
Нәтиженің жолы ауыр
Қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру дәйекті түрде жалғасып жатыр. Есесіне елде қылмыстық ахуал түзелді. Былтыр осы кезеңде 82 573 жағдай тіркелсе, биыл бұл 76 512 дерекке азайыпты.
Интернет алаяқтық пен есірткі мәселесімен де күрес қарқыны күшейтілді. Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қауіп-қатерді ерте анықтау және алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр. Мүдделі органдардың бірлесе жұмыс істеуінің арқасында әзірге 61 кибертоп әшкереленіп, 217 «дроппер» қылмыстық жауапқа тартылды. Ғаламторды кезген 88 мың есірткі дүкенінің шоттары жабылды.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Ұлттық банк бірлесе «Антифрод орталығы» жүйесі арқылы 2,5 млрд теңгені бұғаттады. Бұдан бөлек, байланыс операторларының көмегімен 67 млн жалған қоңырауға шектеу қойылды. Жыл басталғалы киберқылмыс жасаған 900-ге жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте.
Себебі республика көлемінде алаяқтарға жем болғандар саны артып барады. Өткен жеті айдың өзінде осындай 13 800 дерек тіркелген. Тұрғындардың шығыны миллиондап емес, миллиардтап саналады. Бір ғана Ақмола облысында интернет алаяқтық көрсеткіші 50%-ға өсіп кеткен.
– Биыл қаңтар-шілде аралығында облыста қылмыстық ахуал өзгерді. 7 айда құқық қорғау органдарына 70 038 өтініш пен хабарлама түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға көп. 4 мыңға жуық қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді.
Облыста интернет алаяқтық белең алып тұр. Онсыз да айлығы шайлығынан аса алмай жатқан халықты әккілер қарызға белшесінен батырып отыр. Осы орайда қыркүйектен бастап банк карталары мен төлем құралдарын үшінші тұлғаларға заңсыз беру, яғни «дропперлік» үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілетіні қуантады, дейді Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Ақмола облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақыл Қарпықбаев.
Жақында шілде айында Instagram әлеуметтік желісі арқылы тұрғындарды оңай әрі жылдам пайдаға кенелтемін деген жалған уәделермен алдап келген екі адамнан құралған топ ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Тергеу барысында күдіктілердің 20-ға жуық алаяқтық дерекке қатысы бары анықталды. Сонымен қатар интернетке жалған автокөлік сату туралы хабарландырулар орналастырып, азаматтарды алдағандар қолға түсті. Бұл іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, материалдар сотқа жолданды.
Оған қоса, сәуір айында ел тұрғындарының жеке деректерін заңсыз иемденіп, оларды үшінші тұлғалардың атынан түрлі жарнама агенттіктерінде тіркелу үшін пайдаланған Астана тұрғынына қатысты тергеу жүріп жатыр. Алаяқтық жолмен тапқан қаражатты күдікті криптовалютаға айналдырып отырған. Қазір оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, оның еліміздің басқа да өңірлерінде тіркелген 18 алаяқтық дерекке қатысы бары анықталды.
Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері еліміздің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің көмегімен криптовалютамен заңсыз сауда жасағаны үшін іздестірудегі отандасымызды Дубайдан экстрадициялады. Күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті лицензиясыз «Binance» криптобиржасының платформасында жеке тұлғалар үшін цифрлық активтерді сатып алу, сату және айырбастауды жүзеге асырып, 400 млн теңге сомасында заңсыз табыс тапқан.
Дубайда ұсталған ол Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге жеткізілді.
Алаяқтарға не істеуге болады?
Мамандардың сөзіне сүйенсек, халықтың көпшілігі әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі, телефонындағы жеке деректерді қорғау жолдарын біле бермейді. Салдарынан алаяқтардың кезекті құрбаны болады. Биыл жарты жылда интернет алаяқтар отандастарымыздың 25 млрд теңгесін ұрлаған. Оның тек 1 миллиардқа жуығы ғана иелеріне қайтарылды. Ең өкініштісі де – осы. Қылмыстардың ары кетсе 26 пайызы ғана ашылады екен. Өйткені шетелдерде отырып, алыстан арбалайтындарға тұсау салу қиын.
