Айбын • Бүгін, 09:15

Шекара қорғаны

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бес бірдей мемлекетпен шектесетін еліміз бүгінде тыныштық пен тұрақтылықтың ерекше үлгісін көрсетіп келеді. Өйткені ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын ел іргесін антына адал, рухы биік әскерилер күндіз-түні асқан қырағылықпен күзетеді. Әрі қазір ұлан-ғайыр атыраптың тұтастығын, ұлттық қауіпсіздікті сақтауда заманауи әдістер қолданылады.

Шекара қорғаны

Жанат Андасбаев шекара қыз­метінде 2010 жылдан бері еңбек етеді. Табиғаты мен тарихы бай Жетісу өңірінде өсіп, ел қорғаған ерлерге сүйсіне қараған азаматтың бойында әскери қызметке деген ерекше ынта-ықылас ерте қалыптасқан. Сөйтіп, бала арманы мақсатқа, мақсаты әрекетке жетелеп, бүгінде ҰҚК ШҚ Жамбыл об­лыстық департаменті тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының бас­тығы міндетін атқарып келеді.

шекарашы

– 15 жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясының төрт жылдық оқуын бітіріп, еңбек жолымды Жамбыл облысы, Тұрар Рыс­құлов ауданы, Көкдөнен ауылында орналасқан «Көгершін» шекара заставасында, застава бастығының орынбасары лауазымынан бастадым. Кейін қызметімді Жамбыл облы­сының Меркі, Жуалы аудан­дарында орналасқан шекара заставаларында жалғастырдым. Бұл аймақтар таулы және орманды белдеулерімен, өзен аңғарларымен ерекшеленеді. Мұнда үздіксіз бақылау, жедел әрекет ету және жер бедерін жетік білу аса маңызды. Бірақ қырағы­лық пен темірдей тәртіп оған ке­дер­гі емес. Араға уақыт салып, Тараз қаласындағы 2035 әскери бөлімінде саптық және кадрлық жұмыстар бөлім­шесінің бастығы қызметін де атқардым. 2015 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік өңірлік басқармада қызметімді жал­ғастырдым. 2017 жылы Алматы қаласындағы Жеке байланыс полкында қызмет етіп, әскери ұжымның ұйым­дастырушылық және тәрбие жұмыс­тарын ны­ғайтуға үлес қостым. Әр өңір­дегі қызмет тәжірибесі мені кәсі­би тұрғы­да шыңдап, шекара күзетінің жауап­кершілігі мен маңызын терең түсінуге мүм­кіндік берді, – дейді шекарашы.

Заңсыз көші-қон, контрабанда секіл­ді түрлі қауіптен қорғау, кейде қарулы қарсыласқа  қара­мас­тан, жанқиярлықпен күресу – шекарашылардың төл міндеті. Елімізде осы қызметтің үдесінен шы­ғып, қанатқақты рухтың үл­гісін көрсетіп келе жатқан 30 мың­нан аса қыз-жігіт бар. Олар­дың шамамен 12 мыңы күн са­йын жауын­герлік кезекшілікке шы­ғады. Әңгіме барысында Жанат бұл нағыз ер азаматтарды шыңдайтын бірден-бір сала екенін айтып қалды.

шекарашылар

– Шекара қызметінде қиын­дықтар мен сынақтар күнделікті кездеседі. Бұл – ауа райының күрт өзгеруі, таулы аймақтардағы ауыр жағдай, түнгі уақытта қырағылықты жоғалтпау, алыс шекара учаскелерінде үздіксіз бақылау жүргізу. Кейде таби­ғат­тың тосын мінезі – боран, қатты аяз немесе аптап ыстық қызметке елеулі кедергі келтіреді. Қатерлердің бірі – заңсыз шекара бұзушылардың әрекеті. Олар кейде қарсылық танытып, қауіп-қатер тудыруы мүмкін. Сондай-ақ браконьерлермен немесе контрабандашылармен бетпе-бет келетін кездер де болады. Мұндай сәттерде бастысы – кәсіби дайындыққа сүйеніп, әріптестермен бірлесе, үйлесімді әрекет ету, – дей келе Жанат Өміржанұлы қызмет бары­сын­да­ғы эктремалды оқиға­сы­мен де бөлісті.

