
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа нысан 75 мың тұрғынға арналған «Semey Smart City» шағын ауданында бой көтереді. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың басын қосатын 3 қабатты көпфункционалды мәдени кешен бірнеше блоктан тұрады. Кітапхана, қолданбалы өнер мұражайы, фотозертхана, көркемөнер және қалпына келтіру шеберханалары, кинозал, конференция залдары қарастырылады.
Абай облысының әкімі Берік Уәли ғимараттың іргетасын қалау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын алғаш болып қолдаған Маңғыстау облысының халқына алғысын жеткізді.
– «Абайға құрмет» акциясы аясында маңғыстаулықтардың өңірімізге сыйлығы ретінде Достық үйінің іргетасы қаланды. Достық үйі рәміздік мәні өте зор, екі өңірдің жалпыұлттық тұтастығын білдірмекші. Бүгінгі іс-шара еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін. Маңғыстау мен Абай облысы батыс пен шығыс шекарада жатқан шалғай аймақ болса да, ниеті ортақ, тілеуі бір екенін бүкіл Алаш жұртына көрсетті. Маңғыстау облысы азаматтарының елдің сәлемін алып, Абай тойының үстінде құрылысты бастауы үлкен құрметке лайық, – деді Берік Уәли.
Маңғыстау облысы делегациясының атынан мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Д.Сейбағытов, Қоғамдық келісім орталығы-облыстық үйінің директоры Н.Шарова мен Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми сараптамалық тобының төрағасы А.Базенов Маңғыстау жұртшылығына өңір тұрғындары атынан алғыс айтты.
Осы сәтте Ақтау қаласында Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Қатысушылар ақын шығармашылығынан өлеңдер оқып, ұлы ойшылдың қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан айрықша үлесін еске алып, ақын шығармаларының құндылығын атап өтті.
Маңғыстау облысы