
Конференцияға еліміздің жетекші ғалымдарымен бірге Түркия, АҚШ, Жапония, Мажарстан, Әзербайжан, Қырғызстаннан мифология, тарих, тілтану, өнертану салаларының белгілі зерттеушілері қатысып, С.Қондыбайдың мифологиялық мұрасын цифрландыру және оны жаңа буынға танымал етудің механизмдерін талқылап, бірлескен халықаралық жобалар туралы кеңес құрды.
Фестивальға ұсынылған 50-ден астам фильмнің 8-і негізгі, 9-ы студенттік байқауға өтті. Фильмдер түркі мифологиясының ең күрделі тақырыптарын — аспан-жұлдыздар жүйесі, дүниенің құрылымы, батырлық эпос бейнелері арқылы көрсетті.
«Биыл алғаш рет «Серікбол Қондыбай еңбектерінің үздік анимациялық бейімделуі» аталымын жариялап отырмыз. Бұл — болашақта түркі мифологиясына арналған толықметрлі мультфильмдер жасауға мүмкіндік береді. Осылайша, автордың ғылыми еңбектерін кеңінен насихаттап, түркі халықтарының мәдени құндылықтарын анимация өнері арқылы жаңа деңгейде танытуға бағытталған», дейді Маңғыстау облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ж.Төремұратұлы.
Ұйымдастырушылар анимация мен ғылымды ұштастыра отырып, түркі халықтарының мифологиясын заманауи
көзқараспен жеткізуді мақсат еткенін айтады.
– Серікбол Қондыбайдың еңбектерін дәріптеу, түркі мифологиясын анимация тілімен жеткізу – өте маңызды. Бүгінгі «Үркер» фестивалі мен халықаралық конференция – Ақтаудың мәдени астана ретіндегі алғашқы қадамдарының бірі. Бұл бастама болашақта халықаралық мәдени жобаларға жол ашып, Ақтауды түркі халықтары заманауи мәдени диалогінің орталығына айналдырады, – дейді Түрксой ұйымы түркітілді қауымдастықтармен қарым-қатынастар департаментінің басшысы Джавид Мөвсүмлү.
«Серікбол Қондыбай мұрасы және түркі әлемі» IV халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы аясында өткен іс-шараға қатысушы шетелдік және отандық ғалымдар, зерттеушілер, жазушылар ғалымның кіндік қаны тамған Маңғыстау ауданына арнайы барып, мемориалдық музейіне ат басын тіреді. Туған жерінде автордың әйгілі «Қазақ даласы және герман тәңірлері» атты кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасының — «The Kazakh Steppe and the Germanic Gods» аудармасының тұсаукесері өтті.
Ғылыми-көпшілік стильде жазылып, герман-скандинав мифі мен эпосының арғы тегі түркі дүниесімен байланысы кеңінен зерттелген еңбек 2000 жылы жарық көрген еді. Еңбекте ғалым мифтерді түркілік көзқараспен түсіндіріп, өзіндік тың тұжырымдар ұсынған. Ғалымдар кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасының жарық көруі «Серікбол Қондыбай мұрасының халықаралық деңгейде насихатталуына, әлем ғалымдарының назарын түркі дүниесіне аударуға үлкен мүмкіндік берді» деп атап өтті.
Қонақтар музей залдарын көріп, «Қараман ата» киелі орнына барды, ғалымның рухына зиярат жасады. Айрақты, Шерқала секілді табиғи ландшафтарды аралап, Отпан тау тарихи-мәдени кешенін тамашалады.
Екі күнге созылған іс-шара қорытындысында «Үркер» қысқаметражды анимациялық фильмдер фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Мифологияны үздік бейнелегені үшін «Балалы үй базар» туындысымен қазақстандық М.Жұбаныш, үздік ұлттық анимациялық фильм «Жарқанат пен құрбақа» туындысымен татарстандық С.Киатров, үздік студенттік фильм «Түрлі түсті қанаттар» туындысымен өзбекстандық Д.Насирова мен Д.Забихиддинов, үздік қысқаметрлі фильм «Тұран» туындысымен қазақстандық Ж.Байдарбек марапатталды. Сондай-ақ қазылар алқасының арнайы жүлдесі «Дәруіш» туындысымен Я.Жұмабаеваға, «Көрермен көзайымы» М.Жұбанышқа, ТҮРКСОЙ арнайы жүлдесі «Нарғыз» туындысы үшін Әзербайжаннан келген Масуд Панахиға табысталды. Ал фестивальдың бас жүлдесі гран-при «Алтын көл» туындысы үшін отандасымыз Г.Тазабековаға бұйырды.
Конференцияның ашылуында ағылшын тіліндегі «Арғықазақ мифологиясы» кітабының тұсаукесері өтті. Арада бір-екі күн өткенде Серікбол Қондыбайдың мемориалдық музейі ресми түрде ТҮРКСОЙ Музейлер одағының мүшесі атанды. Бұл ғалымның туған жері Шетпе ауылында орналасқан шағын музейдің алыс көкжиекке араласып, жаңа тыныс, жаңа қадамдарға жол бастауы болмақ.
Маңғыстау облысы