
Тоғыз мектеп реновациядан өтеді
Өткен оқу жылында Шымкентте 272 мың бала білім алды. Оның ішінде 12 мыңға жуық оқушы мектеп тәмамдады. 640 түлек мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Биыл бірінші сыныпқа мектептер 27 мыңдай бала қабылдайды. Бұл жұмыс тамыздың соңына дейін жалғасады.
Шымкенттік оқушылар арасында республикалық, халықаралық жарыстарда, ғылыми зерттеу жұмыстарында топ жарып жүргендер көп. Мәселен, 3 кәсіптік-техникалық колледждің студенттері World Skills байқауында жеңімпаз атанып, енді Данияда қыркүйек айында халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғамақ. Олар – Шымкент аграрлық, №5, №3 индустриалды техникалық колледжінің шәкірттері. Айта кету керек, World Skills жыл сайын өтетін байқау. Ол жұмысшы мамандықтарды дәріптеуді көздейді. Шымкенттік студенттер әр жылда осы байқауға қатысып республика көлемінде жеңімпаз атанып жүр. Жүлдеге ілінген шәкірттерге басқарма тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіледі.
Гүлнара Тұрдыбайқызының баяндауынша, мектептердің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Айталық, өткен жылы 44 кабинет жабдықталса, биыл 42 кабинетті жабдықтау жоспарда бар. Сондай-ақ тоғыз мектеп реновациядан өтеді, яғни қайта жаңғыртылады. Бұл жұмыстар республика көлемінде қолға алынған бастама аясында іске асып жатыр. Реновация дегеніміз – мектепті күрделі жөндеу, ішін қайта жабдықтау. Одан өткен білім ошақтары материалдық-техникалық базасы жағынан «Келешек мектептеріне» ұқсайтын болады. Тоғыз мектептің күрделі жөндеуі осы айдың соңына қарай аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Білім ошақтарының құрылысы бойынша қалада әзірге ешқандай проблема туындап тұрған жоқ.
«Келешек мектептері» көмекке келді
Шымкентте апатты, үш ауысымды мектептер толығымен жойылды. Дегенмен бала саны жоғары білім ошақтары баршылық. Мәселен, кейбір мектептерде үш мыңға жуық бала оқиды.
2022 жылы апатты, 2023 жылы үш ауысымды мектептер мәселесі шаһарда толығымен шешілді. Білім ошақтарының құрылысы демографиялық өсімге сай жүргізіліп жатыр. Қалада 18 «Жайлы мектеп» салу жоспарланса, соның он екісі соғылып, пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында тағы бір «Жайлы мектеп» ашылады. Бұл бала саны тығыз орналасқан білім ошақтарындағы проблеманы шешуге септігін тигізеді. Айта кеткен жөн, бастапқыда қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы биылғы маусым айында атауын өзгертіп, «Келешек мектептеріне» айналды.
Г.Дәрібаева «Келешек мектептеріне» арналып оқыту бағдарламасы түзілетінін, жай мектепке қарағанда, білім беру әдістемесі өзгеше болатынын жеткізді. Әзірге екі білім ошағының оқыту бағдарламасында ешқандай өзгеріс жоқ. «Келешек мектептеріне» қойылатын басты талап – ұстаздардың жоғары біліктілігі мен оқушылардың сабақ үлгерімінің жақсы болуы. Өткен жылы ашылған екі «Келешек мектебіне» оқушылар мен ұстаздар жақын орналасқан білім ошақтарынан ауысу тәртібі бойынша қабылданды. Алайда Г.Дәрібаева тәжірибеде бұл әдіс дұрыс болмағанын атап өтті. Осыған байланысты 2025 жылы пайдалануға берілген жаңа «Келешек мектептеріне» оқушылар ата-аналардың өтінішімен қабылданса, ұстаздар конкурс негізінде жұмысқа орналасты. Бұл білікті мұғалімдердің конкурс арқылы іріктеліп алынуына, кез келген ата-ананың баласын «Келешек мектебінде» оқытуына мүмкіндік берді.
