Абай • Бүгін, 08:05

Хакім туралы ой-толғам

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы орталығындағы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми, әм­бебап кітапханада «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты мәдени іс-шара көр­меден бас­талды.

Хакім туралы ой-толғам

«Сенімен болашақ» қоғам­дық ұйымы облыстық филиа­лы­ның басшысы, абайтанушы Жанат Мұхамеджанов «Абай ғибратнамасы», жергілікті орыс­тілді ақын, Жазу­шылар одағының мүшесі Кирилл Филонов«Слово назидания», облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Орал Жанатов «Абайдың толық адам ілімі», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Зарина Қанафина «Абайдың грек тілін­дегі өлеңдері» атты баяндамалар жасады. Жергілікті ақын­дар өлеңдерін оқып, әншілер Абайдың әндерін орындады.

2014 жылы сәуір айында жол түсіп, ұлы Абайдың елінде болған едік. Сонда жергілікті абайтанушы, ақынның өмір жолын ұзақ жыл зерттеген Әсет Мырзақасым ағамыз «Абайдың әдеби хатшысы» деген шағын тиражбен шық­қан жинағын сыйлаған. Соған және басқа дереккөздерге сүйеніп, Абайдың асыл сөздерінің алғаш баспа бетін көргені туралы тоқталдық.

Атақты абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов «Абай­дың тұңғыш өлең жинағында ақынның өз өлеңінің саны – 97, жолы – 3362 болса, аударма өлеңдер саны – 42, жолы – 1372. Екі поэмасының өлең жолы 292-ге жетті. Яғни 1909 жылғы тұңғыш жинақтағы өлең жолының жиынтығы – 5326 болып, халқымыздың мәңгі тозбас қазына көзіне айналды», деп еске алады.

Осындай деректер арқылы Абайдың 180 жылдығын атап өтуге жиналған қызылжарлықтар ақын шығармасының жарық көруі туралы біраз мағлұмат алып, марқайып қалды.

 

ПЕТРОПАВЛ