– Қазіргі таңда алаяқтар WhatsApp, Instagram сияқты әлеуметтік желілері мен мессенджерлерін, OLX, Kolesa.kz, Krisha.kz сынды онлайн сауда платформаларын белсенді пайдаланып жатыр. Олар әртүрлі сылтаумен сізден ақша сұрауы мүмкін. Мәселен, тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем сұрау, инвестицияға тарту, сыйлық немесе жеңілдік уәде ету сияқты түрлі айла-тәсілдер арқылы сізді алдауы мүмкін. Ешқашан банк картаңыздың деректерін, ЖСН, SMS-кодтарды немесе басқа да жеке мәліметтеріңізді ешкімге айтпаңыз. Полиция, ҰҚК, банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы сізден жеке деректер сұрамайды және ақша талап етпейді, – дейді Ақтөбе облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров.
Бұдан бөлек қазір қанатқақты режімде Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды.
Қылмыспен күрестегі серпін
Жалпы, қазір елімізде түрлі құқықбұзушылыққа қарсы күресте ұдайы ІТ шешімдер қолданылып жүр. Мәселен, алаяқтармен күресте «Антифрод орталығы» жүйесінен бөлек отандық «KazDream» және «Seven Hills of Kazakhstan» компаниялары әзірлеген арнайы бағдарламалық кешендер кеңінен пайдаланылады. Одан бөлек, «Цифрлық қадағалау» АТЖ бірыңғай платформасына мемлекеттік органдар мен ХҚКО-лардың деректер базасы біріктірілген. Оған 3 мың көше камералары қосылған. Прокуратура органдарының алғашқы жеті айдағы есебіне иек артсақ, нәтижесінде қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылық 23 121-ден 21 269-ға дейін, көшелерде 11 035-тен 10 272-ге дейін төмендеген екен.
– Цифрлық құралдар адамдарды іздестіруде де жиі қолданылады. Енді ол пробациялық бақылауда пайдаланыла бастады. Осыдан кейін 2 547 азаматты қылмыстық ортаға негізсіз тартуға жол берілмеді. Азаптау фактілері үш есеге қысқарды. Сотталған 81 адамның жағдайы жақсарды. Тергеу органдарының 12 мыңнан аса заңсыз шешімінің күші жойылды. Әлеуметтік-экономикалық салада да құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі қадағалау құрылды. Оның негізінде 2 миллионнан астам отандасымыздың әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді. Прокурорлар әлеуметтік тұрғын үйді бөлу тәжірибесін қайта қарауға қол жеткізді. Нәтижесінде, 529 жетім бала пәтерге ие болды, тағы 409-ы кезекке тұрды. Барлық бұзушылық бойынша қадағалау актісі енгізіліп, 4,5 мың баланың құқығы қорғалды, – дейді Бас прокурор Берік Асылов.
Тағы бір маңызды аспект – балық шаруашылығындағы қылмыстық схемалар ашылды. Оңтүстік және шығыс өңірлерде заңсыз жолмен балық аулау және оны заңдастыру фактілері анықталды. Инвестициялық жобаларды қолдау барысында 822 (2023 жылдан бастап – 1522) инвесторға көмек көрсетілді. Олардың инвестиция мөлшері – 8,3 трлн теңгені құрады. Жалпы, қабылданған шаралар ондаған мың жұмыс орнын құруға және сақтауға ықпал етті.
Әлеуметтік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру үшін де бюджетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Биыл Активтерді қайтару комитеті 354 млрд теңгеден астам қаржыны қайтарды. Ол 400-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысына жұмсалып жатыр.
Жалпы, прокуратураның жымқырылған активтерді қайтару, тергеп-тексерілген қылмыстық істер бойынша залал, әлеуметтік-экономикалық саладағы және атқарушылық іс жүргізудегі қадағалау актілері бойынша бюджетке 716 млрд теңге өтелді. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласында 109 млрд теңгенің ықтимал шығындарына жол берілмеді.
Айта кетейік, халықаралық ынтымақтастық саласында 3 келісім ратификацияланды. Сондай-ақ биыл маусымда Еуропа Кеңесінің министрлер комитеті еліміздің Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенциясына қосылу туралы өтінімін бірауыздан қолдады. Бұл – Еуропаның 46 мемлекетінен қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді алуға мүмкіндік береді.