
Суретті түсірген – Қасиет Мұхтаров
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен тұлғаның 100 жылдығына орай білім ұясының ғимаратына мемориалдық тақта ілінді.
Іс-шараға кинорежиссердің қызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, шығыстанушы ғалым Меруерт Әбусейітова, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысты.
– Әкем жан-жақты, сегіз қырлы адам болды. Әншілігі бір басына, өзі бастап 1000-ға жуық фильмді қазақ тіліне аударған. Туған жерін жанындай сүйді, Баянауыл баурайында қазақтың ірі тұлғалары туралы деректі фильмдер түсірді. Жыл сайын Баянауылға бәрімізді алып келіп, ең әуелі ғұлама Мәшһүр Жүсіптің зиратына тәу ететінбіз. Мәшекең әулие адам болған ғой, әкеміз бен інісі Суаттың есімін сол кісі қойған екен. Негізі әкеміздің әкесі – Әуезбек, ол кісі үнемі жұмысбасты болып ағасы Әшірбек бауырына басқан. Сөйтіп біз Әшірбек атаның немерелері болып кеттік, – деп әңгімеледі Меруерт Қуатқызы.
Қуат Әбусейітов жары Майра Бекжұманқызы екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген. Кенжесі Қайрат Әбусейітов дипломат, көп жыл шет мемлекеттерде елші болып жұмыс істеді. Қазір де аталған салада еңбек етіп жүр.
Айтып өтейік, Қуат Әшірбекұлы – Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1975). Алматы киноактерлер мектебін (1947), Бүкілодақтық мемлекеттік кино институтын (1958, Г. Рошаль мен С. Юткевичтің шеберханасында) тәмамдаған.
Мектепте оқып жүріп, жергілікті қазақ театрының сахнасына шығып, негізгі труппаға қабылданған. Одан соң Киноактерлер мектебінде оқи жүріп, Алматы көркем және хроникалық-деректі фильмдер студиясының киноаударма бөлімінде жұмыс істеді. 1990 жылы «Айтуар» атты деректі фильмдер түсіретін студия ашты. «Сыр сандық» атты естеліктер кітабы жарық көрген.
Павлодар облысы