Сұхбат • Бүгін, 08:55

Ербол Жолданғар: Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімі мен үміті

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңғырған мемлекеттік қызмет ел дамуының басты тірегі болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Жалпы, кәсіби мемлекеттік аппарат құру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Саладағы осы және өзге де жұмыстардың барысы туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғардан сұрап-білген едік.

Ербол Жолданғар: Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімі мен үміті

– Ербол Қабдығалиұлы, қо­ғам­да мемлекеттік басқару сапа­сына қойылатын талап күн са­нап өсіп келеді. Соған байла­ныс­ты Мемлекеттік қызмет­ті да­мы­тудың жаңа тұжырым­дама­сы қабылданды. Алдымен осы құ­жаттың мән-маңызына тоқталып өтсеңіз.

– Иә, бұл – өте өзекті әрі дер кезінде қабылданған стратегия­лық құжат. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жалғасы ретінде мемлекеттік қызмет­тің жаңа үлгісін қалыптастыру­ды тапсырды. Осыған сәйкес 2024–2029 жылдарға арналған Мем­лекеттік қызметті дамыту тұжы­рымдамасы бекітілді. Тұжырым­даманың басты мақсаты – кәсіби, халыққа жақын, тиімді, жауапты әрі ашық мемлекеттік аппарат құру. Сондай-ақ бұл тұжы­рымдама әкімшілік рәсім­дерді түбегейлі өзгерту, қағаз­бастылықты жойып, цифр­ландыру, бюрократияны қыс­қар­ту, кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйе­­сін енгізуге бағытталған жаңашыл­дықтарды қамтиды.

– Мемлекеттік қызмет сала­сының ілгерілеуіне меритократия қағидаты қаншалықты ықпал етіп жатыр?

– Меритократия – әділетті кадрлық саясаттың негізі. Бұл қағидат бойынша қызметке іріктеу мен мансаптық өсу тек білімі, біліктілігі және жетістігі арқылы жүзеге асады. Яғни «тамыр-таныстық», «жеке байланыс» емес, нақты нәтиже мен кәсібилік шешуші рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, меритократия – әлдеқайда лайықты кадр­ларды іріктеу және мемлекет­тік қызметшілердің жеке жетіс­тіктерін бағалау негізінде оларды әрі қарай кәсіби және мансаптық ілгерілету деген сөз. Әрбір мем­лекеттік қызметшінің кәсіби тәжірибесі болған кезде, ішкі конкурстар институтының негізінде өзінің мемлекеттік органында ғана емес, республиканың кез келген басқа да аумағында ман­­саптық ілгерілеу мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойын­ша департаменті тарапынан кадрлар­дың жай-күйіне, оларды меритократия қағидаты бойынша тағайындаудың объективтілігі мен ілгерілетуге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылдың І жартыжылдығы бойынша Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында ішкі конкурс бойынша барлығы 37 мемлекеттік қызметші, олар­дың 24-і немесе 64,9 пайызы жо­ғары тұрған лауазымдарға тағайындалып, Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің 2024–2027 жылдарға арналған даму жос­парына сәйкес, меритократия қағи­датын сақтау деңгейі тиіс­ті дең­­гейде орындалып отыр. Бұл мем­лекеттік аппараттың тұ­рақ­­­ты­лық деңгейінің артқанын көрсетеді.

– Мемлекеттік қызметке іріктеу – назардағы маңызды тақырыптың бірі. Қоғам тарапынан конкурс әділ өте ме деген алаңдаушылық бар. Осыған не дейсіз?

– Орынды сұрақ. Жаңа тұжы­рымдама аясында мемлекет­тік қызметке қабылдау жүйесін жетілдіру мақсатында кадрларды ашық және әділ конкурстық іріктеу, жас мамандарды мем­лекеттік қызметке тарту үшін жаңа бағдарламаларды енгізу, мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісін цифрландыру сияқты жаңашылдықтар орын алды.

Жаңа форматтың басты ерек­шелігі – сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған нақты те­тіктердің енгізілуі, адами фак­тор шектеле отырып, аноним­ділікті қамтамасыз ету үшін әрбір жеке тұлғаға ID нөмірлерінің берілуі арқылы конкурстың шынайы әрі әділ өтуінде.

Сондай-ақ қалыптас­қан жағдай­ға жауап ретін­де «e-Qyzmet» ықпалдасты­рыл­ған ақ­па­рат­­тық жүйесінің сырт­қы пор­та­лы арқылы үде­рі­сті цифр­лан­­дыру іріктеуге қашықтан қаты­суға мүмкіндік бере отырып, адами факторды барынша азай­тып, мемлекеттік қызмет тар­тым­дылығының артуына әсерін тигізді. Жаңа іріктеу жүйе­­сіне көшкеннен бері Астана қала­сы­­ның жергілікті атқарушы орган­­да­рында 2025 жылдың І жар­тыжылдығының қоры­тын­дысымен жалпы конкурс бойын­ша 1-орынға 11,7 (2024 жылы – 8,6) кандидат қатысып, осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда олардың үлесі 3,1 адамға артып, мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын көрсетті.

– Бүгінде қызу талқыланып жүрген жобалардың бірі – Пре­зиденттік жастар кадр резерві. Бұл бастаманың жайы қалай болып жатыр?

– Бұл жоба – Мемлекет бас­шысының 2019 жылы көтерген бастамасы. Президент «Сапалы кадрсыз реформа болмайды» деп нақты атап өтті. Сондықтан елімізде білікті, білімді, елге адал жастарды мемлекеттік басқа­ру жүйесіне тарту – басты мақсат­тардың бірі. Президенттік жас­тар кадр резерві осы мақсатқа жету­дің нақты әрі тиімді құралы деп есеп­теймін. Ең бастысы, бұл – әлеу­меттік баспалдақ, яғни қай өңір­ден шыққанына, білімі мен қа­білетіне қарай мемлекеттік қыз­мет­те жоғарылауға зор мүм­кіндік.

Бұған дейін үш іріктеу өткізі­ліп, төртінші іріктеу толқыны жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін өткен үш іріктеу кезеңіне елордадан 4 мыңнан аса жас маман қатысып, олардың ішінен 100-ге жуық азамат резервке қабыл­данған. Ал төртінші іріктеу бо­йынша елордада аталған жоба­ға өтініш білдіргендер саны 1 841 адамды құрап отыр. Бұл жобаны пай­даланып, өз болашағын ел тағ­ды­рымен байланыстыратын азамат­тар көбейсе, Қазақстанның да ке­лешегі жарқын болары сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Астана