
Фото: exp.idk.ru
Оның ішінде тауар өндіру көлемі 8,3%-ға, қызметтер 5,2%-ға (бұл ретте ең қарқынды сегмент көлік пен сауда болып отыр), өнеркәсіп 6,9%-ға артқан.
ЖІӨ-нің өсуіне ең көп үлес қосқан салалар қатарында көлік және қойма – 22,5%, құрылыс – 18,5%, көтерме және бөлшек сауда – 8,6%, тау-кен өнеркәсібі – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 6,1% бар.
Көлік және қойма саласындағы қызмет көлемі теміржол, құбыр желілері және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің жоғары болуына байланысты 22,5%-ға өсім көрсеткен.
Құрылыс саласында жұмыс көлемі 18,5%-ға артты (2025 жылдың қаңтар–маусымындағы 18,4%-бен салыстырғанда). Түркістан облысында (+34,6%) мектептер, теміржол желілері және автожолдар құрылысы, Ақтөбе облысында (+25,6%) жайлы мектептер құрылысы мен жолдарды реконструкциялау, Жамбыл облысында (+13,1%) және Шығыс Қазақстан облысында (+5,9%) тұрғын үйлер, медициналық нысандар және электр желілерін салу жобаларын жүзеге асыруға байланысты жоғары өсім тіркеліп отыр.
Сауда 8,6%-ға өскен (2025 жылдың қаңтар–маусымында 8,4%). Есепті кезеңде көтерме сауда 9,5%-ға өсіп, жалпы өсімнің 66%-дан астамын қамтып, бөлшек сауда 6,6%-ға артқан. Айтарлықтай динамика Қостанай облысында (+17,6%), Солтүстік Қазақстан облысында (+12%) және Астанада (+9,2%) байқалған, мұнда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика өнімдерін және техника сату көрсеткіштері қарқынды түрде өсіп келеді.
Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім – 6,9%. Еліміздің барлық өңірінде өсім байқалған, динамика бойынша көшбасшылар – Жамбыл облысы (+18,2%), Солтүстік Қазақстан облысы (+14,9%), Шымкент (+15,8%) және Алматы (+13,5%), сондай-ақ Түркістан облысы (+12,3%).
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді (6,1%) машина жасау (+14%), азық-түлік (+9,2%), мұнай өнімдері (+8,6%), химия өнеркәсібі (+6%) және металлургия (+1,3%) көрсетіп отыр.
Ауыл, орман және балық шаруашылықтарындағы өндіріс көлемі 3,7% деңгейінде сақталған. Мал шаруашылығындағы өсім сүт (+6,1%), мал, құс бордақылау (+2,1%) және жұмыртқа (+0,9%) есебінен 3,4%-ға жетті.
Үкімет экономикадағы негізгі салаларды қолдауға, оны әртараптандыруға және инвестициялық белсенділікті ынталандыруға ерекше назар аудара отырып, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстайтынын хабарлады.