Қала әкімдігі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға кейінгі жылдарда өте қатты көңіл бөлді. Соның нәтижесінде Шымкенттің білім ошақтары басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді дейді маман. Көптеген кабинет жабдықталды. Роботтехникаға арналған қосымша кабинеттер пайда болды. Шымкентте алғаш рет №137 мектептің кіреберіс залының қабырғасы заманауи үлгіде әрленді. Соған орай барлық білім ошағының қабырғалары осы үлгі бойынша сәнделді. Оған мысал ретінде қазақтың ақын-жазушылары мен оқымыстыларының қабырғадағы портреттерін, олардың нақыл сөздерін келтіруге болады. Сонымен бірге Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес кабинеттер зертханалық құрал-жабдықтармен толық жабдықталды.
Г.Дәрібаева атап өткендей, мектептердің қауіпсіздік мәселесіне басқарма ерекше ден қояды. Өйткені бала қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұруға тиіс. Ата-аналарды алаңдататын да осы жағдай. Сондықтан мектептерде толықтай турникеттер орнатылған. Дабыл батырмалары іске қосулы. Бақылау камералары жұмыс істеп тұр. Ол полиция департаментіндегі жедел басқару қызметіне қосылған. Басқарма тарапынан мемлекеттік мектептердің қауіпсіздік мәселесі толықтай шешілген. Жекеменшік мектептерде ішінара атқарылатын жұмыстар бар. Әкімдік қауіпсіздік мәселесі жөнінде оларға тиісті талаптар қойып, оның орындалуын күтіп отыр. Сондай-ақ Шымкент мектептері І санатты күзет қызметімен қамтамасыз етілген. Егер бір жағдай орын алса дереу құқық қорғау органдарына хабар түсіп, олар оқиға орнына едел-жедел жетіп келеді.
Жасанды интеллект басқаратын жаңа жоба
Биыл қаланың білім саласында бірінші рет «Айқын» жобасы іске асырылғалы отыр. Оған жергілікті бюджеттен 5,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа мектептердегі компьютерлік кабельдер жаңартылады. Ол интернет жылдамдығын жақсартуға көмектеседі. Қазір кейбір мектептерде интернет жылдамдығы төмендеу. Оған бірінші кезекте кабельдердің тозығы кінәлі. Мектептерде 4 205 камера істеп тұр. Жоба аясында басқарма тағы 9 021 бақылау камерасын сатып алады. Білім ошағындағы әрбір кабинет камерамен жабдықталады. Спорт залымен қосқанда қала мектептерінде 8 230 кабинет бар. Соның 829-ы камера қызметіне қосылған. Енді тендерде жеңімпаз атанған компания қалған кабинеттердің бәріне камера орнататын болады. Мердігер қолданыстағы төрт мыңнан астам камераның ішіндегі істен шыққандарын да ауыстырып береді. Бақылау құрылғыларын жасанды интеллект басқарады. Егер кабинетте заң бұзушылық орын алса, камераға түскен деректер дереу полиция департаментіндегі жедел басқару қызметіне жөнелтіледі. Г.Дәрібаеваның мәлімдеуінше, камера арқылы басқармадағы әдістемелік орталық мамандары кез келген мектептің кабинетіндегі сабақты онлайн бақылай алады.
