
Сурет: instagram.com/mfa_kz
«ROX Group» – 1996 жылы негізі қаланған Вьетнамдағы ең ірі жекеменшік көпсалалы холдингтердің бірі. Компания энергетика, девелопмент, қаржы, инфрақұрылым және қонақүй бизнесі салаларына инвестиция салады. Топтың портфелінде 12 елде 100-ден астам инвестициялық нысан бар, ал шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 3 миллиард АҚШ долларынан асады.
Халықаралық ауқымдағы көшбасшы жобаларының қатарында – қуаттылығы 1900 МВт болатын күн электр стансасы және Бішкектегі ауқымды урбанистік кластерді қамтитын мегажоба бар.
Ал елімізде «ROX Group» компаниясы жаңартылатын энергия көздері саласында, оның ішінде ірі энергетикалық нысандар салу жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар компания өнеркәсіптік және туристік инфрақұрылымды дамыту жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастырып, банк және қаржы секторына да қызығушылық танытып отыр.
Кездесу барысында Ә.Қуантыров еліміздің стратегиялық әріптестікке және елде ұзақмерзімді қатысуға бағытталған инвесторларды тартуға мүдделі екенін атап өтті.
– Мақсатымыз – тек инвестициялық ағындарды арттыру емес, сапалы, технологиялық және орнықты жобаларды тарту. Біз «ROX Group» сияқты компаниялар бастамаларын Қазақстанда сенімді түрде жүзеге асыра алатындай жағдай жасауға ұмтыламыз. Бұл жобалар ел экономикасына нақты әсер етуге тиіс, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Өз кезегінде Ле Ан Дык Қазақстанның географиялық орналасуы, саяси тұрақтылығы және инвестициялық тартымдылығының ерекше үйлесіміне ие екенін айтты. Оның сөзінше «ROX Group» еліміздегі іскерлік ахуалды және Үкіметтің инвесторларды қолдауға бағытталған іс-шараларын жоғары бағалайды. Сондай-ақ ол елімізде энергетика, логистика және қаржылық қызметтер сияқты салаларда үлкен әлеуетке ие екенін және компанияның өңірлік стратегиясында негізгі буынға айнала алатынын жеткізді.
Тараптар сындарлы диалогті жалғастыруға және ынтымақтастықтың нақты бағыттарын бірлесіп пысықтауға дайын екендерін білдірді. Еліміз тарапынан инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеуге, жобаларды сүйемелдеуге, салалық мемлекеттік органдармен және даму институттарымен өзара іс-қимыл жасауға жан-жақты қолдау көрсетілетіні расталды.