
Чехов артық бояуды, шешенсуді сүймейтін. Өзінен өзге адам жасап, «әсемсіп, сәнсіп» жүргендерге мысқылмен қарайтын. Максим Горькийдің естелігінде жазушыға бір топ әйел келгенін жазады. «Олар саясатқа аса қызығатын адамдарша «жоғарғы» сұрақтарын қоя жөнеледі.
– Антон Павлович! Қалай ойлайсыз, соғыс немен аяқталады?
– Меніңше, бейбіт келісіммен.
– Әрине! Кім жеңеді? Гректер ме, әлде түріктер ме?
– Кім мықты болса, сол жеңеді.
– Ал сіздіңше, қайсы тарап мықтырақ?
– Қайсысы жақсы тамақтанған, білімдірек болса, сол тарап...».
Мұнан соң әйелдер «қандай ұтымды жауап!» деп жазушының өз тілімен сөйлей бастайды. «Сіз түріктер мен гректердің қайсын көбірек жақсы көресіз?» дегенде, Чехов: «Мен мармеладты жақсы көремін, сіздер де ұнатасыздар ма?» дейді. «Әрине!» деп қуана кетеді әйелдер, бірі «оның хош иісі ғажап!» деп құлпыра кетеді. Мұнан соң жазушы «әр адам өз тілінде сөйлеуі керек» дегенді айтады.
Чехов «Құндақтаулы адамында» қоғамдық «қоршауларға» қамалған мұғалімнің бірегей бейнесін жасады. Иә, өз рухын тұншықтырып, жанын буындырып, қоғам жасап берген қалыптағы пенденің аянышты болмысын ашты. Расында, барлық сыртқы күшті бір сәт шетке ысырып, өз тереңіне үңілер адамдар азайып барады. Виртуалды әлем шарықтаған кезеңде адамдардың өзіне жетуі мұңға айналды. Сондықтан ба екен, тек ерінмен сөйлейтін, кісіге енжар, өлімге де селт етпейтін дірдексіз денелер артып отыр. Чехов: «Мен селқос, енжарларға төзе алмаймын! Олар ештеңе сезінбестен сөйлей береді, ән де салады. Бар айтқаны шартты түрде ғана, өлі шығады» деп күйінеді. Пушкиннің «Оба кезіндегі той» драматургиялық поэмасында оба тараған кездегі кей топтың өлім алдындағы немқұрайлығын, дәрменсіз болмысын әшкерелейді. Ал Шопенгауэр сыртқы сауық үшін ішкі жарығын сөндіріп алған пенделерге аянышпен қарайды.
Чеховтың ұяңдығы – ішкі әлемінің кеңдігінен еді. Жазушының пікірінше, жан дүниесі шектеулі адамдар көбіне дабырашыл, даңғой келеді.