«Сонымен бірге Kundelik kz. жүйесі арқылы директорға, оның орынбасарына, мұғалімге ескертулер келіп түседі. Мәселен, ағылшын тілінің мұғалімі 45 минуттық сабақта 5 минут телефон қараса, 20 минут біреулермен сөйлессе, балаларға сабақ түсіндірмей, үй тапсырмасын бере салса, Kundelik kz. платформасын ашқанда ескерту келіп тұрады. Ол жерде мұғалімнің іс-әрекетін айыптаған хабарлама жарияланады. Оның бәрін жасанды интеллект камералар арқылы бақылап, Kundelik kz.-ке жіберіп отырады. Бұл хабарлама директор мен оның орынбасарына да барады. Директор мұғалімді шақырып алып, өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін ескерту жасай алады немесе басқа да жауапкершілікке тартуы мүмкін. Жаңа жоба Шымкентте бірінші мәрте қолға алынғалы жатыр. Бірақ басқа өңірлерде бұл тәжірибе біраздан бері бар сияқты. Біз өткен жылы оны сынақтан өткізіп көрдік. Қаланың екі мектебінің дәлізіне жасанды интеллектімен басқарылатын камералар орнаттық. Сол арқылы басқарма мамандары әрбір тәртіпсіздікті бақылап отырды. Тіпті жасанды интеллект көмегімен балалардың көңіл күйін анықтадық. Мына баланың көңіл күйі жоқ, мұңайып тұр деп ЖИ нұсқаған оқушымен мектептің психологтері арнайы жұмыс жүргізді. Сөйтіп, оқушылардың психологиялық ахуалына жауапты мамандардың қызметтік міндетін күшейттік. Жасанды интеллект арқылы бақылауды бастапқы тәжірибеден өткізіп көрдік. Нәтижесі жаман емес. Енді қала көлемінде қалай болатынын байқаймыз. Жаңа жоба мегаполистің білім саласына төңкеріс әкелмесе де біраз өзгерістерге жол бастайтыны анық. Бақылау арқылы мұғалімдер қызметінің сапасы жақсарып, оқушылардың білім деңгейі арта түседі деген сенімдеміз. Төбесінде камера тұрғанын білетін ұстаз 45 минут сабағын талапқа сай өткізіп, сынып ішінде оқушылардың да бұзықшылығы азаяды», деді Гүлнара Тұрдыбайқызы.
Осы жобаның көмегімен тек білім сапасын арттырып қоймай, оқушылар арасында кездесетін буллинг, яғни әлімжеттікті де жоюға болады.
Әрбір оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Ол «Әлеуметтік әмиян» деп аталады. Сол әмиян қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін басқарма ақпараттық-бағдарламалық кешенді енгізу үстінде. Бұл жүйе бойынша мемлекет баланың ыстық тамақ жегеніне қарай ақша төлейді. Мектеп асханасын жалға алған кәсіпкер тек келген бала санына қарай азық-түлікпен қамданып, ас әзірлейді. Мәселен, мемлекет жүз балаға ақша бөлсе солардың барлығы түгел тамақтана ма, оған қарамайтын. Келмей қалған оқушының орнын басқа бала пайдаланып кететін. Енді жаңа жүйемен қаржы тек тамақтанып жүрген бала үшін ғана нақты қаралады. Осылайша, АБК-ның қаржы үнемдеуге көп пайдасы тигелі тұр. Ақпараттық-бағдарламалық кешен жасанды интеллект көмегімен іске асырылады. АБК-мен кітапханаға келетін бала санын анықтап, оқушылардың кітапхана қызметін пайдаланудағы статистикасын дәл есептеп шығаруға болады.
Ас мәзірін диетологтер әзірлейді
Көп жағдайда мектептегі ас мәзіріне қатысты көңіл толмастық орын алып жатады. Биыл бұл мәселеге байланысты білім саласын үлкен жаңалықтар күтіп тұр. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханасының тамақ мәзірін әзірлеу қызметі Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына жүктеледі. Балаларға қандай тағам түрі пайдалы, оның мөлшері қандай болу керектігін бұдан былай денсаулық сақтау ұйымының диетолог мамандары өзге әріптестерімен бірлесіп шешетін болады. Мектеп асханасының аспаздары диетологтер бекіткен ас мәзірі бойынша тамақ әзірлейді. Г.Дәрібаеваның айтуынша, білім басқармасы асхананы жүргізген кәсіпкерлерге тамақтың қалай әзірленіп жатқанын бақылайтын камералар орнатуды міндеттеп отыр. Бұл бірінші кезекте мектеп асханаларында санитарлық тазалықты сақтау үшін керек. Екіншіден асхана қызметкерлерінің тамақты ереже мен нормаға сай әзірлеуі назарда ұсталады.
