
Алматыда мұндай шағын сауда орындарының саны 3,5 мыңнан асады. Кәсіп иелері жүктеменің артып, ережелердің үнемі өзгеріп жатқанына алаңдаулы. Кәсіпкерлер екі негізгі проблемаға тоқталды. Біріншісі – 4 пайыз көлеміндегі бөлшек салық. Шағын дүкен иелері рентабельділікті сақтап қалу үшін оны 2 пайызға дейін төмендетуді талап етуде. Сондай-ақ оларды цифрландыру және мобильді аударымдар мәселесі толғандырады. Аударымдарды бақылауға бағытталған жаңа ережелер де алаңдатуда. Банктік комиссия мөлшері 5 пайызға дейін жетіп, кәсіпкерлердің табысын азайтады. Салықтық жүктеменің артуы мен жаңа талаптардың енгізілуі сөзсіз бағаның көтерілуіне әкелмек, ал мұндай сауда нүктелеріндегі баға деңгейі қала тұрғындарының сатып алу қабілетіне тікелей әсер етеді.
Қазір жекелеген дүкендер ескірген үлгімен жұмыс істеуде. Күн сайын отызға жуық бастапқы құжат толтыруға, салыстыру актілерін рәсімдеуге және қолма-қол емес төлемдерді жүргізуге мәжбүр. Заңды әрі жеңіл түрде бизнес жүргізуге арналған құралдар жоқ. Сарапшылардың пікірінше, нарықты көлеңкеден шығару үшін бизнесті автоматтандыру, бірыңғай орталықтандырылған сатып алу жүйесін құру, бухгалтерлік аутсорсинг пен кадрлық аудитті енгізу сияқты жүйелі қадамдар қажет.
Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, дәл осындай мәселелер талқылануға тиіс. Оның сөзінше, шағын бизнес түсінікті әрі әділ ережелермен жұмыс істеуі керек, ал қазіргі жағдайда олар тек қысымға шыдап, күн көруде.
– Егер бөлшек сауда салығы мен цифрландыру мәселесін кәсіпкерлермен ашық диалог арқылы шешпесек, тұтас бір нарық сегментінен айырылып қалуымыз мүмкін. Ал ол дегеніміз – жұмыс орындары, салық түсімі және халық үшін тауардың қолжетімділігі. «Үй жанындағы дүкендер» ертеңіне сенімді болуға тиіс, – деді Мәжіліс депутаты.
Сапар аясында депутат IT-компаниялардың, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесіп, Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға қатысты. Сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Кездесулер барысында салық жүктемесі, кәсіпкерлікті қолдау және нарықтағы барлық қатысушы үшін тең жағдай жасау мәселелері талқыланды.