
Фото: White House / X
Алдымен Зеленский мен Трамп жеке сөйлесіп, кейін келіссөздерге Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен, Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Финляндия президенті Александр Стубб, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони және НАТО бас хатшысы Марк Рютте қосылды.
Кездесу барысында басты мәселе Ресеймен диалогты бастауға арналды. Дональд Трамп Владимир Путинмен сөйлескенін және оның Зеленскиймен кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Германия канцлері Мерцтің айтуынша, екіжақты кездесу алдағы екі аптада өтуі мүмкін, кейін үшжақты форматта келіссөз жалғасады.
Украина қауіпсіздігі жөнінде нақты келісімдер де жасалды: Киев АҚШ-тан 90 миллиард доллар көлемінде қару-жарақ сатып алады, оның төлемін Еуропа елдері көтереді. Сонымен бірге Украина әскери дрондар өндірісін жолға қояды. Ал шекара және жер мәселесі бұл жолы қаралмады, ол Ресейдің қатысуымен өтетін үшжақты кездесуде талқыланбақ.
Ақ үйде Зеленский мен Трамп ұрыс алаңының картасын бірге зерделегені белгілі болды. Келіссөздің қорытындысында Трамп «Ресей мен Украина арасында бейбітшілік орнату мүмкіндігі артты» десе, Зеленский «Соғысты тоқтатудың жолдарын іздеуге дайынмын» деп мәлімдеді.
Франция президенті Эмманюэль Макрон «Құрама Штаттармен қауіпсіздікке кепіл болу және әріптестік орнату жөнінде келістік» десе, Ұлыбритания премьері Кир Стармер «Кездесу өте жемісті өтті, тараптар арасында түсіністік бар» деп бағалады.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп пен Путин Аляскада жүздесіп, Украина мәселесін жеке талқылаған болатын.