Саясат • Бүгін, 09:05

Стратегиялық диалог жалғасады

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қырғыз тарапының шақыруымен Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бішкекке ресми сапармен барды. Сапар аясында М.Нұртілеу Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың қабылдауында болды.

Стратегиялық диалог жалғасады

Қырғызстан басшысы екіжақты форматтағы одақтастық байланыс­тар мен стратегиялық серіктестіктің тереңдеп келе жатқанын қанағат­танушылықпен атап өтіп, көпжақты алаң­дардағы қазақ-қырғыз ынтымақ­тастығының дәстүрлі жоғары деңгейін ерекше атап өтті. Кездесу барысында еліміздің Сыртқы істер министрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді.

Сөз арасында министр еліміздің бауырлас Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге бағытталғанын растай отырып, екіжақты көпқырлы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы хабардар етті. Бұған қоса Қазақстан Прези­дентінің Қырғызстанға жоспар­ланған ресми сапарына дайындық жұмыстарының негізгі аспектілерін талқылады.

Кездесу соңында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастарды оң бағалап, мазмұндық тұрғыда одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Мұрат Нұртілеу ресми сапары аясында Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен де кездесті. Тараптар екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол әңгімелесу барысында Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында қазақ-қырғыз қатынастары өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейіне көтерілгенін айтты.

«Қазақстан бауырлас Қырғыз­стан­мен өзара құрмет, сенім және мүдде­лерді ескеру қағидаттарына негіз­делген одақтастық қатынастар­ды терең­детуге берік бейілді. Біз ұзақмерзім­ді серік­тестікті құруда осы мақсаттарды бас­шылыққа аламыз», деді М.Нұртілеу.

Сыртқы саяси ведомстволар басшылары кейінгі жылдары жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдалас­тықтардың іске асырылу барысын жан-жақты талқылады, сондай-ақ пар­ламентаралық, үкіметаралық және өңіраралық байланыстарды нығайтуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапарына және екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысын өткізуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту келешегін де талқылады.

Мемлекет басшыларының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында министрлер экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге, өзара сауда көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін арттыруға жан-жақты жәрдемдесуге уағдаласты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан ара­сындағы тауар айналымы 1,7 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы, Қазақстан Қырғызстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына тұрақты түрде кіреді.

Жиында 2026 жылы қазақ-қырғыз мем­лекеттік шекарасында Индустрия­лық сауда-логистикалық кешен жобасы­ның іске қосылуы, бірлескен инвести­циялық жобаларды пысықтау маңызды екені тілге тиек етілді. Министрлер ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап, энергетика, көлік, логистика, су қатынастары және ауыл шаруашылығы салаларында өзара тиімді іс-қимылды дамытуға дайын екендерін білдірді.

Екі мемлекет арасындағы берік және ұзақмерзімді қатынастар­дың негізіне айналған мәдени-гумани­тарлық байланыстарды тереңдету мәселелері жеке қаралды. Былтыр елімізде Қырғызстан мәдениетінің күндері және ауқымды іс-шаралар сәтті өткен еді. Биыл Мемлекет басшы­сының Қырғызстанға ресми сапары қарсаңында Қазақстан киносы күндерін, үшінші қазақ-қырғыз жастар форумын өткізу, сондай-ақ Бішкекте «Алтын достық көпірі» ескерткішін салтанатты ашу жоспарланған.

Кездесу барысында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді». БҰҰ аясындағы тығыз өзара іс-қимылға, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілетуде өзара қолдау көрсетуге бейілділік расталды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысының «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 2025–2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді жоспарын бекіту туралы» шешімін және Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын дәйектеді.