
Фото: okg.kz
Одан бөлек, былтыр 22 облыстық перинаталдық орталық құрамында «Ұрықты қорғау орталықтары» құрылып, оның құрамында жүкті əйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бір күндік клиника» ұйымдастырылған. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел 500 мыңға жуық тексеруден өтіп, нəтижесінде ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау 13%-ға артты.
Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында сондай-ақ елімізде алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның көмегімен жатырішілік 71 операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталып қалған. Сонымен қатар биылдан бастап емханаларда педиатриялық бөлімшелер ашылып, 100 даму және ерте араласу орталықтары жасақталған.
Шалғайдағы ауылдық мекендерде тұратын ерекше күтімді қажет ететін әйелдер үшін «Саламатты Ана» пансионаттары ашылып жатыр. Олар тәуекелі жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызуға, сондай-ақ қиын босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған. Бүгінде мұндай пансионаттар Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында жұмыс істеп тұр. Басқа өңірлердің әкімдеріне жыл соңына дейін облыс орталықтарында осындай пансионат ашу ұсынылып отыр.