
Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татуласу» жобасы аясында 28 шілде мен 8 тамыз аралығында өтіп жатқан этномедиацияға арналған ақпараттық-ағартушылық марафонның басты басқосуы саналады. Марафон бағдарламасына сай көшпелі тренингтер, дөңгелек үстелдер, подкасттар мен этномедиацияға арналған авторлық арнайы курстың таныстырылымдары өткізіледі.
Форумға Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай, Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, сондай-ақ республикалық, өңірлік этномедиация орталықтарының жетекшілері, еліміздің әр өңірінен келген делегаттар, этномедиаторлар, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қ.Тоқаев: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдерімен бірлесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетсін, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтсін», деп тапсырма берген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы: «Этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиация институтына тоқталғым келеді. Кейінгі уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді», деп атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуінде Бас хатшы Қазақстандағы этносаралық татулық пен қоғамдық ауызбіршілікке жоғары баға берді. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жұмылсақ қана өңіріміздің, еліміздің әлеуетін арттыра аламыз. Ауызбіршілік пен өзара түсіністік бар жерде ғана нәтиже де, даму да болады. Сондықтан ынтымағымызды бекемдеп, оны барынша дамытуымыз керек», деді Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай.
Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов ұлтаралық татулықты сақтау, қазіргі қоғамдағы кездесетін кейбір мәселелер мен олардың алдын алу, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады. Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік этномедиация кеңесінің төрағасы, форум модераторы Ж.Матаев мемлекет дамуындағы этномедиацияның маңызына, жергілікті деңгейде атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Ә.Масалимованың «ҚХА этномедиация институтын дамытудағы мемлекеттік басқару академиясы» тақырыбындағы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Ж.Әлжанованың «Медиацияны дамытудың негізгі тәсілдері» тақырыбындағы, өзге де қатысушылардың маңызды баяндамалары тыңдалып, өңірлердегі этномедиация институтының даму тәжірибесі, этносаралық қатынастарды реттеудегі тиімді әдістер мен практикалық кейстер, этномедиаторлардың кәсіби даярлығы мен оқыту бағдарламаларының рөлі сөз болды. Қатысушылар этносаралық жанжалдардың алдын алу алгоритмдері, қоғаммен сындарлы өзара іс-қимыл жасау жолдары, халықаралық тәжірибелер, елімізде медиацияны дамытуға арналған негізгі тәсілдер туралы пікір алмасты.
Еліміздің әр өңірінде форум өткізуді дәстүрге айналдырған ассамблеялықтардың бұл Маңғыстауда екінші рет басқосуы. Сол тұрғыда бұл бағытта Маңғыстау облысында атқарылған жұмыстар барысы таныстырылды. Тоқталар болсақ, өңірде этномедиация бағытында жүзеге асып жатқан жобаның бірі – «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» жобасы.
– Жоба шеңберінде Маңғыстау облыстық мәслихаты Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатыр. Аталған жоба аясында облыс, аудан, қала депутаттарынан ҚХА-ның депутаттық тобы құрылып, аталған топтың жұмыс жоспарына сәйкес этномедиаторлармен бірлескен қабылдау жүргізіліп келеді. Биыл Ақтау қаласының түркі әлемінің мәдени астанасы болуына орай, Маңғыстау облысының этномедиациясын дамыту, шетелдегі әріптестермен тәжірибе алмасу жұмыстары жоспарланды. Алматы қала-
сында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясы базасында аз уақыт аралығында 6 этномедиатор өз біліктіліктерін шыңдады. Сондай-ақ этномедиаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында 30 этномедиатор жалпы және арнайы курстардан өтіп, «Парасат» медиация және құқық орталығының сертификатын алды, – деді Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік этномедиация кеңесінің төрағасы Ж.Матаев.
«Елдесу және татуласу» жобасы аясында жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізу де дұрыс жолға қойылған. Форум барысында этномедиацияны бейбіт диалогтің тиімді құралы ретінде дамыту, медиаторларды даярлау, құқықтық ағарту, ведомствоаралық ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері қарастырылып, «Жалпы медиация курсы» бойынша сертификатталған оқыту нәтижелері мен «Этносаралық саладағы қақтығыстардың алдын алу және оларды реттеу жөніндегі медиация» (этномедиация) тақырыбындағы арнайы курстың тұсаукесері, өңірлік тәжірибелер мен сарапшылардың баяндамалары қамтылатын панельдік сессия ұйымдастырылды.
Форумда этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы марапаттарына ие болды.
Ассамблеяның жұмысы, этномедиаторлардың деңгейі жиналыстар мен марапаттар көлемінен емес, ел арасындағы алауыздықты ауыздықтауынан, ұлттық ар-намысқа тіл тигізушілерді тәртіпке салуынан, керек десе заңға сай тиісті жазасын беруден көрінеді. Сондықтан аталған ұйымның белсенділігі мен беделі әрдайым сын сатысында тұрады.
Маңғыстау облысы