
Бұл туралы өңірлік жедел жәрдем стансасынан хабарланды.
- 5 тамыз күні сағат 10.23-те жедел жәрдем пультіне Баянауыл – Павлодар тас жолындағы көлікте 32 жастағы жүкті әйелдің келе жатқаны, оны толғақ қысқаны туралы хабар келіп түсті. Көмекке дереу медициналық бригада жіберілді. Шақыру түскеннен кейін 10 минут ішінде пациент әйел реанимобильге орналастырылды. Медициналық қызметкерлер оны ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдап, стационарға алдын ала хабар берген. Алайда жолда әйелде жылдам босану процесі басталып кеткен. Сағат 10.55-те салмағы шамамен 2,9 келі, бойы 48 сантиметр қыз бала дүниеге келді,-деп мәлімдеді жедел жәрдем стансасынан.
Жедел жәрдемнің фельдшерлік бригадасы жылу тізбегін сақтап, ана мен сәбиді Ақсу қалалық ауруханасының дәрігерлеріне тапсырған. Қазіргі уақытта олардың өміріне және денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.