«Шымкенттік ұстаздардың кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде. Өйткені олар талапқа сәйкес әр үш жыл сайын «Өрлеу» мекемесінде кәсіби шеберліктерін шыңдап отырады», дейді Г.Дәрібаева.
Қала мектептерінде 216 шебер ұстаз сабақ береді, олардың арасында Еңбек ері атағын алған педагогтер де бар. Республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген мұғалімдер де жетерлік. Мектептің пән оқулығын жазуға атсалысқан авторлар да бар. Қысқасы, мегаполистің ұстаздар қауымы – өз ісінің нағыз шеберлері.
Бала қайда болса, қаржы сонда
Г.Дәрібаева ваучер жүйесінің тиімділігі туралы да айтып берді. Ол баланың артынан еретін қаржы деген мағынаны білдіреді. Шымкентте бұл жүйеге алдымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары өтті. Балабақшалар қазір түгел ваучерлық жүйеде. Жаңа ереже мектепке дейінгі білім саласындағы біршама кемшіліктің бетін ашып берді. Балабақшаларда балдырғандарды өтірік тіркеп қойған жайттар анықталды. Сондай-ақ балабақшаға кеп жүрген көп бала қаланың емес, басқа өңірлердің тұрғыны болып шыққан. Ваучерлық жүйе кішкентайлардың тезірек балабақшаға кезекке тұруына жағдай жасады.
«Бұрын балалар мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданатын. Мәселен, үш мың балаға конкурс жариялайтынбыз. Оған қатысуға 600-ге жуық кәсіпкер құжат тапсыратын. Комиссия қарап, зерделеп, 3 мың баланы мекемелерге бөліп беретін. Солардың ішінен жекеменшік балабақшаның иесіне 100 бала бұйырады. Ай сайын кәсіпкер сол жүз балдырғанға мемлекеттен ақша алады. Бірақ балабақшаға балалардың жүзі толық келе ме, жоқ па – оған ешкімнің басы ауырмайды. Бір бала он бес күн келіп, қалған уақытта келмеуі мүмкін. Соған қарамастан, балабақша иесіне мемлекет бекітілген бала санының ақшасын төлеп отырды. Яғни бұрынғы жүйеде орын саны бөлінетін. Ваучер жүйесінде ақша орынға емес, үш мың баланың өзіне таралады. Ваучерлық балабақшаға қабылданған кезде ақша өзімен бірге ере келіп, мектепке дейінгі білім беру ұйымының бюджетіне түседі. Егер балдырған басқа балабақшаға ауысса, ақшаны да өзімен бірге ала кетеді. Осы жүйенің нәтижесінде балабақшалар арасында шынайы бәсекелестік туындады. Ваучердың ең үлкен пайдасының бірі де осы. Жекеменшік балабақша қожайындары балаларды өздерінде алып қалу үшін қазіргі таңда бар жағдайды жасауға тырысып жатыр. Біріншіден, материалдық-техникалық базасын жақсартады. Екіншіден, тәжірибелі тәрбиешілерді жұмысқа қабылдайды немесе мамандарды біліктілікті арттыру курстарына оқуға жібереді. Бір сөзбен, ата-анаға балабақша қызықты болу үшін көп өзгерістер жасайды. Ең бастысы, анау жүз бала балабақшадан ешқайда кетіп қалмауы керек. Сонымен бірге ваучер жүйесіне қосымша білім беру мекемелері өтіп жатыр. Оған Оқушылар сарайы, түрлі үйірмелер кіреді. Осы уақытқа дейін бағытына қарай олар қалалық денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармаларына қарап келді. Жаңа ереже бойынша барлығы білім