Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:30

Жүз жылқы хақындағы аңыз

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірде Оралдың өлкетану мұражайынан көздің жауын алатын әдемі бір самаурын көрдім. Самаурынды ХІХ ғасырда қазақтың бір байы жүз жылқыға сатып алыпты. Осылай аты белгісіз бай жалқы самаурынды 100 жылқыға айырбастап, артында аңыз қалдырыпты.

Жүз жылқы хақындағы аңыз

Cамаурынға ұзақ қа­радым. Бұл шынында бағасына лайық тауар ма? Неге тоқсан тоғыз жыл­қы емес? Неге жүз? Осы самау­рынды қоржынына бөктеріп жатқан бай көз алдымда көл­бең­деп тұрып алды. Әне, шұр­қырап жүз жылқысын саудагер айдап барады. Ал бұл болса, күмістей жалт-жұлт еткен бұйым­ға қолы жеткеніне қуанды ма екен? Меніңше, өкінген болар. Олай дейтінім, күніне үш уақыт ішетін шайды бағалы самаурынға қайнаттың ба, бағасыз самаурынға қайнаттың ба, бәрібір емес пе? Бай өзінің қандай бақуатты екенін баршаға дәлелдегісі келді. Ал дәлелдепті... Сонда не өзгерді? Аңыз қалды. Ол аңызды арада бір жарым ғасыр өткеннен соң, міне, біз айтып отырмыз.

Жердің шаңын аспанға көтеріп, үйір-үйір жылқы айдап бара жатқан саудагер қандай сезімде болды десеңізші... Ол өзінің айлакерлігіне сүйсінді ме екен? Бәлкім, бір жылқыға алған тауарын жүз жылқыға сатқанына масаттанған шығар. Әйтеуір, ұтылмаған адам саудагер екеніне бәс тігуге дайынмын.

Орал Қазақстанның батысы делік. Енді, 4 мың шақырым кері қайтып, Хан-Тәңірінің етегіндегі өз ауылыма келейін. Біздің елде де қызына арнап жүз жылқыға бір ішік алған Ниязбек деген бай өткен. Ел оның ұрпақтарын «Байдың ауылы» деп атайды.

Бір қызығы, түрлі кітаптарды оқығанда, ХІХ ғасырда мұндай деректердің аз болмағанына көзім жетті. Мәселен, қазақ байы құнын жүз жылқыға бағалап сатып алған сәукеле Ресейдің Кунс­т­камерасында әлі күнге сақталып тұр екен. Басқаны айтпасақ та, осы үш-ақ дерек бір кездері қазақ байларының арасында «байлық жарыстыру» бәсекесі болғанын айғақтайды. Бұл бәсекенің жалпы қоғамға берері болды ма? Одан қазақ ұтты ма? Ұтылды ма? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Әрине, мақтан, атақ, даңқ, аңыз керек-ақ! Бірақ сол заманда самаурын, ішік, сәукеле деген қазақ үшін қат дүние болды деп айта алмаймыз. Бұл жай ғана біздің бабаларымыздың атақ-даңқын арттыру үшін қандай құрбандыққа болсын бара алатынын көрсетеді. Біреу мұны жомарттық-мәрттік дер, енді біреу басқаша бағалар...

Бір қызығы, сіз бен біз байдың байлығына таңдай қағамыз да, оның жүз жылқысын бір самау­рынға, бір ішікке немесе бір сәу­келеге айырбастап алған айлалы саудагерлерді ұмыт қалдырамыз.

Ол айлалы саудагер не істе­ді? Қалай сатты? Байды қалай көндірді? Негізгі тәлім аларлық аңыз осы тараптан өрбісе, біз үшін тың ақиқаттың беті ашы­лар ма еді? Бізге жеткен аңыз­дарға қарасақ саудагерлер ал­дымен алушының намысы­на тиетін сөздер айтқан. «Ей, қазақ! Әрі жүр? Бұл бұйымды сатып алуға сенің байлығың жетпейді» дейді саудагер мұрнын шүйіріп. Бұл сөз күнде мадақ-мақтау ес­тіп жүрген адамға ауыр тиері анық. Бай ызаланып: «Ал ме­нің байлығым жетпейтіндей, сәуке­леңнің құны қанша еді?» дейді қалш-қалш етіп. «Жүз жылқы» дей салады осыны күткен сау­дагер. «Мына алыпсатарға жүз жылқыны айдап әкеліңдер» дейді ашуы тарқай қоймаған бай. Ол менсінбеген саудагерді затын сатып алып мұқалттым деп ойлайды. Ал қазақтың психологиясын зерттеп-біліп алған саудагер жеңілген кейіпте кешірім сұрай қояды. Бірақ бай сол бір кешірімді жүз жылқысын шығындап сатып алғанын білмейтіні өкінішті.

Мұның бәрін тереңнен қозғап, неге айтып отырмыз? Қазіргі мил­лионерлердің де кешегі бақуат­ты байлардан айырмасы шамалы. Атақ үшін ат шаптырады. Көкпар береді. Шетелден зәулім сарайлар тұрғызады, той жасайды. Өздері туралы жыр-ода жазғызады. Онысы кітап болып басылады, телеэфирлерден көрсетіледі. Бірақ жоқ-жітікке көмек­теспейді, Алаш баласының білім алуына инвестиция салмайды.

Әлгі самаурынға қарап тұр­ған кезде жүрегім шым ете түсті. «Мұндай жүз жылқының қан­шасы көрші елдерге асты екен?» деп ойладым. Сол жүз жылқы қа­руға айналып, қайтадан қа­зақ­­тың басына әңгіртаяқ ойнат­пағанына кепілдік бере аласыз ба? Ойлаудың өзі ауыр...