Абай • Бүгін, 08:55

Қазақ данасы және әлем оқырманы

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Абайдың шығармалары – ұлттық шең­бер­ден асып, жаһандық деңгейге көтерілген рухани мұралар. Оның еңбектерін осындай биік белеске көтеріп тұрған, әрине, терең ой мен шынайылық. Кейінгі жылдары хакім еңбектері көптеген шет тіліне аударылып, шетел оқырмандарының да қызығушылығын оятты. «Goodreads», «Amazon», «LibraryThing» сияқты әлемдік ірі сайттарда ақын шығармалары туралы жылы пікірлер жазылғанын көзіміз шалды.

Қазақ данасы және әлем оқырманы

«Goodreads» – ағылшын тілді оқырман­дарға арналған әлемдегі ең ірі әдеби платформа. Бүгінгі жазбамызда осы әдеби порталдағы Абайдың «Қара сөздері» туралы шетел оқырмандарының шынайы пікірін оқырманға ұсынып отырмыз.

Ана-Мария есімді желі қолданушы төмендегідей лебіз қалдырыпты:

п

«Нашар аудармаға қарамастан, Құнанбайұлының тәлімдеріндегі ойлар бүгінде өзекті. Халықтың дамуы жеке тұлғаның дамуына негізделеді. Ол үшін адам материалдық және жеке пайда үшін емес, Құдайға деген сеніммен руханият пен білімді қабылдауы қажет».

 

пп

Ashraf Ali атты оқырман пікірін арабша жазыпты: «Абайдың «Қара сөздер» кітабы – XІX ғасырдағы қазақ қоғамына арналған, оның салт-дәстүрін, мінез-құлқын ащы сынға алған еңбек. Бұл кітап­та қоғамның дертті тұстары дәл көрсе­ті­ліп, өрлеу мен жаңғыру жолдары ұсыны­лады. Абай білім мен оның қоғам өркен­деуіндегі рөлі туралы ой қозғайды, адам­гершілік пен рухани құндылықтарға үндейді.

Кітапта мұсылмандарға жалпы, бүкіл адамзатқа арналған кеңестер мен өмірлік ойлар да кездеседі. Кейбір ойлар бүгінгі күннің өзінде өзектілігін жоймаған».

 

Берни Гурли:

«Абай поэзиясымен қатар, филосо­фиялық ойларымен де танымал. Оның «Қара сөздерінде» поэзиядан гөрі қара сөз­бен жазылған философиялық тұжы­рымдар басымырақ. Дегенмен кейбір жерлерінде өлең жолдары да кездеседі. Мен бұл кітапты Қазақстанда саяхаттап жүргенімде сатып алдым. Ескерте кету керек, кітаптың көп бөлігі сол дәуір­дегі қазақтарға қарата айтылған өткір сынға толы. Абай қазақтарды білім­ді, ізгілікті болуға шақырады, ал өз дәуі­рін­дегі қарапайым қазақтарды тек мал­дың саны мен байлығына ғана мән бере­тін, ұсақ-түйекпен айналысатын халық ретінде сипаттайды. Кітаптың тілі көр­кем, бірақ жалпы мазмұны осы ой төңі­регінде өрбиді. «Қара сөздер» ар­қыл­ы Абай қазақтарды білімге, пара­сатқа, адамгершілікке итермелеп, оятуға тыры­сады. Алматы қаласында оның есімімен аталған үлкен ескерткіш, бас­ты көше және метро стансасы барын ескерсек, көп­теген қазақтың Абай сөзін жүрек­пен қабылдағанын байқауға болады.

Егер сіз қазақ мәдениетін, оның ХІХ ғасырдан бері қалай өзгергенін түсінгіңіз келсе, бұл кітапты оқуға тиіссіз. Кітаптағы көп ойларды кейде жай ғана қарапайым шындық, таныс ақиқат ретінде қабылдауға болады».

 

пп

Леонардо:

«Тұтастығы мен ғұрпынан айырылуға шақ қалған бір ұлт пен халықты сілкін­діріп оятуға тырысқан қуатты сөздер Құнанбайұлының «Қара сөздері» болды. Бұл еңбекте қазақ даласына деген терең махаббат пен жүрекке бататын өкініш байқалады. Абай өз халқының санасын оятуға тырысқанымен, оның бұл талпыныс­тары нәтижесіз болғанына өкініш білдіреді. Құнанбайұлы өз халқының тар ойлы, ұсақ мақсаттарын жек көреді және білімді (тіпті ол орыс немесе түрік ықпалынан болса да) жоғары бағалайды. Шынайы, жүректен шыққан ислам дінін ұстануды қазақ рухын жаңғыртудың жолы деп есептейді» деген жүрекжарды сөзін жазып, Абай шығармашылығына
5 жұлдыз баға қойыпты.

Safae: «Бұл кітап – барлық уақыт пен мекенге лайықты даналық пен ғибратқа толы».

milday reem reem: «Осы туындыны маған бір танысым сыйға тартқан еді. Бұрын Абай Құнанбайұлы деген ақын бар екенін де білмегенмін. Кітап өте көркем әрі қарапайым, терең мағынаға толы нақылдар мен ғибратты сөздерден тұрады. Бұл – қайта-қайта ашып, үзінділерін оқып отыруға болатын кітап. Шын мәнінде, шабыт береді! Әсіресе маған оның «Оныншы қара сөзі» мен «Он бесінші қара сөзі» терең шабыт сыйлады, ойға қалдырды.

M.I:

«Абай өз ойлары мен толғаныстарын сия мен қаламды дос етіп, қазақ халқы­ның өміріндегі сауатсыздық, кедейлік пен тұрмыс салты туралы, олардың кем­шіліктері жайында нақыл сөздер мен кеңес­тер түрінде қағазға түсірген.

Әлемнің данышпандары жалқау, немқұрайды адам – жасқаншақ, жігерсіз, надан келетінін ертеде байқаған. Ондай адам ар мен абыройдың мағынасын түсін­бейді, дарын мен зеректікке жол тап­пайды. Адам бұл өмірге жылап келіп, жылап кетеді. Осы екі оқиғаның арасындағы уақыт ішінде ол нағыз бақыттың мағынасын сезіне алмай, өмірдің құнын ұғына да алмай кетеді. Өзін тек өмірдің соңы таяғанда ғана есіне алады». Абайдың негізгі айтпағы да – осы.

Julian:

«Қазақ халқы туралы мен көп нәрсе білмеймін, бірақ осы кітап жазылған уақыттағы жағдайына қарап, олар туралы белгілі бір көзқарас қалыптастырдым. «Қара сөздер» атты кітабында ұлы ойшыл Абай өз халқының мінез-құлқын сынайды, бұл – оларды жек көргендіктен емес, қайта оларды шын жүрегімен жақсы көріп, жақсы болсын деген ниеттен туған сын. Менің ойымша, осындай өзін-өзі сынға алу, кемшіліктерін ашық мойындау – мәселені шешудің ең тиімді жолы».

Халид Алшойкан:

«Мен бұл кітапты Қазақстанға барған­нан кейін оқыдым. Сол сапарым­да көрген-білгенімді кітапта жазыл­ғандармен салыс­тырып, ой еле­гінен өткіздім. Кейбір айырмашылық­тарды байқадым, бәлкім, бұл – уақыттың, заманның әсері шығар. Себебі әр дәуірде қоғамның әдет-ғұрпы мен адамгершілік құндылықтары өзгере береді. Бұл – Қазақстан қоғамының болмысын оқырманға тереңірек таныстыратын әдемі кітап».

Akmed Rfagi:

«Бұл – ерекше назар аударуға, терең оймен оқуға тұрарлық кітап!

150 бетке созылған еңбекте адамның өмірінде не істеуі керектігі туралы баяндалады. Кітап адамды өз-өзіне үңілуге, ойлануға, жан-дүниесін жақсартуға, бұрынғысынан да жақсы, кемел болуға үндейді.

Авторы өз сөздерін, ойларын, ең алдымен, қазақ халқына арнайды. Әсіресе кітаптың алғашқы бөлігінде ол қазақтарға өзінің танымдық қолын созып, оларды қараңғылықтан шығуға шақырады. Ол білім алуға, еңбек етуге, дарақылық пен бейқамдықтан бас тартуға, ақыл, ар-ождан, мінез-құлықты биік ұстауға үндейді.