басқармасына біріктірілді. Яғни үйірмелерге ваучерлық жүйемен қаржы бөлуді басқарма жүзеге асырады. Енді қосымша білім беру мекемелері де оқушылардан айырылып қалмау үшін өзара бәсекелестікке түседі. Үйірмелерді ваучерлық жүйеге көшіру Үкімет бастамасымен қолға алынған қанатқақты жоба. Оған республикадағы 6 өңірмен бірге біз де қатысып жатырмыз. Нормативтік құжаттардың барлығы дайын, тиісті қаулылар шықты. Осыған сәйкес 344 қосымша білім беру ұйымының қызметін тамыз айының соңына дейін тексеріп шығамыз. Сосын хаттама түзіліп, үйірме басшыларына ваучерлық жүйеге қатыса алатыны немесе ол талапқа сай еместігі туралы хабарлама жіберіледі. Ваучерлық қаржыландырудан қағылған үйірмелер келешекте жабылып қалуы да мүмкін. Біз барлық үйірме басшыларына ғимараттарын стандартқа сәйкестендіру туралы ескертпе бергенбіз. Ғимараттың төбесінің биіктігі 280 сантиметр болуы керек. Спорт залда міндетті түрде жуынатын бөлме, ұлдар мен қыздарға бөлек әжетхана қарастырылу қажет деген сынды талаптар қойдық. Мониторинг нәтижесінде ескертпеге құлақ аспағандарға тағы да екі ай мерзім беруіміз мүмкін. Ол кезде де жағдай түзелмесе, ондай үйірмелерді ваучерлық жүйемен қаржы алатындар тізбесінен алып тастаймыз. Мектепке дейінгі қосымша білім беру мекемелерінде жүріп жатқан қанатқақты жоба түбінде бекітіліп, балабақшалар секілді ваучерлық жүйеге түбегейлі көшеді деп сенемін», деді Г.Дәрібаева.
Бүгінде қала мектептерінде қосымша пән ретінде шахмат үйрету сабақтары жүріп жатыр. Жалпы, шахмат ойынын пән ретінде оқытатын білім ошақтарының саны артып келеді. Сонымен бірге белгілі бір пәнді оқушыларға жаңаша тәсілмен үйретуді қалаған ұстаздар да көп. Олар өздерінің әдіс-тәсілін басқармаға қарасты әдістемелік орталыққа ұсынады. Арнайы комиссия оны қарап, мұғалімге авторлық бағдарлама ретінде бекітіп береді. Авторлық әдістемесімен балаларға сабақ түсіндіріп жүрген білікті педагогтер де бар.
Кадр мәселесін платформа реттейді
Жаңа оқу жылында қаланың білім саласын тың жаңалық күтіп тұр. Биыл мектептерге «Темір» деп аталатын жаңа платформа енгізілмек. Осы тұжырымдама бойынша мектептегі мұғалімдердің қызметі автоматты жүйе арқылы бақыланып, реттеліп отырады. Мәселен, ұстаздың денсаулығына байланысты демалысқа шығуы, ақысыз демалыс алуы, тағы сол секілді жағдайлар түгел электрондық платформада табель ретінде көрініп тұрады. Есеп-қисап бөлімі де айлық-жалақыны мұғалімге осы тұжырымдама арқылы еңбек еткен күндерін есептеп төлейді. Жаңа платформа мектептегі есеп-қисапты кадр бөлімінің өзара үйлесімімен жүзеге асады. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен «Айқын» жобасы да қосылып, бірыңғай ақпараттық кешен құрады. Ұстаздардың еңбек тәртібін түгендеп отыратын бұл платформа әзірге тек Шымкентте ғана қолға алынған бірегей жоба. Сондай-ақ Г.Дәрібаева биылғы Жұмысшы мамандықтары жылына орай колледжге түсетін талапкерлерге бөлінетін грант көлемі ұлғайғанын жеткізді.