Инвестиция • Бүгін, 08:53

Инвестициялық ынтымақтастық

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов «Dan Capital» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «ValueLBH Fund» қорының басқарушы директоры және серіктесі Шимон Бен Хамомен кездесті. Тараптар еліміз үшін басым экономикалық секторларда инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру келешегін егжей-тегжейлі талқылады.

Инвестициялық ынтымақтастық

Келіссөздер барысында көлік-логистикалық инфрақұрылы­мы, ауыл шаруашылығы, шикі­зат­ты қайта өңдеу, жаңартыла­тын энергетика, мұнай өңдеу және жо­ғары технологиялық өндіріс сияқты салаларға ұзақмерзімді ин­вес­тициялар тарту мүмкіндік­тері­не ерекше назар аударылды. Қарастырылған нақты жобалар қатарында халықаралық көлік дәліздеріне шығатын логистикалық хабтарды салу және жаңғырту, агроөнеркәсіп кешеніне озық технологияларды енгізу, «жасыл» энергетика (күн және жел электр стансалары) саласында бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ мұнай өңдеу қуаттарын дамыту бар. Компания бұл бастамаларды жүзеге асыруға 1,5 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция салуға дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында Ғ.Оспан­құлов мемлекетіміз инвестор­ларға мемлекеттік қолдаудың кең ауқымын және халықаралық нарық­тарға қолжетімділікті қоса алғанда, бизнес жүргізуге қолай­лы жағдай ұсына алатынын жеткізді.

– Алдыңғы қатарлы халықара­лық инвестициялық қорлармен ынтымақтастық елімізге экономиканы әртараптандыруға және озық технологияларды енгізу бағытында қосымша мүмкіндіктерге жол ашады. Ел аумағында болашағы зор жобаларды іске асыруға толық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы.

Өз кезегінде Ш.Бен Хамо еліміздің инвестициялық әлеуе­тін жоғары бағалап, оның негізгі сауда жолдарының тоғысын­дағы стратегиялық орналасуын, тұрақты макроэкономикалық серпінін атап өтті. Оның сөзін­ше, еліміз өндірістік қуат­тар­ды орналастыруға, жаһан­­дық жеткізу тізбектеріне инте­гра­циялануға, жоғары экспорттық әлеуеті бар ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдайға ие.

Тараптар жекелеген бастамалар бойынша мазмұнды консультацияларды жалғастыру­ға, қол жеткізілген уағдалас­тық­тарды бекіту үшін шеңберлік келісімдерге қол қою мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.

Айта кетейік «ValueLBH Fund» – халықаралық тәжірибесі бар инвестициялық қор, ол жылжымайтын мүлік, энергетика, инфрақұрылым, агробизнес салаларындағы жобаларды қаржыландыру және сүйемелдеу бойынша маманданған. Қор өсу әлеуеті жоғары және орнықты экономикалық модельдері бар жобаларға инвестиция салады, сондай-ақ экологиялық стан­дарт­тар мен әлеуметтік жауап­кершілікке ерекше көңіл бөледі.