«Қара сөздер» – мен 2015 жылы оқы­ған ең керемет кітаптардың бірі. Оқы­ған сәттен бастап, автордың ой-тұжы­рым­дары маған Мұстафа Садық ар-Рафиғидің немесе Аббас Махмуд әл-Аққадтың көзқарастарын еске салды. Олар да мәселе көтеріп, оны шешудің жол­­да­рын ұсынуда ұқсас стильде жазады.

Кітап тек қазақтарға арналмаған – мен оны оқи отырып, қазіргі біздің, мысалы, мысырлық қоғамымыздың да дәл осындай халде екенін байқадым. Бұл кітап
ХІХ ғасырда жазылғанына қара­мастан, қазіргі шындықпен үндесіп жатыр! Абайдың аталған еңбегін міндетті түрде оқу керек деп санай­мын. Себебі ол өткен ұрпақтың басынан өткерген жағдайынан сабақ алуға, надандық, ашкөздік, жалқаулық сияқты қоғамды күйрететін жағымсыз әдеттерден сақтануға көмектеседі».

* * *

Ал хакімнің ағылшынша шыққан жыр жинағы хақында Стив.Р есімді оқырман мынадай пайым айтыпты: «Бұл кітапта XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ ақынының жүзге жуық өлеңі бар. Көшпелі, мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар арасында өмір сүрген Абайдың өлеңдері көбінесе зар мен қайғыға, күйініш пен түңілуге толы, өмірге деген терең өкінішті еске салады. Жеке болмысында да, әлеуметтік жағдайда да дәл осындай мұңға батқан, рухани күйзеліске түскен ақынды көп біле бермейді екенмін.

Жастық жалынмен жазылған махаббат туралы өлеңдері де бар. Бірақ олар өте аз әрі қысқа. Сондай-ақ, ақынның ұлының қайтыс болуына қатысты өте әсерлі өлеңдері де осы кітапта тұр. Солардың ішіндегі ең тереңі – артында қалған 22 жастағы келіншектің көзімен баяндалған жыр. Туберкулезден екінші ұлы қаза тапқаннан кейін көп ұзамай Абайдың өзі де өмірден өткен.

Алайда оның поэзиясының негізгі нысанасы – айналасындағы қоғам. Ақын өз замандастарының бойынан тек азғын­дық, ашкөздік, ұсақтық, даңғойлық, мен­мендік, жалқаулық, надандық, екіжүзділікті көреді. Бұл өлеңдердегі мораль­дық үгіт-насихатты шіркеуде айты­­латын қатал уағыздарға ұқсатуға болады. Абай – терең иман келтірген мұсы­лман, Алланың әмірін мойындайды, бірақ бұл оның айналасындағы адамдар­­дың пайдасыз да арсыз тірлік­терін ақтап алуға жет­кіліксіз.

Жинақ соңында берілген екі ұзақ өлеңнің бірінде Аристотель Ескендірге (Александр Македонскийге) жеңістерінің тым мағынасыз екенін түсіндіреді. Ал екін­шісінде Масғұд есімді кейіпкер есі­нен адасқан тобырдың қысымына қалай бой алдырғанын көреді. Мұның өзі – сал­қын­қанды, парасатты адамның өзін сү­рін­діріп, азғырып кететінін сипаттаған шығар­ма.

Абайдың жеке қайғысы мен қоғамнан жиіркенуі өлеңдерінің барлығында дерлік кездеседі, сондықтан оларды оқу кейде адамды рухани күйзеліске түсіреді. Кей кездері ақын табиғаттың сұлулығын тамашалап, жандүниесін сергітеді, бірақ көп ұзамай сол әсемдікті бағалай білмейтін адамдарды сынауға немесе табиғи сұлулықтың да ақыры — мәнсіз өлім екенін айтып күрсінуге көшеді».

Қалай десек те, қоғамды түзеуді әр адам өзінен бастауды тым ертеде айт­қан Абайдың әр ғақылы, толғанысы мен қиялы там-тұмдап болса да, әлем оқыр­мандарына жетіпті. Оған жоғарыдағы пікірлер дәлел. Ендігі біздің мақсат пен міндет – хакімнің бүкіл шығармашылығын әлем оқырманына қаз-қалпында жеткі­зіп, оның біртуар ойшыл тұлға екенін сезіндіру.