
Фото: gov.kz
Елімізде теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы - 16 мың шақырым. Нұрлан Сауранбаев тасымалдардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа жол құрылысын салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар, 11 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары қарқынды. Ал 5 жоба бойынша жаңадан құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар – «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» «Бақты – Аягөз» учаскелері және «Алматы айналма теміржолы».
Биыл мерзімінен бұрын екі ірі жоба «Достық – Мойынты» учаскесі және «Алматы айналма теміржолы» аяқталады.
Келесі жылы «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржолдарын іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге, биылдан бастап 3 мың шақырымдық теміржол учаскелерінде кең ауқымды жаңғыртулар басталды.