– 2012 жылы Жуалы ауданын­дағы «Ақсуат» шекара заставасында қызмет атқару кезінде үш күндік жасырын бақылау барысында мем­лекеттік шекараның арғы бетіне заңсыз өткен контра­бан­дашыларды анықтадық. Жедел операция барысында олар біздің іс-әрекетімізге қарсы шығып, тіпті травматикалық пистолет қолданды. Дегенмен кәсіби да­йын­дық пен батыл қимылдың арқасында қылмыскерлер құрық­талып, жалпы салмағы 28 кило марихуана тәркіленді. Бұл оқиға – шекарашының қызметі тек бақылау мен күзет қана емес, осындай сәттерде суық санамен жедел шешім қабылдап, батыл әрекет  етуді, төзімділікті талап ететінін көрсетеді. Бұл мен үшін патриоттық борыш пен антқа адалдықтың шынайы сынағы болды, – дейді Ж.Андасбаев.

Ел шекарасын қорғау – мем­лекеттің егемендігі мен ішкі тұрақ­тылығын қамтамасыз ететін бас­ты стратегиялық бағыт. Сон­дық­тан тәуелсіздік жылдардан қалып­тас­қан қырағы қызмет заман талабына сай жасақталып, жыл санап жаңарып келеді.

– Осыдан төрт жыл бұрын Президент пәрменімен салада реформа жүргізілді. Осылайша, шекара қызметі жаңашылдыққа бет бұрды. Қазір түрлі автокө­ліктер, арнайы бақылау-байланыс жүйелері, түнгі көру құрыл­ғы­лары, тепловизорлар, рация байланысы, бейнебақылау жүйелері және шекаралық сигнал беру кешендері секілді тағы басқа заманауи құралдар ел іргесін сақтауда септеседі. Соны­мен қатар кейбір бағыттарда ұшқышсыз басқарылатын аппараттар қолда­ны­лады, бұл шекара аумағын жедел бақылауға мүмкіндік береді. Әрине, кей арнайы техникалар мен әдістер құпия болып саналады. Себебі олардың ашық жариялануы шекара қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. Дегенмен айтарым – қолда бар барлық құралдарымыз әрдайым дайындықта, ал оларды басқаратын мамандарымыз – жоғары кәсіби деңгейде, – дейді Ж.Андасбаев.

Жалпы, «Шекара әскерлерін құру туралы» Жарлыққа 1992 жылы 18 тамызда қол қойылды. Алайда бұл күн ресми түрде мерекелер тізіміне тек 2012 жылдың 29 тамызында енгізілді. Содан бері шекара шебін күзеткен әскерилер жыл сайын салтанатты түрде атап өтеді. Олардың қатарында кезекті кейіпкеріміз ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің байланыс кезекшісі Кенжегүл Қандығатаева да бар.

шекара

– Шынымды айтсам, шекара­дағы өмірімді қатардағы байланысшы болып бастаймын деп тіптен ойламадым. Ол кезде мені әскери қызметке бұрынғы Мақаншы шекара жасағының басшылығы алған. Кейін Алматы іргесінде орналасқан Ақжардағы байланыс полкіне ауыстым. Қазір департаменттің байланыс­пен қамтамасыз ету тобында еңбек етемін. Жұмысым ұнайды. Шека­рада болып жатқан бірде-бір оқиға назарымыздан тыс қалмайды. Бір тәуліктің ішінде жан-жақтан келген қоңырауларға жауап беріп, минут сайын түсе­тін ақпаратты қабылдап, өңдей­міз. Департамент пен ел шебінің арасындағы байланыстың үзіл­меуін қадағалаймыз, – дейді сержант.

Кенжегүлдің осындай ма­ңызды міндеттің жүгін арқа­ла­­­ға­­нына биыл 12 жыл толды. Десек те ол қауырт қыз­метімен қатар, отба­сын­дағы аналық, әйелдік міндетін ұмыт­қан емес. Бұл мамандыққа деген адалдықтан бұрын, Отан алдын­дағы борышын анық түсін­ген азаматтың әрекеті дерсіз.

– Бір күні департамент аума­ғында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған бізге бала­лармен келуге рұқсат етті. Орайы түсіп, кіші ұлым мен қызымды ерте келгенмін, мұнда көрме ұйымдастырылып, қару-жарақ пен байланыс құралдары қойы­лыпты. Балаларым қарулар­ды қызықтаудың орнына түрлі байланыс құралдарын ұстап көріп, маңайындағы өздері сияқ­ты балапандарға «менің анам осындай құралдармен жұмыс істейді!», деп мақтанышпен айтып жат­қанын естіп, көңілім елжіреді, – дейді К. Қандығатаева.

Мемлекеттік шекараны күзе­ту – көзге көрінбейтін, бірақ ел тағ­дырын айқындайтын сал­­мақты міндет. Осы жолда абы­рой­­мен еңбек етіп жүрген Жанат Андасбаев пен Кенжегүл Қанды­ғатаеваның өмірбаяны шекара­шы­лардың қызметі ерлікке толы екенін, ал олардың әрбір қадамы – бейбіт өмірдің кепілі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.