Өнер • Бүгін, 08:12

Айшаның әлемі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Айша қоршаған орта­дағы әр құбылысты асқан сезімталдықпен қабыл­дайды. Алған әсерін сурет арқылы шынайы әрі нәзік жеткізеді. Оның әрбір туындысы – жан әлемінің үнсіз әңгімесі, бояулармен өрілген жүрек сөзі.

Айшаның әлемі

Айша Бақтығұл – инклюзивті өнердің өкілі. Қаршадайынан қылқаламды серік еткен оның шығармашылығы ерекше жан­дардың да өнер арқылы өз орнын таба алатынын дәлелдейді. Ішкі әлемін, өмірге көзқара­сын қылқалам арқылы көрсететін кейіпкеріміздің қолтаңбасы қан­шама жанға үміт пен шабыт сыйлайды.

Жақында суретшінің «Нүкте мен сызық» атты көрмесі өтті. Осынау айрықша көрме ұстазы Арыстанбек Шалбаев екеуінің үздіксіз еңбегінің нәтижесі. Көр­ме – тек өнер мерекесі ғана емес, алматылық ерекше жандардың шексіз мүмкіндіктерін паш еткен оқиға болды.

1

Айшаның суретшілік жолы пандемия кезінде басталған. Үй­де оқшаулану кезеңінде ол сурет салуға ден қойып, бұл өнер түрі оның өзіндік қарым-қатынас тіліне айналса керек. Анасы Әлия Сандыбайдың айтуынша, Айша аз сөйлесе де, өз ойын, сезімін сурет арқылы жеткізеді.

Суретші Арыстанбек Шал­баевпен таныстығы Айшаның шығармашылығына жаңа сер­пін берген. Бір жыл көлемінде олар 60-тан астам туындыны дүниеге әкелген. Ұстазы Айша­ның суреттерін жүрекпен жазыл­ған туындылар деп сипаттайды. Оның айтуынша, Айша бояу­лар мен сызықтарды терең түсі­ніп, ішкі дүниесін кенеп арқылы көрсетеді.

«Нүкте мен сызық» – шәкір­тімнің алғашқы жеке көрмесі. Көрмеде акрилмен, майлы бояу­мен, қаламмен, фломастермен салынған түрлі туындылар ұсы­нылды. Әр сурет – Айшаның ішкі әлемінің көрінісі, оның өмірге деген көзқарасы мен сезімдерінің бейнесі», дейді А.Шалбаев.

2

Ерекше жандардың өнерден өріс табуы – қоғамның рухани жетілуінің көрінісі. Өнер шекарасы жоқ шексіз әлем десек, сол кеңістікте Айша арманын еркін өрбітіп, өз әлемін сомдайды. Оның әрбір суреті – үнсіз тілдес­кен үміт, төзім мен шабыттың біртұтас бейнесі. Айшаның өне­рі – тек қылқаламмен салынған ­сурет емес, ол – өмірге деген махаб­баттың бояулы өрнегі.

«Айша әлемге өзгеше қа­райды, түйсігімен таниды, жү­регімен сезеді. Оның жан дүние­сіндегі тазалық пен сезімтал­дық суреттерінен сыр шертеді. Әдет­тегі көркем образдардан гөрі, туындыларында үнсіз сөйлей­тін бояу, жарық пен көлеңкенің тілі бар. Ерекше күтімді қажет ете­тін жандардың бірі бола тұра, ол өнерден өз өрісін табуға талпынады. Арманын қағаз бетіне бояумен өріп, болмысының байлығын қылқалам арқылы паш етіп жүр. Айша салған суреттер – қоғам­ның үні. Ол өмірді өзгелерден де тереңірек қабылдайды. Жаны нәзік, жүрегі кең суретшінің өне­рі тек бейнелеу емес, болашақ­қа бағытталған ішкі дауыстың көрінісі. Қоғамда Айша сынды талантты жандардың танылып, сондай-ақ табысқа жетіп жатқаны – рухани дамудың өлшемі. Ерекше жандарға қол­дау көрсету арқылы біз тек әлеу­­меттік әділеттілікті емес, адам­заттың ең асыл қасиеттерін: жана­шырлықты, мейірімділікті, шабытты ұлықтаймыз. Олардың әле­уетін тану – адамгершілік пары­зымыз», дейді өнертанушы Мөлдір Сағындықова.

АЛМАТЫ 

АЛМАТЫ