цифрлық техноло­гия­лар­ды енгізе отырып, отандық шешім­дерді қолдануды арттырып, шетелге тәуел­ділікті азайтуды мақсат етіп отырмыз», дейді кәсіпорын директоры Мұсабек Мақашев.

Мұнда теміржол көлігін басқаруға арналған «Dispatch» деп аталатын жүйе бар. Өн­діріс орнында теміржол вагон­дарының қозғалысы мен орналасуын қадағалауға қатыс­ты қажет­тілік бұрыннан қалып­тасқан. Себебі зауыт аумағына тәулігіне 900 вагон­ға дейін кіріп-шығуы мүмкін. Жаңа жоба жетекшісі Дмитрий Роды­гин­нің сөзінше, бұрын бәрі қол­мен атқарылатын. Дамы­тушы­­лар командасы қысқа мерзім­де «Dispatch» веб-қосым­ша­сын жасап шығарды. Енді ол әр вагонның нақты уақыт­тағы орнын көрсете алады.

Қабыл­даушылар электронды жол парақтарын тол­тырып, хабарландыру­лар алады. Небәрі 2-3 ми­нут­­тың ішінде есеп жасай­ды. Ал бұрын бұл үр­діс­ті жүзеге асыруға 40 минут жұмсалатын. Енді барлығы бірден базаға тір­ке­леді. Соның нәтижесінде темір­­жолшылар жүйеден ва­гондар туралы барлық мә­лі­­мет­ті көріп, уақыт үнем­­дейді. Алдағы уақытта бұл жобаны ERG-дің бар­лық кәсіпорын­дарына тара­­ту жоспарланған.

Цифр­ландырудың тағы бір ауқымды жобасы – MES ERG. Бұл – өнді­ріс­тік үдерістерді жедел басқару жүйесі. Бүгінде ол арқылы бар­лық 26 пеште жұмыс істейтін электронды пеш журналын жүр­гізу мүмкіндігі бар. Бұл агре­гаттардың жұ­мы­сын бақылауға мүм­­кіндік береді. Жүйе пеш­тер­дің ауысым немесе тәу­лік бойы қалай жұмыс істе­генін толық көрсетеді. Тағы бір жаңашылдық – фер­роқорытпа пештері электрод­тарының жұмы­сын бақылау үшін MES жүйе­сінде бірнеше функ­цио­налды экран әзір­лен­ген. Электрод массасын салу үдерісі автоматты түр­де бақы­ланады. Осы құ­рал­дар металлургтерге өндірістің үздіксіз жұмы­сын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Цифрландыру Ақсу фер­ро­қорытпа зауы­­тындағы металл бал­қы­ту­ды да қамтыған. Өн­дірістегі құю машиналарын авто­маттандыру жүйесі енгізіліп, жүйе балқыту үдерісін автоматты түрде басқаруға жол ашады. Шөміштің көлбеу бұры­шын, конвейер жылдамдығын, сұйық ферроқорытпа ағыны­ның қимасын, температураны өлшеп, реттейді. Бұл метал­­лургтердің жұмысын айтар­лықтай жеңілдетті.

Зауыт өкілдері автомат­­­тандырылған меди­ци­на­лық тексерулер енгі­зіл­генін де атап өтті. Енді метал­лургтердің ауы­сым алдындағы және ауы­сым­нан кейінгі тексеруден өтуіне бірнеше минут қана уақыт кетеді. Жабдықтар қан қысымын, тамыр соғысы, дене қызуын, тыныс алуда шыға­рылатын ауадағы алкоголь деңгейін өлшейді. Нәтижелер бірден корпоративтік «qollab» қосымшасына және «Еуразия» медицина орта­лығына түседі. Егер көрсеткіштер нормадан ауытқып кетсе, дәрігер­лерге жедел хабарлама келіп, олар дереу іс-шара­лар қабылдай алады. Бұл жоба өндірістегі қауіп-қатер­ді азайтып, ауруларды ерте кезеңде анықтауға сеп.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы