
Абай өлеңдерін оқу арқылы жас өскіннің білімге құштарлығын арттырып, оқу қабілеттерін, сөйлеу мәнерін жетілдіріп, сөздік қорын байытуды мақсат еткен поэзия сабағы оқушылардың сұрақ-жауабы мен шығармашылық көріністеріне ұласты. Ақынның бозбала шағы тартымды әрі мазмұнды бейнеленіп, көрермендерін тебірентті. Мектеп кітапханасының меңгерушісі Бибігүл Досжанова мен Аяулым Бакалова ұйытқы болған әдеби кешке қатысқан оқушылар хакім өлеңі мен қарасөздерін оқуда алғырлық танытумен қатар, бейнебаяндарын тарту етті.
«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге»,
деген Сұлтанмахмұт Торайғырұлының өлең жолдарымен түйінделді.
«Ұлы ақынның өлеңдерін оқу арқылы өскелең ұрпақтың бойына адамгершіліктің, ізгіліктің, мейірім мен қайырымның дәні егіледі. Бүгінгі ақпараттық технологиялар ағымында өмір сүріп жатқан жастарға Абай шығармаларын насихаттау арқылы ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіріп, таным көкжиегін кеңейтудің маңызы зор. Сондықтан да мұндай мазмұнды іс-шаралар аудан мектептерін түгел қамтып, жас буынның белсене атсалысуына баса назар аударылуда», – дейді Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Арайлым Ақсубайқызы.
Алматы облысы